Мәжіліс депутаттары өңірлерге жасаған жұмыс сапарында елді мекендердің жай-күйімен танысты, деп хабарлады төменгі Палатаның баспасөз қызметі.
Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Айдос Сарым, Сырым Адамбаев, Артур Платонов, Бекқали Торғаев және Қанат Нұров Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Ala Estate шағын өнеркәсіптік паркіне барып, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын қадағалады.
Қалада жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік базалар негізінде өнеркәсіптік парктер құру және жаңа өндірістік үй-жайлар салу Жол картасына енгізілген. 300-ге жуық жобаны жүзеге асыру алматылықтар үшін 25 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа 18,2 млрд теңге бөлінді.
Депутаттар Алматыдағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған іс-шараларды оң бағалады. Биыл Наурызбай, Түрксіб және Алатау аудандарында жоспарланған 5 өнеркәсіптік парктің 4-і жұмысқа кіріскен.
Наурызбай ауданында жиһаз, кондитерлік және галантерея бұйымдарын, кеңсе тауарларын, маскалар мен азық-түлік қаптамаларын шығаратын 9 өндіріс орны ашылып, 120 тұрақты жұмыс орны құрылған. Кәсіпкерлер алаңдарды жалға алу бойынша ұсынылған шарттарға риза екенін жеткізіп, бұл қажетті өнімді шығаруды уақтылы реттеуге мүмкіндік беретінін айтты.
Өз кезегінде депутат Бекқали Торғаев жалақының тұрақты түрде төленуі, жұмыс істеу үшін жасалған жағдай және аталған өнеркәсіпке 2 %-дық несие берілуі шағын және орта бизнеске бағытталған мемлекеттік қолдаудың күшейгенін көрсететінін айтты.
– Бүгінде Алматы – еліміздің іскерлік астанасы, Қазақстанның экономикалық дамуының ірі локомотиві, Орталық Азия өңірінің негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі. Әлемнің үздік мегаполистерінің қатарына кіруге деген ұмтылыс жылына кемінде 5% экономикалық өсуді қамтамасыз етуді талап етеді. Бұған еңбек өнімділігін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болады, – деп атап өтті Айдос Сарым.
Мәжілісмендер шағын және орта бизнесті дамыту – Nur Otan партиясының және Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Еліміздің әрбір үшінші кәсіпорыны Алматыда жұмыс істейді, жұмыспен қамтылған 10 азаматтың 6-ы шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етуде.
Ақмола облысына сапары барысында депутат Ерлік Өмірғали Қараөзек кентінің тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары бұл елді мекеннің іргесінде ел астанасы болғандықтан, болашағы зор екенін айтады. Білім алып, оқуларын бітірген жастар да туған жерге оралып, кәсіп ашып, еңбек етуде. Ауылда көптеген инфрақұрылым сақталған. Орта мектеп, мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Дегенмен, ауылда шешілмеген өзекті мәселелер де бар.
– Біз тұрғындардан білгеніміздей, мұнда ауылға қатынайтын жол жоқ, ауыз су тапшылығы бар. Медициналық және полиция пункттерінің жұмысын жақсарту жайы да күн тәртібінде тұр. Ғаламтор желісін орнату да керек. Осы мәселелерге қанығып, аудан әкімімен бірлесіп шешуге тырыстық. Жол, су және ғаламтор мәселелері әкімдіктің қаржыландыру арнасы арқылы шешілетін болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық пунктті жақын елді мекенге орналастыруды өз бақылауына алды. Ал полиция пункті осы ауылдың өзіне көшіріледі. Себебі бұл ауыл округтегі елді мекендердің дәл ортасында орналасқан. Мектеп ғимаратының шатырын жөндеу де шешімін табатын болды, – деді Ерлік Өмірғали.
Депутат Берік Дүйсембинов Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының шалғай орналасқан Бөген, Жаңақұрылыс, Шәкен, Асқар, Көктөбе ауылдары мен Жаңақорған кентіне, Кейден ауыл округіне барып, ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен, малшылармен жүздесіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселелерге назар аударды.
Кездесуде ауыл тұрғындары биылғы қуаңшылық, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру, төрт түлік малға қажетті жемшөп, жол мәселесі қиындық тудырып отырғанын айтты.
Сапар барысында Берік Дүйсембинов Тайпақкөл, Қандыарал көлдер жүйесі мен Басқарма, Көкарал су торабының қазіргі жағдайымен танысты.
Мәжілісмен Ильяс Буларов Жамбыл облысының Меркі ауданындағы «Береке Даст» шаруа қожалығының алма бағына және «Нұржан» шаруа қожалығына барды. Көлемі 20 гектарға жететін алма бағы халық арасында аса сұранысқа ие алма сорттарын өсіруде.
Сонымен қатар депутат балық өсірумен айналысатын қожалыққа және көкөніс сақтау қоймасына барып, шаруалардың жай-күйімен танысып, айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға алатынын жеткізді.
Мәжіліс депутаттары Қайнар Абасов және Сырым Ертаев Түркістан облысының Кентау қаласына барды. Онда трансформатор зауытының ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-тың басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев депутаттарға «Жаңа станоктар мен машиналар алуға мемлекеттен жеңілдетілген несие қарастырылса, моноқалаларды дамыту бағдарламасы арқылы 1 пайыздық несие берілсе» деген ұсынысын жеткізді.
Сонымен қатар өндіріс орнының жұмысшылары зауыттарда ауыр жұмыс істейтін әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы тілектерін айтты.
Өз кезегінде депутат Қ.Абасов аталған ұсыныстарды назарға алатынын жеткізіп, зейнет жасын төмендету мәселесі терең сараптауды қажет ететінін, сайлаушылардың талаптары бойынша ізденіп, жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
– Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау арқылы алдағы 5 жылда еліміздегі белсенді экспорттаушы компаниялар санын 400-ден 1000-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге шикізаттық емес экспортты 2,5 есе арттыру жоспары бар. Ауылдарды аралау барысында кәсіпкерлер тарапынан осы бағытта ұсыныстар мен өтініштер жиі айтылды. Әсіресе пандемия салдарынан жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау аса қажет. Біз кәсіпорындарды несиелендіру барысын жандандыру үшін тиісті ұсыныстар жолдаймыз, – деді Сырым Ертаев.
Мәжіліс депутаттары облыста қоғамдық қабылдаулар өткізіп, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысын саралады.