• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Шілде, 2021

Балалар ақынын ардақтайық

842 рет
көрсетілді

Қазақ қаламгерлерінің арасында бүгінгі күнге дейін «балалар жазушысы болудан оңай ештеңе жоқ» деген солақай көзқарас етек алып келеді. Атақ-абырой іздеп немесе «тарихта қалуды» армандап кітап шығарғысы келгендер мен зейнетке шыққан қариялардың ермегіне айналған балаларға арналған әдебиеттің көсегесі бір көгермей қойғаны да жалған емес. Олар ұлы Абайдың: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», дегеніне де құлақ асқан жоқ. Орыстың данышпан сыншысы В.Г.Белинскийдің: «...должно родиться, а не сделаться детским писателем. Тут требуется не только талант, но и своего рода гений. Да, много, много нужно условий для образования детского писателя...», дейтін қағидаға лайық ғажайып пікіріне де пысқырып қараған емес. Бірақ уақыттан әділ төреші бар ма?! Ол бәрін де өз елегінен өткізіп, «Су ағады, тас қалады» дейтін қатал кесімін айтар әлі.

Еліміздің Мәдениет және спорт ми­нистрлігі осы жылды «Балалар әде­биеті жылы» деп жариялағаны ­бар­шаға мәлім. Осы жылдың аясында балалар әдебиетіне қатысты біраз мәселе көтеріліп, әртүрлі деңгей­де конференциялар өткізіліп, тиісті орын­дар біршама істі қолға алуға та­­­лаптанып жатқан сыңайлы. Бұл әрине қуанышты жағдай. Бірақ бір жылдың ішінде балалар әдебиетінің мәселелерін шешіп тастау мүмкін емес екені бесенеден белгілі. Сон­дықтан «Балалар әдебиеті жылын» бір жылдың ғана қауызына сыйды­рып қоймай, оны үлкен жоба ретінде қарастырып, кем дегенде бес жылға созу керек. Сонда ғана балалар әде­биетіне қатысты мәселелерді ретке келтіріп, баспа, баспахана, балалар кітаптарын насихаттау мен тарату, балаларға арналған шығармалар­ға бәйгелер ұйымдастыру, балалар ақын-жазушыларының қалам­ақысын көтеру, балаларға арналып шығатын кітаптарды жыл сайын сараптан өт­кізіп отыру, мемлекеттік ма­рапаттар беру ісін және басқа да жайт­тарды жолға қоюға болар еді деп ойлаймыз.

Сондай-ақ еліміздегі балалар әде­­­биетінің қалыптасуына, дамуы­на үл­кен үлес қосқан, бүгінде арамызда жоқ балалар ақын, жазушыларын ұмыт­пай, олардың есімдерін есте қал­­дыру шараларын да біз атаулы жыл­дарға қарамай-ақ, әрдайым іске асы­рып отырғанымыз абзал. «Балалар әде­биетінің атасы» атан­ған Ыбырай Алтынсарин бабамыз­дан бері қарай санасақ, ондай ар­дақты жандардың бізде аз емес еке­ніне көз жеткіземіз. Біз бүгін со­ның бірі әрі бірегейі, бүкіл өмірі мен шығармашылығын балалар әде­биеті мен балалар баспасөзіне ар­на­ған бір аяулы жан туралы сөз қоз­ғамақшымыз.

Балаларға арнап «Өлеңдер» (1968), «Дүрбі» (1970), «Қасиетті та­­қия» (1972), «Сәлем саған, мек­те­бім» (1975), «Бақыт деген не?» (1980), «Мен мек­­тепке барамын» (1982), «Алғаш­қы бас­палдақ» (1984), «Әйт, шу, тұл­па­рым» (1986) секіл­ді көп­теген кітап жаз­ған бел­гілі ақын Сұлтан Қалиев өзі­нің саналы ғұмы­рын бөбектер мен бүл­дір­шін­дер­дің, жасөспірім жет­кіншек­тер­дің ара­сында өткізіп, олар­дың өмі­рін өлең­мен өрнектеді. Өз шығар­ма­ла­рын­да балалардың бей­қам тірші­лігін бейнеледі, тәлім-тәр­биелік ма­ңызы зор тақпақтар мен сан алуан сана­мақтар, жұмбақтар мен жа­ңылт­паш­тар жазды. Кішкентай оқыр­ман­дарын ұшқыр қиялдың жетегіне ертіп, ерте­гілер еліне саяхат жасатты.

