• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Шілде, 2021

Шектеу неге бұзылады?

243 рет
көрсетілді

Атырау облысында жыл басынан бері карантиндік шектеулерді бұзған 500-ге жуық дерек тіркелді. Мониторингтік топтар 10 мыңға жуық рейдтік шара өткізіп, 42 542 нысанды тексерген. Карантиндік шектеу шараларын бұзғандарға жалпы сомасы 48 млн теңгеден аса айыппұл салынып отыр.

Мәселен, 1-12 шілде аралығында 344 тексеру жүргізіліп, 1 190 нысан бақылауға алынды. Оның ішінде 20 нысан карантиндік шектеу шараларын бұзған. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, салынған айыппұл көлемі 2 млн 500 мың теңгені құрады.

– Атырау қаласында 13 мониторингтік топ бар. Жұмыс күндері күндіз тексеру жүргізуге бір топ шығады. Ал демалыс күндері үш топ нысандарға тексеріс жүргізеді. Мобильдік топтардың нысан ішіне кіруіне кедергілер туындайды. Өйткені нысан иелері есікті ішінен құлыптап, жұмысын жалғастыра береді. Осындай себепке байланыс­ты мониторингтік топ нысанның ішіне кіріп, тексеріс жүргізе алмайды, – дейді Атырау қа­ла­лық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бө­лімінің басшысы Руслан Даулетов.

Оның айтуынша, мейрамхана, дәмхана иелерімен, салтанатты іс-шара өткізушілермен түсініспеушілік пен кикілжің болып тұрады. Ал карантиндік шектеулерді жиі бұзатын нысандар қатарында «Флория», Vivaldi, SKY BAR, End Ne Stimz, «Рыба моей мечты» және URBAN секілді клубтар мен барлар бар.

Осындай себептер тұрғындар арасында қауіпті вирусты жұқтыру дерегін көбейтері дау­сыз. Оның үстіне кейбір адамдар вакцинаға, тіпті дәрігерлерге қарсы теріс көзқарас қалыптас­тыруға тырысатындығы байқалып отыр. Мәсе­лен, шетелдік азамат «Дина» базарындағы бекетте вакцина алу кезінде дәрігерлерге дөрекі мінез көрсеткен. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі мәлім еткендей, Өзбекстан Республикасының 1998 жылы туған азаматы биылғы 16 маусымда Спутник V вакцинасының бірінші компонентін ектірген. Содан кейін бұл жігітте жанама әсерлер мен асқынулар тіркелмеген.

Бұл азамат 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 15.00-де вакцинаның екінші компонентін салдырған. Алайда вакцинаны алғанға дейін кезекте тұрған шетелдік азамат медицина қызмет­керлеріне дөрекілік танытқан. Вакцинаның жанама әсері туралы арандату мақсатында бейнежазба түсіремін деп қорқытқан. Демалыс бөлмесінде 30 минуттай уақыт болып, үйіне жіберілген. Бірақ сол күні сағат 18.30-да «Дина» базарынан жедел жәрдем қызметіне қоңырау түскен. Онда диспетчерге вакциналаудан кейін бір адамда құрысу белгісі байқалғаны хабарланған.

– Жедел жәрдемді үш сағат бұрын вакцина алған және дәрігерлерге дөрекілік танытқан Өзбекстан азаматы шақырғаны белгілі болды. Шетелдік жігіт облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Ол 30 минуттан кейін үйіне жіберілді. Себебі дәрігерлер пациентті ауруханаға жатқызуға нақты дәйек таппады. Осыған байланысты тұрғындардан арандатушылыққа ден қоймай, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.

Соның ертесіне №3 қалалық емхананың әкімшілігі полицияға шағым түсірді. Мақсат – ше­тел­дік азаматтың вакциналау бекетіндегі медицина қызметкерлерін қорлағанын, сон­дай-ақ вакцинаның жағымсыз әсері туралы жала жапқанын дәлелдеу.

– Құқық бұзушының әрекетін заңсыз деп са­най­мын. Қазір тек біздің еліміз ғана емес, әлем жұрт­шылығы коронавирус инфекциясына қар­сы күрес жүргізуде. Өйткені қауіпті инфекция­ны тоқтатудың жалғыз жолы – вакцина алу. Сон­дық­тан біз, дәрігерлер тұрғындар арасында вак­цинаның жанама әсері туралы жалған ақпа­раттың таралуымен келіспейміз. Мұндай жалған ақпаратты таратушылар жазалануы керек. Барша қазақстандық өзінің денсаулығын, ағайын-туысы мен әріптестерін қауіпті вирустан қорғаудың маңызын түсінуі тиіс, – дейді №3 қалалық емха­наның директоры Айман Өтегенова.

 

Атырау облысы