Барлық саладағы белсенді баға өсімі құрылыс секторын да айналып өткен жоқ. Баға күш алып, қарапайым халықтың қалтасына қол салып, біраз үй мен ғимараттың құрылысы қаңтарылғанда барып тиісті ведомство тарапынан тіршілік белгісі байқалды. Ай-күнін санап отыруға зауқымыз жоқ, құрылыс материалдарының ажиотажы басталғалы кемі екі ай өтіп кетті.
Жаз басталысымен материалдар неліктен қымбаттай жөнеледі? Бұған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев мынадай уәж айтады.
– Жыл сайын наурыз айында бюджет қаражаты бөлінгеннен кейін, барлық тапсырыс берушілер сәуір-мамыр айларында құрылыс материалдарын сатып алу рәсімін бірден бастайды. Нәтижесінде, жеткізушілер мен делдалдар өз өнімдерін белсенді түрде сата бастайды, ал кейбіреулері импорттайды, бұл сайып келгенде құрылыс материалдарының бағалық параметрлеріне әсер етеді, – дейді вице-министр.
Оның айтуынша, алдағы бес жылда 130 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс. Бес жылда қанша көлемде материал қажет екенін білеміз, соған сай «оффтейк» келісімшарттар арқылы өнімді сатып аламыз дейді министрлік өкілі. Сол үшін «оффтейкті» заңнамаға енгізу керек екен. «Оффтейк» дегеніміз не өзі? Бұл – кәсіпорын әлі өндірмеген өнімді сатып алуға келісімшарт жасау. Яғни өндіруші тауар өндіруді жоспарлап, жекелеген сатып алушылармен келісім жасайды. Мұны ептеп түсінгендей болдық. Мемлекет ұсынып отырған екінші жол – «Маркетплейс» арнайы ақпараттық алаңын құру.
– Мемлекеттің қолдауы арқасында онлайн алаң құрылыс материалдарын белгіленген бағамен сатуға мүмкіндік береді. Бұл материалдардың құнын 15 пайызға дейін төмендетіп, құрылыс материалдары нарығының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бірінші кезеңде 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс компанияларының құрылыс материалдарына қажеттіліктерінің онлайн-витринасы құрылды, онда қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер қажеттіліктермен таныса алады және қажет болған жағдайда тіркеуден өткеннен кейін осы құрылыс компанияларына коммерциялық ұсыныстарын жібере алады. Компаниялардың жеке кабинеттерінде құрылыс материалдарын өндірушілерден коммерциялық ұсыныстар алынғаны туралы хабарлама келеді, онда олар коммерциялық ұсыныстарды қарау, таңдау мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта витрина тестілік режімде іске қосылды. Екінші кезеңде 2021-2022 жылдары материалдарды өндірушілер үшін өз құрылыс материалдарының витриналарын жариялау функциясы әзірленеді. Барлық қатысушы үшін ЭЦҚ-ны қолдана отырып, шарттарды онлайн жасаудың бизнес-процесін енгізу жоспарланған. Маркетплейсте логистикалық компаниялармен бірлесіп тауар жеткізуді бақылау функциясы пайда болады, – деді Қ.Өскенбаев.
Арагідік өз үйімізді өзіміздің материалдан салу керек деп күпсінетініміз бар. Шетел тауарының біздікінен сапалы, біздікінен берік екенін біле тұра. Десе де Үкімет екі жылдан соң ішкі нарықты 100 пайыз өз өнімдерімізбен қамтимыз деп отыр. Вице-министрдің сөзінше, отандық зауыттар жыл сайын 1,9 млн тонна арматура өндіреді. Жыл сайынғы ішкі қажеттілік – 1,2 млн тонна. Алайда сынықтардың жетіспеушілігіне байланысты зауыттар ішкі нарықты тек 60 пайызға жаба алады. 1 ірі кәсіпорын, 11 орта және 276 шағын кәсіпорын кірпіш өндіреді. Бірақ олар ел ішіндегі қажеттіліктің тек 62 пайызын ғана өтейді екен.
«Импортқа тәуелділікті төмендету және құрылыс материалдары бағасының күрт ауытқуын болдырмау мақсатында министрлік 2021-2025 жылдарға арналған құрылыс индустриясын дамыту бойынша бағдарламалар қабылдады. Біз келесі 5 жылға құрылыс материалдарына деген қажеттілікке толық талдау жүргіздік. Бірінші кезекте, импортталатын материалдарды бөліп, олар бойынша 360 млрд теңге сомасына 22 жоба дайындады. Аталған зауыттардың құрылысын 2021-2022 жылдары салуды жоспарлап отырмыз және 2023 жылы импортқа тәуелділікті азайту және ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен 100 пайыз қамтамасыз ету бойынша жоспарланған қуатқа шығу көзделген», дейді ведомство өкілі.
Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, құрылыс материалдары 30-190 пайыз диапазонында қымбаттаған. Сонымен қатар материал ғана емес, жұмыс механизмі мен көрсетілетін қызметтердің де құны өскен. Құрылысшылар жыл сайынғы 10-15 пайыздық қымбаттауға үйреніп те қалды. Бірақ 2021 жылғы қымбатшылық ерекше болды. Дәл мұндай баға өсімі соңғы 10 жылда болмаған дейді.
