Батыс Қазақстан облысында 25 шілде күні 31 ауыл әкімін халық өзі сайлап алмақ. Өңірдегі 12 ауданның 9-ында сайлау өтеді.
Бұл жөнінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов хабарлады.
Сараптамаға қарағанда, 26 ауылда бұрынғы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғандықтан, сайлау өтсе, 5 елді мекеннің басшысы қызметінен ерте кетіп қалған. Енді бұл орындарға барлығы 93 үміткер таласып отыр. Оның ішінде 40 үміткерді саяси партиялар ұсынса, 53 үміткер өзін өзі ұсынған екен.
«Орта есеппен бір орынға үш үміткер бәсекелес болып отыр. Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Қазталов аудандарының жалпы саны 9 округінде бір лауазымға 4 үміткер тіркелді. Ал тағы 9 ауылда әкім сайлауы тек қос үміткердің арасында өтеді», деді Ғайса Қапақов.
Алдағы сайлауда өз мүшесін үміткер етіп бәйгеге қосқан партиялар арасында Nur Otan партиясы көш бастап тұр. Бұл партиядан 25 үміткер бәйгеге түседі. Одан басқа, саяси бәсекеге «Ауыл» мен АDAL партиялары – 5 үміткерден, Халықтық партия – 3 үміткер, «Ақ жол» мен «ЖСДП» 1 кандидаттан ұсынған.
Жоғарыда айтылған 93 үміткердің 6-уы ғана – әйел. 45 үміткер қазірдің өзінде мемлекеттік қызмет атқарып жүрсе, оның 20-сы – өзі сайлауға түскелі отырған округте әкім болған. Бұлардың бәрі де сайлауға партия мандаты бойынша түскелі отыр.
Сайлау додасына түскелі отырған батысқазақстандық үміткерлердің орта жасы – 41. Бөрлі ауданында 26 жастағы үміткер тіркелген, бұл ең жас кандидат. Ал ең егде, яғни 60 жастағы үміткер – Бөкей ордасы ауданында.
Ауыл әкімі лауазымынан үміткерлердің 6-уы – экономист, 10-ы – заңгер екен.
60 үміткер өзі сайлауға түскелі отырған ауылдық округте, 27 үміткер аудан орталығында тұрады.
«9 шілдеге дейін 82 кандидаттың құжатын тексеріп, заңға сәйкестігін анықтадық, бәрі де талапқа сай. Соның ішінде 66 адам үміткер ретінде нақты тіркелді», деді Ғайса Қапақов.
Айта кетейік, сайлаушылардың саны жөнінен 6671 дауыс беруші тіркелген Теректі ауданының Подстепное ауылы ең алда. Ал Бөрлі ауданының Қарақұдық ауылдық округінде небәрі 180 сайлаушы бар екен. Аудан орталығынан ең шалғай жатқан елді мекендер қатарында Ақжайық ауданының Сарытоғай ауылы мен Бөкей ордасы ауданының Саралжын ауылы бар. Олар аудан орталығынан 200 километр қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ 10 елді мекенде сайлау бөлімшесі жоқ, олардың таңдауын анықтау үшін жылжымалы сайлау жәшігі ұйымдастырылмақ.
Батыс Қазақстан облысы