«Славян базары-2021» байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенова елге оралды. Халықаралық өнер фестивалінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер иесін көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды. Жеңісті сәттің желпінісі басылмай жатып, ақпарат өкілдеріне ашық сұхбат берген әншінің қуанышында шек жоқ. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингтің біз де куәгері болдық.
1992 жылдан бері Витебскіде дәстүрлі түрде өтетін өнер додасы қаншама өнерпаздың жұлдызын жақты. Әсіресе еліміз үшін айтулы мерекеге айналғаны жасырын емес. Тіпті шетелдіктер бүгінде «Славян базары» байқауын «Қазақ базары» деп өзгерту керек деп әзілдейді екен. Тереңнен ойлаған жанға мұның өзі ел үшін үлкен мәртебе.
Алғашқы болып сөз тізгінін алған Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Рухияның жеңісі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналатынын тілге тиек етті.
«Осы жерде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың атынан арнайы алғысымызды білдіргіміз келеді. Жеңістің жолы қашанда ауыр. Сіздің шығармашылық ізденісіңіз, ерекше талантыңыз әлемді таңғалдырды. Бұл – мемлекетіміздің абыройы. Өнер саласында қандай да бір бәйге болсын, қанжығамыз бос қайтқан емес. Әсіресе, «Славян базарында». Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әлеуметтік желі арқылы жеке құттықтауын жолдады. Қазақ қызының топ жаруы тәуелсіз еліміздің жастарын жігерлендіретініне сенім мол. Оған қоса жеңісті жалғап, балалар арасындағы байқауда да біздің Амина Асхатқызы да дипломат атанды. Бұл да үлкен дәреже», деді Н.Дәуешов.
Вице-министрдің айтуынша, алдағы уақытта өнер иесінің бұдан да үлкен сахналарды бағындыруына жағдай жасалады. Бұл сөзді «Қазақ ұлттық музыка академиясының» ректоры Айман Мұсақожаева да қолдады.
«Біздің шәкіртіміз 7 жыл бойы үзбей ізденудің нәтижесінде елдің мәртебесін асқақтатты. Ұстаздардың еңбегі көл-көсір. Оны айтпай кеткеніміз болмас. Рухия – жаңа жұлдыз. Қазақ эстрадасын жаңа белеске көтеретініне сенімдіміз. Алдағы уақытта Норвегияда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бұйырса, сол шарада Рухия да өнер көрсетеді. Одан да басқа жас әншілер бүгінде әлем сахнасын бағындырып жүр. Бүгінде еліміздің мәдени жетістіктері көңілге қуаныш ұялатады», деді А.Мұсақожаева.
Баспасөз мәслихаты барысында «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина байқаудың тікелей эфирден көрсетілуі ұлт үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізді. Алдағы уақытта да халықаралық өнер фестивалін көрерменге дер кезінде ұсынып, халықтың жеңісті сәттің куәгері болуына жол ашатынына уәде етті.
Одан кейін Рухия Байдүкенованың өзі сөз алып, ел-жұртына ізгі ілтипатын білдірді.
«Мен әнші болуды бала күнімнен армандайтынмын. Тіпті тұғырға қонған сәтті халықпен бірге тойласам деп те қиялға шомған кездерім болған. Арманым алдамапты. Бұл – менің ғана емес, сіздердің де жеңістеріңіз. Шыны керек, 3 жыл қатарынан іріктеуге қатыстым. Алғашында қазылар алқасы арықтауымды талап етті. Ол кезде 95 килограмм болатынмын. Солай сүріндім. Екінші жолы жұлдызым жанбады. Қанша тырысқаныммен байқауға жолдама ала алмадым. Содан үмітім үзіліп, биыл бармай-ақ қойсам ба деп ойлағанмын. Бірақ Димаш Құдайбергеннің өзі қолқалады. Мені іріктеуге жетектеп апарғандай болды. Бұл маған үлкен сенім берді. Қазылар алқасының мүшесі, халық әртісі Роза Рымбаеваның көзі маған түсті. Бірден менің лайық екенімді айтып, арқама қанат бітіргендей күйге бөледі», дейді Р.Байдүкенова.
Өнерпаз мектеп табылдырығын аттаған сәттен бастап вокалмен айналысып келеді екен. Өзінің туып-өскен жері Талдықорған қаласындағы өнер мектебінде Серікжамал Нүсіпқызынан 7 жыл сабақ алған. Ұстазының үнемі қасынан қалмай, бар білгенін бойына сіңірген. Сөйтіп 15 жасында Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне түседі. Бүгінде сол білім ордасының 3-курс студенті.
Брифингте «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің елдегі ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова жерлесінің жеңісіне шүбә келтірмегенін айтады. Ол 20 жылдан бері байқаудың ішінде жүргеннен кейін, өзі топқа қосар түлектің қарым-қабілетін, шығар биігін алыстан аңдайтын болған.
«Біздің әрбір қатысушымыз сахнадан түскенге дейін уайымдап жүремін. Әрине, өзіңнің балаларыңның жақсы өнер көрсеткенін қалайсың. Біздің ұтқан жеріміз, іріктеуді әділ өткізіп, ең мықты жүйрікті таңдағанымыз. Рухия негізгі қарсыласынан жалпы есепте 4 ұпай жоғары болды. Бұл – оңай шаруа емес. Ондағы көрермендер талғампаз, кімнің кім екенін, оның талабын бірден аңғарып қояды. Меніңше, Рухия жергілікті көрерменнің есінде қалары анық», деді Қ.Әбдікәрімова.
Ең ғажабы, байқау барысында Димаштың жанкүйерлері Рухияға жақтасқан екен. Дода басталмас бұрын, түскі тамаққа әнші қыз көже ішкісі келеді. Себебі ұйымдастырушылар ұсынған мәзір оның көңілінен шықпаса керек. Мұны естіген Димаштың жанкүйерлері жиналып, қазақтың қызына арнайы көже әзірлейді. Мұндайды күтпеген өнер иесі тосылып қалады. Қазақтың атын әлемге шығарған Димашты қай жерде де қолдайтын осындай шынайы жанкүйерлері барына ризашылығын білдіреді. Олардың барлығы қазақтың көк Туын ұстап, байқау бойы Рухияны қолдаған көрінеді.
Баспасөз соңында «Славян базары-2021» байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенова ата-анасына, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа және қолдау білдірген барша халыққа ілтипатын білдірді.