Еңбек жолын 1957 жылы Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педа­гогтік училищеге түсіп, оны 1961 жы­лы тәмамдаған соң, Қазақ мемле­кет­тік университетінің филология фа­куль­тетінде сырттай оқи жүріп, сегіз­жылдық ауыл мектебіне мұғалім болудан бастаған болашақ қаламгер мамандық таңдауда да он ойланып, жүз толғанған сыңайлы. Бұл оның В.Г.Белинский айтқандай, «балалар жазушысы болып туғандығын» да дәлелдей түседі екен.

Ақын ағамыздың шығармашы­лық еңбектері сан қырлы. Ол поэ­зия, проза саласында қалам тербеді. Аудар­машылық өнермен айналысты. Біз бұл шағын мақаламызда оның шығар­машылық келбетін ашуды мақсат етіп отырғанымыз жоқ.

Балалар поэзиясына қойылар үл­кен талаптардың бірі – ұғынықтылық, түсініктілік. Яғни балалар ақыны бүл­діршіндердің ойлау дәрежесіне лайық қарапайым тілді жетік меңгеруге тиіс. Сондықтан балалар ақыны қолына қалам ұстағанда өзін оқушылар алдында тұрған ұстаздай сезініп, ауыр міндетті мойнына алады...

Сұлтекең қазақ балалары, тіпті хайуанаттар паркінен де тірі күйінде көрмеген пингвинді:

«Қатуланса қыс күні,

Қарауылдап суатты,

Фрак киіп үстіне,

Ән сап тұрған сияқты», –

деп, көз алдымызға жанды қалпында әкеле алады. Бұл – ақынның әрі қара­пайым, әрі бейнелі ойлай алатынды­ғының жарқын куәсі іспеттес мысал. Әрине, ақынның мұндай сәтті шығар­маларын жіпке тізгендей тізбектеп шығуға да болар еді.

Сұлтекең өлеңдерінің дені, өлең­мен жазылған ертегілерінің бәрі дер­лік сюжетке құрылған. Әдемі оқиға аяқастынан шиыршық атып, тапқыр шешімін тауып жатады, «Аққала» ат­ты өлеңінде ол мұз айдында аққала со­ғып, ойын қызығына кіріскен ба­ла­­лардың психологиялық көңіл кү­йін шағын сюжет арқылы сәтті бе­реді. Өлеңдегі балалар қолымен тұрғызылған аққала бейнебір тіріліп кеткендей әсер етеді:

«Көне шелек – басында

Сыпырғышы қолында,

Мұз айдынды аршуға

Келгендей-ақ ол мұнда».

Бірақ қабағын түйіп алып, жа­бығып тұрған аққала өзінің тұн­жы­раңқы қалпымен балалардың да көңіл кү­йіне әсер етеді. Мұңайып тұрған ақ­қа­ланың жүзіне жиі көзі түсе берген ли­рикалық кейіпкердің де ойыны мүлдем қызбай-ақ қояды. Жүзін мұң шалған әлдекімнің бір бүйірден қадала қарап тұрғаны шынында да мұншалық ауыр болатындығын кім ойлаған?!

Осы сәтте лирикалық кейіпкердің інісі (мұндай сұрқай көрініс оған да ұна­маған болса керек) аққалаға ақы­рын күлімдеп жақындай түседі. Ақын оның іс-қимылын былай суреттейді:

«Қарады да анықтап:

– Сұлуын, – деп, өзінің! –

Құлағына бағыттап,

Сызып қойды езуін...»

Кенеттен әлгінде ғана тұнжырап тұр­ған аққаланың жүзіне нұр жүгір­гендей болады. Оның шат күліп тұр­ғанын көрген балалар да көңіл күйі түзе­ліп, бөріктерін аспанға атысады. Ойын да қыза түседі...

Балаларға арналған өлеңдердің көп­­шілігі екі-үш шумақтан артыла бер­мейтіндігі белгілі. Алайда біз олар­дың өздеріне арналған жүз шумақ оқи­ғалы өлеңді де бір деммен оқып шыға­тындығына күмән келтірмейміз. Бұның да ақыннан шеберлікті, тілінен бал тамған шешендікті, әңгімешілдікті талап ететіндігі анық. Ақын Сұлтан Қалиевтің қарымды қаламы мұндай сыннан да сүріндірмей алып шыға алатындығына «Сауық» атты ұзақ өле­­ңі дәлел бола алады.

Бір қызығы, ақынның бұл «Сауық» атты өлеңіндегі кейіпкерлері оның ке­лесі «Намыс», «Ризамын түйеге», «Қара ешкінің лағы – қасқа лақтың лаңы», «Алдар мен шайтан», «Жал­ғыз жұмбақ», «Тоғайда» тәрізді өлең­дерінде тағы да бой көрсетіп, басқа да оқиға­лардың ішінде бірге жүреді. Бір өлеңде баяндалған оқи­ғалардың келесі бір өлеңде жал­ға­сын тауып жататыны да ақын­ның өз кейіпкерлерінен қол үзіп кет­пейтіндігін, олардың бірте-бірте өсу үстіндегі іс-әрекеттерін үне­мі қада­ғалап отыратындығын аң­ғартады.

