«Газетпен шыбынды және... министрді «өлтіруге» болады». Өркениетті мемлекеттерде ертеректе айтылған осы сөз бүгінде біздің елде де өмір шындығына айнала бастағандай ма, қалай? Мәселен, жуырда «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының меншігіне өтіп, бағыт-бағдарына қазіргі заман талабына сай өзгеріс енгізіліп жатқан «Казахстанская правда» республикалық газетінде жарияланған, Солтүстік Қазақстан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден көшіп келген қоныс аударушыларды қабылдау ісінде өрескел кемшіліктерге жол берілгендігі өткір сыналған мақалаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кешенді тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде аталған өңірдегі Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылып, облыс пен аудандық деңгейдегі бірқатар басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ал осы қоғамды елең еткізген елеулі оқиғаға әлеуметтік желіде үн қосқандардың көпшілігі елдің жоғарғы билігінің газет сынына дер кезінде ден қойып, жұрт күткендей, қатаң шара қолданғанына құптау білдіріп жатқанда Айыртау аудандық газетінің бас редакторы орнынан алынған әкімді қимаған көңіл-күйімен қоныс аударушы ағайындардың ар-намысына тиетін ауыр сөз айтып, өзінің ұлттық сана-сезімінің, азаматтық парасатының төмендігін аңғартты. Тек әлеуметтік желі оқырмандары «ит терісін басына қаптағандай» қылып, өлтіре сынаған соң өз жазбасын өшіріп, жұрттан кешірім сұрады.
Теріскейдегі Қызылжар өңіріне қоныс аудару тақырыбы кешелері әлеуметтік желіде тағы да көтерілді. Бұл жолы Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында жаңадан бой көтерген көз қызығарлықтай әдемі тұрғын үйлер көпшілік назарына ұсынылған екен. Оған өз пікірін білдірген бір солтүстікқазақстандық сол үйлерді және топырағы құнарлы жерді өңірге қоныс аударып келіп жатқан өзге этнос өкілдерінен қызғанатындығын ашық айтып, тағы да олардың ар-намысына тиетін сөзге барыпты. Қазіргі таңда елімізде қалыптасқан демографиялық ахуалдан хабары шамалы, мемлекеттің ішкі саясатының иісі мұрнына бармайтын, көз алдындағыдан басқаны көрмейтін, ой-түсінігі тайыз, әсіре ұлтшылдық дертіне ұшыраған пенденің сөзі. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!», деген ұлы Абай ұлағатын да ұқпаған бір байғұс-ау ол...
Ал әлеуметтік желідегі әңгімеге арқау болған Бостандық ауылына «Еңбек» бағдарламасы беріп отырған мүмкіндікті мүлт жібермей пайдаланып, тұрғын үйлер салып, 3 дүнген отбасысын шақырып әкеліп қоныстандырған осы елді мекеннің тумасы, кәсіпкер Ерлік Мұхамеджанов – ой-өрісі кең, туған ауылының да, тұтас елінің де тағдырын терең пайымдап, бәз біреулерше құр ауызбен орақ ормай, қолынан келетін нақты істі тындырымды атқарып, жақсы аты шығып жүрген ұлтжанды азамат. Ол осылайша жабылуға жақын тұрған жергілікті қазақ орта мектебі оқушыларының қатарын толықтырды. Себебі әрбір дүнген отбасысында 5-6 баладан бар. Жамбыл облысының Қордай ауданында қазақша білмей өскен дүнгендер енді өздерін құшақ жая қарсы алған қазақ ауылында балаларын қазақ тілінде оқытып, өздері де мемлекеттік тілді үйренуге тырысып жатыр. Өңірдегі үздік білім ұяларының бірі саналатын Бостандық орта мектебінің мұғалімдері енді ертеңіне алаңдамайды.
Өмір бойы жер тырмалап, бау-бақша өсірумен шұғылданып өскен дүнгендер жергілікті тұрғындарға еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсетіп жүр. «Таяқ шаншысаң, жетек өсіп шығады» дейтіндей, аса құнарлы қара топырақты ерінбей күтіп-баптап, бағбаншылықпен айналысып, табыс тауып жүр. Оларға жер болса, жетеді екен, «ауылда жұмыс жоқ», деп ешкімге мұң шақпапты.
Қазіргі алмағайып заманда еліміздің солтүстік аймағындағы әртүрлі себеппен болашағы бұлыңғырланған Бостандық сияқты қазақ ауылдарынан Ерлік Мұхамеджанов сынды «Елім!» деген ерлер шығып, оңтүстік өңірлердегі қазақтарға қоса, жермен жұмыс істеуге шебер дүнген, өзбек, ұйғыр ағайындардың отбасыларын көшіріп әкеліп жатса, талай «алтын бесігіміздің» ажары кіріп, түтіні түзу ұшып сала берері анық.
Ұлы дала төсінде тағдыр табыстырған сан ұлт пен ұлыстың бір-ақ туған жері, бір-ақ Отаны бар, ол – Қазақстан. Ендеше ел азаматтарын туып-өскен өңірі мен этносына қарап бөліп-жарып, алалаудан аулақ болайық, ағайын. Қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғыры – халқымыздың бірлігі екенін естен шығармайық.