Astana Hub технопаркінің цифрлық нұсқасы пайда болды. Оны әзірлеуге 55 млн теңге жұмсалған.
Өткен жылдың қарашасында Astana Hub басшылығы технопарктің цифрлық нұсқасын әзірлеу үшін арнайы байқау жариялады. Оған еліміздің және ТМД мемлекеттерінің ІТ-компаниялары қатысып, өз жобаларын ұсынды. Біліктілер бақ сынаған байқауда алматылық AnyDev ұжымы жеңіске жетті. Оларға платформаны әзірлеу үшін 55 млн теңге берілді. Сөйтіп, технопарктің цифрлық нұсқасы – Astanahub.com дүниеге келді. Жалпы онлайн байқауға 20-дан астам компания қатысқан.
Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, цифрлық нұсқада ірі әрі кішігірім процестердің бәрі автоматтандырылған. Яғни түрлі бағдарламаларға өтінім беруден бастап, визалық әрі салықтық жеңілдіктерге ие технопарк резиденттерінің онлайн форматта есеп жүргізуіне толықтай мүмкіндік жасалған.
– Байқауға қатысушылар екі аптаның ішінде технопарктің цифрлық нұсқасын әзірлеуге тырысты. Кейін тәуелсіз комиссия жеңімпаздарды анықтады. Платформа технопарк құрамындағы 507 ІТ-компанияға айтарлықтай демеу боларына сенемін, – дейді Мағжан Мәдиев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзіне сенсек, Astana Hub-тың алдына қойылған міндет ауқымды – 2025 жылға қарай IT-индустриядан 500 млн доллар көлемінде экспорттық түсім алу.
– Былтыр технопаркке екі бағдар ұсындым. Біріншіден, есептің бәрі онлайн форматта жиналуы керек. Әйтпесе, бұған дейін Astana Hub қатысушыларының барлығы есепті қағаз түрінде тапсыратын. Екіншіден, технопарк өңірлік хабтарға бағдарлануы керек. Яғни Astana Hub өңірлердегі акселерация мен инкубацияны қолдауы қажет. Бұдан бөлек, экспортқа бағдарлану керектігін ескерттім. Өйткені 2025 жылға қарай ІТ-индустриядан қомақты экспорттық түсім алу міндеті тұр. Astana Hub толықтай экспорттық әлеуетке жұмыс істейтін болады. Биыл халықаралық акселлерациялық платформалармен, сондай-ақ венчурлік капиталистермен ынтымақтастық орнатуға тырысамыз. Бұл жергілікті стартаптардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік береді, – дейді Бағдат Мусин.
Деректерге сүйенсек, 2020 жылы Astana Hub қатысушыларының экспорттық табысы 14 млрд теңгені құраған. Технопарк операциялық табысқа әлі шыққан жоқ және бұл межені жақын уақытта еңсеру жоспарланбаған.
– Astana Hub – коммерциялық ұйым емес, корпоративті қор. Біздің миссия – стартап мәдениетін дамыту және ІТ-жобаларды қолдау. Сондықтан операциялық табысқа шығу негізгі міндет емес. Иә, болашақта бұған да келетін боламыз, ол анық. Ол үшін ұзақ жылдар керек. Біз Израиль мен Сингапурдағы, Малайзия мен Беларусьтағы экожүйелердің қалай дамығанын зерделеп, әлемдік тәжірибені зерттедік. Олардың бәрі қысқа мерзімді болашақта операциялық табысқа шығу міндетін алға қоймаған. Сондай-ақ біз зерттеген тәжірибенің бәрінде мемлекеттік қолдаудың қарқынды болғанын байқадық. Яғни компанияларға материалдық инфрақұрылым, салықтық жеңілдік, даму бағдарламасын субсидиялау секілді қолдау шаралары ұсынылған, – дейді Мағжан Мәдиев.
Еске сала кетейік, Astana Hub технопаркі ЭКСПО орталығының аумағында орналасқан. Технопарк 25 гектар жерді алып жатыр. Astana Hub іске қосылған үш жылдың ішінде мұнда 1 мыңнан астам кәсіпкер шоғырланды. Бұл ретте 507 компания салықтық және визалық жеңілдіктерге ие. Олар 2019-2021 жылдар аралығында қолдау шараларының нәтижесінде 7,7 млрд теңгені үнемдеген. Бүгінде технопарк 12 млн-нан астам пайдаланушыны қамтып отыр. Бағдат Мусин атап өткендей, Astana Hub Қазақстандағы стартап-индустрияның өзегіне әрі түрлі деңгейдегі технологиялық компаниялардың мүмкіндіктер алаңына айналды.