«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған ауыл, ауылдық округ, аудан деңгейіндегі қалалар әкімдігіне ұсынылған үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысына кірісті.
«Сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес биылғы шілденің 25 күні өтетін әкімдер сайлауына «Ауыл» ХДПП 104 үміткерді ұсынды. Олар 13 облыста тіркелген.
Кандидаттардың саны бойынша ең көп өңірлер – Түркістан және Шығыс Қазақстан облысы (19 және 18 кандидат), сондай-ақ Ақтөбе мен Жамбыл облыстары (16 үміткерден). «Ауыл» партиясының ұсынған барлық үміткер бекітілген талаптарға сай деп танылып, аймақтық сайлау комиссияларынан кандидат куәліктерін алды.
Үгіт-насихат жұмысының көп бөлігі пандемияға байланысты қойылған талаптарды сақтай отырып, электоратпен тікелей кездесу арқылы өтпек. Сонымен қатар үміткерлердің дайындаған бағдарламалары жергілікті бұқаралық ақпараттар құралдары арқылы және қағаз жүзінде берілетін материалдар арқылы таратылады. Әлеуметтік желілер мен қолданыста кеңінен пайдаланылатын мессенджерлер де үгіт-насихат жұмысында қолданылатын болады.
Кандидаттар бағдарламаларының негізгі бөлігі «Ауыл» партиясының платформасы мен Жарғысына сәйкес келеді. Олар – ауыл инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік мәселелер, жұмыссыздықпен күрес, агроөнеркәсіпті дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету.
«Ауыл» партиясының ұсынған 104 кандидатының барлығы – ауыл тумасы. Орта жасы 35 пен 45 арасында. Үміткерлердің 11-і – әйел. Кандидаттардың орташа еңбек өтілі – 10-15 жыл.
Кандидаттар ұсынылған өңірлерде «Ауыл» партиясының сенімді өкілдері мен байқаушылары жұмыс істейтін болады, деп хабарлады «Ауыл» партиясының баспасөз қызметі.
«Егемен-ақпарат»