Ақын өлеңдеріндегі әңгімешіл­дік оның кестелі сөзбен өрнектелген «Қоян неге қорқақ?», «Ғажайып тас», «Бақ атай туралы аңыз», «Аң­ғал­дар­дың ажалы», «Бақыт деген не?», сы­­қылды ертегілерінде ерекше көз­­ге түседі. Бұл шығармалардың қай-қай­сысында болса да Сұлтан Қа­­лиев тек қызық қуып, оқиға желі­сі­нің же­тегінде кете бермей, өз ойы­ның кіш­кентай оқырмандарына ұғы­нық­ты да түсінікті болуын жадынан шы­ғар­­майды. Орыстың әйгілі балалар ақыны С.Михалков: «Высказав мне несколько точных, проницательных суждений, он обычно добавлял в кон­це: – И никогда не забывайте, го­луб­чик, что по книгам детских писата­лей ребенок учится не только читать, но и говорить, но и мыслить, чувство­вать...» деп еске алады атақты Са­муил Яковлевич Маршакты.

Осы жайды жадына жақсы тұт­қан Сұлтекең – Сұлтан Қалиұлы өз өлеңдеріндегі әңгімешілдік арқылы жас оқырмандарды ана тілінде ер­кін сөйлеуге, ойлауға, сезінуге тәр­биеледі. Ол С.Маршактың бала­лар­ға арналған «Ақымақ тышқан тура­лы ертегісін», С.Михалковтың «Степа ағай» атты оқиғалы өлеңін, Р.Ғам­затовтың «Менің атам» атты шағын дастанын бекерден-бекер қа­зақ тілінде сөйлеткен жоқ. Оның бұл тәр­жімалары да Сұлтекең шығар­маларының табиғатымен тамырласып жатыр деп түсінеміз.

Сұлтан ағамыз Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, 1967–1973 жылдар ішінде Қазақ радиосы­ның музыка, балалар редакциясының редакторы, 1973 жылдан үзбей 17 жыл бойы «Балдырған» журналының жауапты хатшысы болып істеді. 1991 жылдан бастап 20 жылдан астам ба­лаларға арналған «Ұлан» газетінің Бас редакторы қызметін абыроймен ат­қарып, еңбек демалысына шыққан еді.

Өзінің адал қызметі мен кіршіксіз таза шығармашылығын тікелей ұрпақ тәрбиесімен ұштастырған ақын аға­мыз, өкінішке орай, қазір арамызда жоқ. Өмірден өткеніне бес жылға таяп қалған аяулы ақынымыздың артында қай кезде болса да талай ұрпақтың кә­десіне жарайтын, ұлттың рухани қазы­насына айналар мол мұра қал­ды. Өзі өмірден өткелі бері жарының құ­растыруымен, ұл-қыздарының де­меу­шілігімен бірді-екілі кітаптары ғана жарық көрді. Бұл әрине, ауыз толтырып айтуға тұрарлық жағдай емес. Ақын ағамызға өзі шыққан биі­гіне лайық құрмет көрсетуге тиіс­піз. Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері, Білім беру ісінің, Ақпарат саласының үздігі атақтарын алып, Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталған, көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар ода­­­ғы жанындағы Балалар әдебиеті сек­­­циясына жетекшілік еткен, Мәде­ниет саласының қайраткері Сұлтан Қали­ұлының ардақты есімін есте қал­­дыру шараларын қолға алатын мез­­гіл жеткен сияқты. Жоғарыда айт­қаны­мыздай, биылғы «Балалар әде­биеті жылы» аясында бүкіл көңілі мен бүкіл өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған асыл азаматтың есімі өзі туып-өскен, өзі білім алған Жамбыл облысы, Жам­был ауданындағы «Шайдана» баста­уыш мектебіне берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Еліміздің бас газеті арқылы айтып отырған бұл ұсынысымызды тиіс­­ті орындар бүкіл қазақ ақын-жа­зу­­­шылары мен журналистерінің, Сұл­­­текеңнің әр жерде қызмет істеп жүр­ген жүздеген шәкіртінің, ақын­ның шы­ғармаларын оқып жүр­ген мың­даған ұстаз бен жас оқыр­манның тілегі деп қабылдап, осы бір игі істі тез­детіп жүзеге асыратыны­на кәміл сен­гіміз келеді.

 

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,

ақын,

«Құрмет» орденінің иегері