Токиода жүрген Қазақстан спортшылары бүгінде Олимпиадаға сақадай сай. Дүбірлі дода қарсаңында ел спортшылары туралы бірнеше қызық дерек ұсынамыз.
63 ер мен 33 әйел
Жапония жерінде 96 отандық атлет спорттың 27 түрінен бақ сынайды. Құрама сапында 63 ер мен 33 әйел спортшы бар.
Тұңғыш рет Ту ұстайды
Бокстан әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Олимпиаданың ашылу салтанатында тұңғыш рет Ту ұстап шығады.
Salta бренді
Олимпиадаға Қазақстан делегациясы арнайы тапсырыспен дайындалған киіммен аттанды. Salta брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова –олимпиадалық киімнің дизайнері. Қазақстандық спортшыларға арналған спорттық жейдені испандық Joma компаниясы жасады.
Кім кенже?
Қазақстан Олимпиадалық құрамасы сапындағы ең жас спортшы 19 жаста. Ол – көркем гимнастикадан Азия чемпионы Алина Әділханова.
Жеті жолдама жеңіп алды
Милад Карими – спорттық гимнастикадан Олимпиаданың жеті жолдамасына ие болған жалғыз атлет. Ол Токиода өтетін додада көпсайыс, еркін жаттығу, қолды тіреп секіру, қоссырық, шығыршық, керме және гимнастикалық ат снаряды бойынша жарысқа қатысады.
Тарихи жетістік
20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиадада командалық жарыста сынға түседі. Санжар Мұсаев, Денис Ганькин және Ильфат Абдуллин Нидерландтың Хертогенбос қаласында өткен әлем чемпионатында алтыншы орын иеленді. Олимпиадада командалық жолдамаға ие болған олар сондай-ақ жекелей сында да өнер көрсетеді.
Командадағы жалғыз құрама
Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпия ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.