«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» демекші, нарық заманының заңы осы екен деп жалған вакциналау паспортын саудаға салуды да шығардық. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жыл басынан бері ПТР тестілеу нәтижелері мен вакциналау паспорттарын қолдан жасаудың 30 жағдайын тіркеген еді. Енді, міне, күні кеше Алматыдағы үш медициналық мекеменің қызметкерлері жалған вакциналау паспорты мен ПТР тестілеу нәтижелерін қолдан жасағаны анықталды.
Әлдебір жылы «Әліппені» «Сауат ашу» алмастырғанда «көзіміз – ашық, көкірегіміз – ояу, бұл оқулық жұртты сауатсызға теңейді», деп өре түрегелген едік. Сол ашық көз, ояу көкірегіміз жаһанды жаппай індет жайлап, одан құтылудың жалғыз жолы – вакцина салдыру екенін білген кезде «көрмес түйені де көрмес» сыңай танытқанымыз не осы? Вакциналау былай тұрсын, алғашында ажал аңдыған аждаһа шыққанын естісе де, «өтірік, мұндай кесел мүлдем жоқ» дегендер де табылып еді. «Тас түскен жеріне ауыр» екен. Вирус ел іргесіне батпандап кіргенде барып самарқау көңіл сабасына түсіп, бетперде таға бастадық. Сол кеселің кеңістікке үстемдік құрып тұрғанына да міне, жылдан асты. Ел ардақтыларынан, ағайын-туыстан айырылдық. Тұтқиылдан тиген «тұмау» туралы бәрін білеміз. Өкініштісі сол, біле тұра білместік танытуды жалғастырып жатырмыз.
Коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екені айтудай-ақ айтылып жатыр. Тек, соны көретін көз, еститін құлақ болмай тұр. Сәті келсе сан соқтырып, жалған ПТР тестілеу немесе вакциналау паспортын алуға асығамыз. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында екпе салуға қатысты жалған құжаттар туралы деректер пайда болып жатыр. Бұл – қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Өйткені халық көп жиналатын жерлерде дерт жұқтырған адам да жүруі мүмкін деген сөз. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Біз пандемиямен күрестің негізгі жолы вакцинация екенін түсінуіміз қажет», деп ойын ашық айтты.
Иә, жалған паспорт – жарға жықпай қоймайды. Өз денсаулығымызға бас қатырмасақ, қатырмай-ақ қояйық. Алайда айналамыздағы өзге адамдарды, жасы егде жақындарымызды неге ойламаймыз? Жалған паспорт жүрген жерде індет жұқтырған адам да қатар жүреді. «Түптеп келгенде, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ», дегенді Президент өзге айтар сөзі жоқтан айтып отырмағаны анық.
Әлем әбігерге түсіп жатқан жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажеттілігі туындайтыны бесенеден белгілі. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, бұған заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Әрі-беріден соң, бұл – Отан алдындағы міндет. Соған қарамастан, Президент екпе салу кезінде асыра сілтеуге жол беруге болмайтынын да айтып отыр. Мәселен, денсаулығына және белгілі бір жағдайларға байланысты вакцина салдыра алмайтын отандастарымыз бар. Сондықтан Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар мен мониторинг жүргізетін топтар осы мәселені ескеруі тиіс екенін алға тартады. Яғни Қасым-Жомарт Тоқаев қай жағдайда болсын түсіністік, адамгершілік ұғымдары бәрінен биік тұруы керек екенін меңзейді.
Мемлекет отандастарымызға түсіністікпен қарауын қарап-ақ келеді. Алайда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болғанымен, мемлекет үніне құлақ асатын халық болмай тұр. Ебін тапқандар екі жеп, вакциналау паспортын сатумен қоймай, ПТР тестінің теріс нәтижесі туралы жалған анықтама жасап беруге дайын. Бұл дегеніңіз алдымен Ата Заңнан, одан қалды адамгершіліктен аттау деген сөз. «Осыған дейін де айттым, вакциналау туралы жалған сертификаттар жасау нарығы пайда болды. Мұндай деректерді тұтас қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет. Демек, жазаға тарту шарасы да қатаң болуға тиіс. Бұл Әкімшілік кодекске сәйкес заң бұзушылық екені айдан анық», деді Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
«Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды». Мемлекет басшысы жалған құжаттар туралы деректер барын ойдан құрап отырған жоқ. Вакциналау мен тестілеуге қатысты жалған құжат әзірлеу мәселесінің бар екенін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биыл 5 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мойындаған. Дәл сол кезде жалған құжат жасауға қатысты алғашқы «өрттің ошағы» Алматыда тұтанып, қылмыстық іс тергелген еді. Өкінішке қарай, бұл ақырғы қылмыс болмай шықты. Әлеуметтік желілерде «вакциналау паспортын 5-15 мың теңге аралығында сатып алуға болады» деген гу-гу әңгіме тарай бастады.
