• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Шілде, 2021

Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?

990 рет
көрсетілді

Қаржы пирамидасының негізгі белгілері қандай? Оған тап болған адам не істеуі керек? Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі  жазды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Қаржы пирамидасының негізгі белгілері:

- Ұйымға кіру үшін, белгілі бір қызметтерді алу үшін алдын ала қомақты қаражат құю керек. Ол үшін қолма-қол ақша, әртүрлі интернет-төлемдер мен аударым жүйесін пайдаланады. Компанияның банктегі арнайы есеп айырысу шотын қолданбайды.

- Салынған қаражатты аз уақыт ішінде бірнеше еселеп қайтаруды уәде ету;

- Төлемді алу үшін басқа адамдарды да осы ұйымға ақша құюға үгіттеп, көндіру қажет;

- Жоба «ноу-хау» ретінде ұсынылады;

- Компания қаражат жинау мақсатында тіркелген. Жарғылық капиталы ең төмен және жалғыз құрылтайшысы бар. Тіркеуді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Салық төлеушілерді іздеу» сервисі арқылы тексеруге болады;

- Әлеуметтік желілерде белсенді және түрлі-түсті жарнама, түрлі презентация, ұтыс ойындары, сыйлықтар, жолдамалар ойнатады, парақшаларға жазылуға үгіттейді немесе e-mail арқылы жарнама таратады;

- Егер бір нәрсе дұрыс болмай қалса, жауапкершілік ешкімге жүктелмейді. Шартта бұл нұсқа қарастырылмаған;

- Компания өзін «микроқаржы ұйымы», «несие бюросы», «қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызметтер орталығы» ретінде таныстырады. Жарнамасы «Сіз банктен бас тарттыңыз ба? Біз көмектесеміз!», «Берешектен құтылуға көмектесеміз!», «Ақшаңызды көбейтіңіз», «Тәуекелсіз пассивті кіріс» және т.б. ұрандармен бірге жүреді;

- Ұйымда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы жоқ.

Мысалы, «Finiko» компаниясы ақшаны жоғары пайызбен қайтарып алуды ұсынады, ол үшін бастапқы соманы салу қажет, пайдаланушыға CFR криптовалюталарын және өзге инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады, ҚНРДА-нің лицензиясы жоқ, өздерін «пайда табудың автоматтандырылған жүйесі» ретінде жарнамалайды, ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды немесе Qiwi-әмияндар, Яндекс-ақша, Easy Pay, PayPal және басқалары сияқты интернет-төлемдер мен аударымдарды қолданады. Осылайша, 10 белгінің жетеуі қаржы пирамидасының белгісіне сәйкес келеді.

Аталған белілерге сай ұйымдарға тап келген адамдар Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе аумақтық қаржылық мониторинг органына жүгіне алады. ҚМА сенім телефоны: +7 (7172) 708-478.