• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Шілде, 2021

Өңірлердегі ахуалмен танысты

224 рет
көрсетілді

Сенат депутаттары өңірлердегі жұртшылықпен кездесулерін жалғастыруда, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.

Сенат пен облыстық мәсли­хаттар депутаттарының өзара іс-қимылын нығайтудың маңызы зор. Сенатор Дүйсенғазы Мусиннің Шығыс Қазақстан облыстық мәс­ли­хатының басшылығымен кез­десуі барысында осы мәселе  туралы айтылды. Сенат депутаты заң жобаларын сапалы пысықтау және жергілікті жерлердегі проблемаларды жүйелі шешу үшін бірлескен жұмыс қажет екенін атап өтті.

4-ші деңгейдегі бюджетті игеру және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері – солардың бірі. Бұл жөнінде Дүйсенғазы Мусин облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­масының қызметкерлерімен кездесу барысында әңгіме қозғады.

Сенатор сондай-ақ Риддер қала­сында болып, онда ірі орман өртінен зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлер құрылысының барысымен танысты. Ол құрылыс са­пасын қамтамасыз етудің ма­ңыздылығына мердігерлердің назарын аударды, сондай-ақ 32 тұрғын үйдің құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Депутат қаланың әлеуметтік ма­ңызы бар нысандарының құры­лыс алаңдарында да болды.

Дүйсенғазы Мусин қала әкімі­мен кездесу барысында Семей қаласының әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының негізгі мәселелерін талқылады. Депутат өңірдегі сапары барысында және халықпен кез­десу­лері кезінде көтерілген барлық мәселе заң шығару қызметінде пай­даланылатынын айтты.

Сенат депутаты Сұлтан Дүй­сем­бинов Алматы облысының Тал­ды­қорған қаласында болды. Ол көппәтерлі тұрғын үйдің құры­лысымен және қалалық орталық қазандықтың қайта жөнделу барысымен танысып, құрылыс жұмыс­тарының сапасын қатаң бақылау қажеттігіне жергілікті атқарушы органдардың назарын аударды.

Сұлтан Дүйсембинов сондай-ақ Еркін ауылындағы дәрігерлік амбулатория ұжымымен кездесті. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қабылданған жаңа заңдар туралы айта келіп, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларының маңыздылығына тоқталды.

«Коронавирус пандемиясымен күрес тақырыбын тосырқамай, вакциналау жүргізуге ерекше назар аударып, халыққа үнемі ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», деді Сұлтан Дүйсембинов.

Сенат депутаттары Нариман Тө­реғалиев пен Ләззат Рыс­бекова Батыс Қазақстан облы­сын­дағы Сырым, Теректі және Бәй­терек аудандарының шаруа қожалықтарында болып, олар­дың басшыларымен және қыз­меткерлерімен кездесті.

Сенаторлар фермерлермен жүздесу кезінде жемшөп да­йындау жұмыстарының барысын талқылады. Кездесу барысында жемшөп жинайтын техника бағасының өсуі мәселесі көтерілді. Депутаттар бұл мәселе ел басшылығының бақылауында екенін және сенатор­лар өз тарапынан туындаған проблема­ларды шешуге белсенді түрде жәрдем­десетінін айтты. Фермер­лер сонымен қатар субсидия­лар беру ережелері жиі өзгеріп отыра­тындығына да алаңдаушы­лық білдірді. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қолай­сыз­дықтар туғызады және өз қыз­метін жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Депутаттар бұл мәселені Сенатта қарауға уәде берді.

Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Бөрлі және Шыңғыр­лау аудандарында да болды. Сена­торлар ауыл тұрғындарымен кездесу барысында оларға өткен сес­сия барысында қабылданған заң­дардың негізгі ережелері туралы айтып берді. Депутаттар сондай-ақ жол, көппәтерлі үй және спорт кешені құрылыстарының барысымен танысты.

Депутаттардың өңірлерге сапары аясында сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Сұлтанбек Мәкежанов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды. Депутаттар сапар барысында жоғары оқу орнының ғылыми-оқыту­шылық құрамымен және бас­шылығымен кездесіп, универ­ситеттің материалдық-техникалық базасымен танысты.

Нұртөре Жүсіп кездесу барысында өткен сессияда қабыл­данған, ел азаматтарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақ­сар­туға, білім мен ғылым саласын дамытуға бағытталған  заңдар туралы педагогтерге айтып берді.

Сұлтанбек Мәкежанов жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орны­нан кейінгі білім беру ұйым­дарында заң білімінің сапасын арттыру жөніндегі өз ұсыныстарын бөлісті.

Сенаторлар сондай-ақ қазіргі пандемия жағдайында өзекті мә­се­лелерді уақтылы талдау, оқу орын­дарының ерекшеліктерін ескеретін неғұрлым оңтайлы шараларды қабылдау және білім беру жүйесіне қатысушылардың бәрін – оқушыларды, ата-аналарды, педагогтерді қолдау – білім беру саласының басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.