«Жалған вакциналау паспортына қатысты жағымсыз жағдай орын алғанын жасырмаймын. Мұндай мәлімет келіп түскен бетте бірден Алматы қаласының әкімдігімен жеке байланысқа шықтым. Жағдайды бақылауға алдық. Күштік құрылымдармен жүйелі жұмыс істеп, ізін суытпай қылмыскерді анықтадық. Бүгінде барлық әлеуметтік желілер қадағалауға алынған. Мұндай жағдайлар туралы мәліметтеріңіз болатын болса, оны назарға алуға біз әрқашан дайынбыз. Осындай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Кез келген азамат, мейлі ол дәрігер немесе өзге адам болсын, заң кешірім бермейтінін түсінуі тиіс. Бәрін табамыз және бәрі жазаланады. Мұндай қылмысты дәлелдеу қиын емес. Себебі ақпараттық жүйедегі әрбір доза көрінеді. Егер мұндай жағдай орын алса, қылмыстық жаза қолданылады. Біз бұл мәселеге үнемі мониторинг жасап, бақылауда ұстайтын боламыз», деп еді министр.
Өкінішке қарай, министр жалған құжат мәселесін бақылауда ұстап қала алмады. Мәселен, өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы жұмысын қорытындылай отырып, нақ осы жалған құжат әзірлеу мәселесіне тоқталған еді. «Күні кеше еліміздің 3 аймағында жалған вакциналау паспортын саудалаумен айналысқан медицина қызметкерлері ұсталды. Ақ халаттылар екпе алмаған адамдарға жалған құжат әзірлеп келіпті. Ал оларға егілуге тиіс вакциналардың көзін жойып отырған. Өздеріңіз көріп отырғандай, халықтың денсаулығы пайда табудың көзіне айналды. Ал бюджеттен бөлінетін қаражат желге ұшып жатыр. Осындай жалған құжат алған адамдар арамызда жүруі мүмкін. Бұл жерде мәселе тек сыбайлас жемқорлықта ғана емес, бұл ең алдымен біз өмір сүріп отырған ортаға, халыққа төнген қауіп. Сондықтан мұндай қылмыстардың алдын алу жұмыстары жалғаса береді», деді ведомство басшысы.
Сонымен қарапайым медицина қызметкерінен бастап, Мемлекет басшысына дейінгі ауқымды назар ауып отырған вакциналау паспорты деген не өзі? Вакциналау паспорты – бұл әрбір қазақстандық коронавирустан толық иммундау курсынан өткеннен кейін ала алатын құжат. Оны мемлекеттік eGovMobile қосымшасынан табуға болады. Паспортта үш тілде пациенттің қандай препарат алғаны, қандай медициналық мекемеде екпе егілгені, қандай дәрігер екпе салғаны, қандай дозада және қашан салынғаны көрсетіледі. Жуырда жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажеттілігі туындап, онсыз еңбек етуге шектеу қойылған болатын. Жалған құжаттың сұранысқа ие бола бастауының бір себебі – осы.
Міне, осындай жайттар адамдарды ағат басуға итермелеп жүр. Мәселен, Алматыдағы үш медициналық мекеменің қызметкерлері жалған вакциналау паспорты мен ПТР тестілеу нәтижелерін қолдан жасағаны белгілі болды. Қалалық криминалдық полиция басқармасының хабарлауынша, «Достар Мед» және «Сұңқар» сынды екі жеке медициналық орталықтың қызметкерлері жалған құжаттар жасаған екен. Сондай-ақ №4 емханадағы медицина қызметкерлері вакциналау паспорттарын сатқаны және вакциналарды заңсыз жойып жібергені анықталды.
