Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Маңғыстау облысында болды, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.
Ол өңірге сапары барысында облыс аудандарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Каспий» су тұщыту зауытының жұмысымен танысты. Ауыз су мәселесі өңір үшін аса маңызды екені белгілі. Сенат Төрағасы осыған байланысты аталған мәселені шешу үшін қосымша су тұщыту нысандарын салу қажеттігіне назар аударып, Үкіметтің кейінгі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударғанын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев еліміздің бірқатар өңіріндегі, соның ішінде Маңғыстау облысының фермерлері тап болып отырған құрғақшылық пен мал шығыны проблемаларын да көтерді. Сенат Төрағасы бұл мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін, зардап шеккен фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау жөнінде Үкімет пен әкімдердің кешенді шаралар қабылдап жатқанын айтты.
«Еліміздің Президенті фермерлерді қолдау үшін Үкімет резервін пайдалануды тапсырды. Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесе отырып, фермерлерді жемшөппен қамтамасыз ету жөнінде қажетті кешенді шараларды жедел түрде әзірлеу тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жағдайды тұрақтандыруға және еліміздегі шаруаларды қолдауға бағытталған», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жемшөпке, мал азығын жинау жабдықтарына қосымша субсидия бөлу және қолайлы өңірлерден мал азығын форвардтық түрде сатып алу үшін фермерлерді жеңілдікпен қаржыландыруды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайтынын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев құрғақшылық қайталанатын табиғи құбылыс екеніне тоқталды, сондықтан ел Президенті атап өткендей, жедел шаралардан басқа, саланы азықпен қамтамасыз етуді арттыру бойынша жүйелі шаралар әзірленуі қажеттігі айтылды.
Мәулен Әшімбаев сапар барысында балық және нан зауыттарының жұмысымен де танысты. Ол нысандарда болған кезде Сенаттың заң шығару жұмысы жайлы, пандемия кезінде азаматтар мен кәсіпкерлікті қолдау жөнінде қабылданған заңдар туралы айтты.
Сенат Төрағасы сол күні Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықта болды.
«Әбіш Кекілбаевтің 80 жылдық мерейтойына Мемлекет басшысы арнайы келіп, осы орталықты ашқан болатын. Көрнекті жазушы және мемлекет қайраткері Әбіш аға – халқымыздың рухани дамуына, сондай-ақ еліміз Тәуелсіздігінің нығаюына елеулі ықпал еткен тұлға. Сондықтан оның есімін мәңгі есте қалдыру – біздің ортақ міндетіміз», деді Мәулен Әшімбаев.