– Біріншіден, девальвация болып, теңге 31 пайызға құнсызданды. Біз материалдардың 60 пайызын шетелден алып келетіндіктен, теңге мен шетел валютасы арасындағы айырмашылық материал құнына әсерін тигізеді. Екіншіден, рубль де қымбаттады. Соған сай Ресейден әкелінетін материалдар да қымбаттап кетті. Рубльдің құнсыздануынан Ресейде де баға өсті, алайда ресейлік өндірушілер үшін өз өнімін Қазақстанға емес, Қытай мен Еуропаға сатқан қолайлы. Өйткені ол елдерде баға әлдеқайда жоғары. Сондықтан тауарлардың басым бөлігі сол елдерге кетті де, нарықта тапшылық пайда болды, ал тапшылық бағаны өсіріп жіберді. Осылайша, сұраныс пен ұсыныстан құралатын нарық заңы жұмыс істеді: ұсыныс аз, сұраныс бар – баға өсе бастады, – деді Т.Ерғалиев.
Оның сөзінше, Үкімет құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты компанияларға өтемақы беруге даяр. Алайда өтемақы тек жұмыс көлемі 50 пайыздан аспаған жобаларға ғана бөлінеді. Құрылысшылар одағы мұнымен келіспейді. Дәл қазіргідей қысылтаяң кезде Үкімет бөліп жармай, салаға бүтіндей көмектесуі керек деп есептейді. «Біз құрылыс саласына толыққанды көмек берілуін талап етеміз. Олай болмаған жағдайда сала күйреп, жұмыссыздық орнап, тұрғын үй бойынша мемлекеттік бағдарламалар орындалмай қалады. Бұл да пандемия сияқты төтенше жағдай. Сондықтан Үкімет адекватты шара қабылдауы керек» деп жазады одақ өз үндеуінде.
Одақ басшысының айтуынша, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр жағдайды жете түсінбей, жеткілікті бағаламай отыр. «Ол құрылыс компаниялары жобаға арнап алған 30 пайыз авансты құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсауы керек дейді. Біріншіден, барлық компания бұл авансты ала алмайды. Банк кепілдігін алу үшін банкке аванс мөлшерінен екі есе жоғары кепілдік қоюы тиіс. Екіншіден, авансты алған компаниялар қаржының бір бөлігін материал сатып алуға, тағы бір бөлігін құрылыс қызметін орындағаны үшін мердігерлерге алдын ала төлем жасауға және жалақыға жұмсайды. Жұмысты орындап, орындалған жұмыс актісіне қол қою үшін біржарым ай уақыт кетеді. Бұл уақытта компания қызметкерлеріне жалақы беруі қажет. Тәжірибеде аванстың барлығы дерлік материалға жұмсалу жағдайы кездеспейді. Материалдар жоба құнының 50-60 пайызын құрайды. Сондықтан материалды алдын ала берілген 30 пайыздық авансқа сатып алу мүмкін емес», дейді сала басшысы.
Биыл төрт айда Қазақстан жалпы сомасы 298,4 млн доллар болатын құрылыс материалдарын импорттаған. Бұл 2020 жылдың қаңтар-сәуірімен салыстырғанда 30 пайызға жоғары көрсеткіш. Барлық материал бойынша импорт өсімі анық байқалады. Мәселен, керамикалық тақтайшаларды алып келу – 40, керамикалық құрылыс материалдары мен санитарлық-техникалық бұйымдарды әкелу – 11 және 49, өңделген тас – 15, отқа төзімді цемент – 66, жылтыр әйнекті сатып алу үлесі 24 пайызға өскен.
Қазақстан құрылыс материалдарын негізінен Ресейден алып келеді. Ресейдің Қазақстанға құрылыс материалдарын экспорттау көрсеткіші 117-ден 149 млн долларға артқан немесе 27 пайызға. Одан кейінгі орындарда Қытай, Түркия, Өзбекстан, Италия елдері тұр.
Сондай-ақ Қазақстан линолеум, шлаковата, пластикалық құбыр, гипскартон секілді өнімдерді Ресей, Өзбекстан, Украина, Иран, Қытай сияқты елдерден әкеледі. Отқа төзімді кірпіштерді импорттайтын Ресей, Қытай сияқты жетекші елдер қатарына Австрия да қосылды. Ал құрылыс кірпіштеріне келгенде Өзбекстанға мұқтажбыз. Былтыр көрші елден 24 млн долларға 713,4 млн кірпіш алып келіппіз. Қазақстанға кірпіш импорттау бойынша Ресей мен Беларусьтің өзі Өзбекстанмен бәсекелесе алмайды. Өткен жылы керамикалық плита мен плитка импорттауды да артырыппыз. Сатып алынған 23 млн шаршы метр керамограниттің тең жартысы (13 млн шаршы метр) Ресейден келсе, қалған бөлігі Өзбекстан, Беларусь, Германия, Иран, Қырғызстан елдерінен тасымалданған.
2019 жылы құрылыс материалдарын импорттау көлемі экспорт көлемінен 5,4 есе асып түскен. Сырттан тауар сатып алуға 810 млн доллар жұмсасақ, отандық өнімді сатудан небәрі 150 млн доллар пайда тауыппыз.
Дәл қазір құрылыс саласы проблемаға бөгіп тұр. Алайда «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» дегендей, Үкімет өзінің әр есебінде бәрі ойдағыдай, бәрі тамаша деуден танбайды. Әлеуметтік желіде белсенділер құрылыс саласында тендердің әділ өтпейтінін, жемқорлықтың жайлап кеткенін жазады. Біз жұмсартып айтып отырмыз, олар тіпті ащы жазады. Сонда құрылыс материалының қымбаттауын жырлау – мәселені бетінен қалқу екенін аңдаймыз...