Бірінші жағдайда, клиникадағы зертхана қызметкері орталықтағы екі мейірбикенің көмегімен ақшалай сыйақы үшін теріс нәтижемен биоматериалды сынамасыз ПТР тестін ұйымдастырды. Біраз уақыттан кейін «Сұңқар» медициналық орталығының дәрігер-эндоксисті ұсталды. Ол бұрын алаяқтық үшін жауапқа тартылған екен. Жеке тінту кезінде ақша мен ПТР тестілердің нәтижелері тәркіленді. Сонымен қатар №4 қалалық емхананың аға мейірбикесі ұсталды. Ол 15 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алу үшін вакцина алғандарды белгілеу журналына жалған тіркеумен айналысып келіпті. Күдікті қылмысын мойындады. Бұл фактілер Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Күн санап елімізде вирус жұқтырғандардың саны мен «қызыл аймақтардың» қатары көбейіп барады. Сол жұқтырғандардың қатарында жалған вакциналау паспортын алғандардың болмасына кім кепіл? Соның салдарынан «вакцина алған адам да індетке шалдығады» деп байбалам саламыз. Әрине, екпе алған адам жаман тұмаумен мүлдем ауырмайды деуден аулақпыз. Алайда «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетінін» қаперден шығармаған жөн. Жалған вакциналау паспортын алып, жаманатты болған кімге абырой әпермек? Мемлекет басшысы айтып өткендей, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек.
Қайрат ТӨЛЕГЕНОВ,
Батыс Қазақстан облысындағы №1 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері:
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина ойлап табылмай тұрған кезде «барлық пациент ауырып болғаннан кейін қоғамдық иммунитет қалыптасады, тиісінше індеттің көзі жойылады» деген шешімге келген еді. Алайда бұл тұжырымның қате екенін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Бүгінде аты аталған ұйым да, әлемдегі барлық мемлекет те осы екпеге күш жұмылдырып жатыр.
Вакцина жасауға қауқарсыз елдер қаншама қомақты қаржы бөліп, вакцина сатып алып жатыр. Себебі вакцина жасау үшін де орасан зор әлеует қажет. Өкінішке қарай, осындай үлкен күшпен қолға тиіп жатқан екпенің қадірін түсінбей, зая кетіріп жатқандар да анықталды. Егудің орнына төгіп тастап, витамин салып жүргендер бар екен. Бұл – үлкен қателік. Сананың саяздығы. Өз басым ондай жағымсыз жағдаймен бетпе-бет кездескен жоқпын. Кездеспей-ақ қояйын. Алайда көз көреді, құлақ естиді. «Бірінші байлық – денсаулық» екенін бабаларымыз бостан-бос айтқан жоқ. Осы байлықты вирустан қорғаудың бүгінгі бірден-бір жолы – екпе алу. Екпе алу үшін де психологиялық дайындық керек. Әр адам жан мен тәнді дайындап барып, ерікті түрде, өз қалауымен алғаны жөн. Екпенің көмегі сонда барып тиеді деген ойдамын. Ал ПТР тестілеу мен вакциналау паспортын сатып алып жатқандарға ем қонсын ба? Қонбайды.
Мәселен, Еуропадағы бірнеше елдің, Араб мемлекеттері мен Израильдің халқы саналы түрде кезекке тұрып, екпені уақтылы алып, барлық сақтық шараларын ұстанып жатыр. Ондай елдерде карантин шаралары алынып, аурудың көрсеткіші азайып, емханалардағы науқастардың саны азайып келеді. Бұл – халықтың саналы түрде екпе алуының нәтижесі деп түсінемін.
Жалған вакциналау паспортын алып, жалған екпе салдырып жатқандар – ең алдымен қызмет ететін адамдар. Үйде отырған тұрғындар ондай қадамға бармайтыны анық. Қызметте жүрген отандастарымыздан жұмыс орнында екпе салдыру талап етіледі. Көп адам вакцинадан қорқып жүр. Вакцинадан қорықса да, жұмыс орнындағы әріптестеріне, үйдегі жүкті әйеліне, егде жастағы ата-анасына індет жұқтырамын деп қорықпайды. Санасыздық деген – осы. Біз, ең алдымен, адамдардың санасын өзгертуіміз керек. Адамдар жалған вакциналау құжатын алудың қаншалықты зиян екенін ұғынуы тиіс. Сонда ғана қоғамдық иммунитет қалыптасады.