Қызылорда облысының Арал ауданын қуаңшылық жайлап, бірқатар ауылда мал өлімі тіркелгені мәлім. Осыған орай аудандық комиссияның кезектен тыс отырысының ұсынысымен 13 шілдеде ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Төтенше жағдайға орай 1 млрд 936 млн теңге бөлінетіні хабарланып отыр. Оның бір бөлігі облыстық бюджеттің резервінен берілсе, қалғаны республикалық бюджеттен қаралады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов мәлімдеді.
Аудан басшысы өңірдегі жағдай жан-жақты зерделенгенін атап өтті. Қуаңшылыққа байланысты аудандағы ауылдық округтер 3 аймаққа бөлініп, тізбесі әзірленген. Бүгінде ауданға 205 822 бас малға қажетті 184 640 тонна жем-шөптің 2190 тоннасы жеткізіліпті. Аудан аумағынан 35 мың тоннадан аса шөп жинау көзделсе, өзге өңірлерден 146 мың тонна мал азығын алдыру қарастырылып отыр.
Аудан жастарынан 14 жасақ құрылып, олар шөп ору науқанына өз үлестерін қосуда. Олар қазір Қазалы ауданының Қарашеңгел, Көларық округінде, Қармақшының Жаңажол ауылында және Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов, Шіркейлі ауылдарының шабындықтарында еңбек етіп жатыр. Сонымен қатар 11 шілде күні көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы жергілікті шаруашылық өкілдерімен кездесуде шөп бағасын қолжетімді етумен қатар, шабындық жерлерді оруға келісім жасалды.
– Алдағы уақытта Сырдария өзенінің бойындағы жайылымдық, шабындық, егістік алқаптарын суландырып, Ақшатау, Қамыстыбас көлдерін толықтыру үшін 8 канал тазаланбақ. 49 ұңғыманың 15-ін іске қосу жоспарланып отыр. Шөп тасымалына кететін жанар-жағармай шығындары да есепке алынды. Ауданда күннің күрт ысып, шөптің шықпауынан құмды дауыл күшейіп, кейбір жолдар жабылып қалған. Әлеуметтік нысандардың құм астында қалу фактілері кездесіп жатыр. Бұларды ретке келтіру де іс-шара жоспарына енгізілді, – дейді Серік Сағитжанұлы.
Ауданда қуаңшылық кесірінен 559 мал өлгені анықталған. Қауіпсіздік шараларын күшейту үшін суаттар мен көл жағалауларына еріктілер көмегімен кезекшілік ұйымдастырылып, САLL-орталығы іске қосылды. Сондай-ақ малды бадамен бағу жолға қойылып, ветеринарлық топтар ауру малдарға тегін емдеу жүргізді. Осындай шаралар мал өлімін тоқтатуға септігін тигізіп отыр.
Қызылорда облысы