• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Шілде, 2021

Сахнаның Сағындығы

425 рет
көрсетілді

Көмескі-ау деген сондай бір қағаберіс қалтарыстарға әлсін үңіліп, әр кезде оған жақын жүргендер жадысын қайта жаңғыртып, азаматтық ой-пікірлерді толықтыра түсу, біздіңше, ұрпаққа өнеге үшін қажет. Неге өнеге үшін? Дәл осы сөзге мән беріп отыру себебіміз неде? 

Жауап мынау: егер аңдап байқасақ, бүгінгі біздің кейіпкеріміз жер жәннаты Жетісу өңірінің төл тумасы, облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының белгілі әртісі Сағындық Жұмәділ жөнінде айтылған әңгімелердің негізгі діңі, түпқазығы болған дүние алдымен – адамгершілік. Оның өнерге деген махаббаты, біреуге жасаған жақсылығы, көрсеткен көмегі, үлкенге ізеті, кішіге ілтипаты, ұлтын сүюі, тілін құрметтеуі. Ендеше, осының барлығы өзекті жанға өнеге, ұлт мұраты үшін ұлағат емес пе?

Ол өзінің ерік күшімен, сосын өмірдің сан қилы қайшылықты құбылыстары­мен жағаласа, жанталаса жүріп, өмір-теңіз жағалауынан нысана еткені тек жақсылық болып, талай биікке құлаш ұрды. Ерте гүлдеді, ерте пісті. Көп қатар­ластарынан гөрі көздегеніне де бұрын жетті. Бірақ адамдығын ұмытқан жоқ. Ал адамдық дегеніміз – табаны жерден екі елі көтерілсе екі рулы елге сәлем бер­мейтін тоңмойын емес, сұңғыла болсаң сыртымды көр де ішімді біл дейтін бітеулік те емес, ол – кәдімгі адамша жү­ру, адамша күлу, маңайындағылардың қай-қай­сысына да жүрек жылуын бірдей ша­шу екенін ол жақсы біледі. Мұндай қасиеттен жан дүниесі жадау біреулер Сағындық ағамыздың кейбір қылығын «қызық», тіпті оғаштау да көруі де кәдік. Қалай оғаш көрмейді кейде биліктің әнтек әрекетіне көңілі толмай сөзбен қажап алатыны да бар. Бұқпантайламайды, ойын қашанда ашық жеткізеді.

Небәрі отыз төрт жасында қазір өзі еңбек етіп жүрген театрды басқарып тұр­ған кезінде жұмыссыз жүрген әріптесте­рін іздеп-тауып, қызметке алды. Бұл не? Жалпақ-шешейлік пе, жақсы атты көрі­ну ме? Жоқ, бірі де емес! Бұл – адамды сүйе білген, талантты сыртынан тани алған, кім-кімнің де жан дүниесін түсінем деген, өзгеге жақсылық жасау арқылы өз жаны рахат табатын адамның күнделікті тірлік, қарапайым қатынастағы ісі. Ал ұлттық мүдде, өнер мұраты, қызмет ыңғайы деген мәселелерге келгенде оның мінезі бөлек-ті. Қажет жерінде қатал, сөзі тура, принципке берік, жұмысына тастүйін. Сөйлесе сөзімді кім қалай түсінер, арты қалай болар деп бүгежіктемей, нені айтса да жүрегін жалындатып, ойын жалаулатып айтады. Мұндай мінезге жеткізген театр майталманының өнерге деген құрметі, балауса балдәурен күндердің жаңғырығы, кино саласындағы жеткен жетістігі мен өріс кеңдігі шығар. Бұлар жөнінде бұрын да біраз айтылған, әлі де айтыла берер. Ал қазір өнер иесінің өмір-дастанынан ой қоламтасын қоздатар кезек келген сияқты.

Сағындық ағамыз отбасында тым еркін де еркелеу боп өскен. Бес бұрым­ды­дан кейін Құдайдан тілеп алған тұлым­дының маңдайынан кім шертеді. Содан да болар, сағынып күткен ұлды Сағын­дық деп атағаны. Гүлсім анадай адуынды, Айтмұхамет атадай батыр мінез ата-ана мойындарына бұршақ салып жүріп көрген ұлдың бетіне кімді қаратады, одан басқа кімді әлпештейді. Соның нәти­жесінде тік жүрді, сәнді киінді, еркін сөй­леп, еркелей де білді. Бұл қасиет, бұл мі­незден ғұмыр бойы айырылған да жоқ. Ата-ана қасынан шыққан соң ол өз отба­сының, достарының, елінің де еркесіне айналды.

Әр адамның мінезі негізі әуелі жаратылысынан, сосын өскен орта, шыққан ұясында қалыптасатыны белгілі. Біздің­ше, кейіпкеріміздегі қызуқандылық, ой иірімдегі ұшқырлық, нағыз өнер адамына бітер арқа оған қанмен берілетін қасиет те, сырбаздық, шешендік, намысшылдық секілді мінездер отбасынан дарыған болса керек. Осы тұста есімізге ең алдымен, Сағындық ағамыздың анасы – марқұм Гүлсім апамыз түседі. Ол кісі, жаны жән­натта болғыр, көзкөргендердің айтуынша, етекті жанның естісі, жаулық жа­мылғанның сестісі, қара сөздің бетінен қай­мақ қалқитын аузы дуалы, төсек үстінде отырып-ақ төр басынан төскейге де­йінгі шаруаны түгел көре білетін көзі қы­рағы, сөзі өтімді адам болған екен. Ал әкесі Айтмұхамет тау қозғалса да қоз­ғалмайтын кісі болыпты. Сағындық аға­мен сұхбат барысында көп дүниеге қа­нық­тық. Бүгінде өзі үш немересіне ақыл айтар ата болса да «әкесі» туралы сөз қаузағанда жанарына мөлтіл жас тұнды. Біз ғұмырын театрға арнаған ақжүрек азаматтың өмірбаянын үнсіз тыңдадық.

«Ата-анам заң саласында қызмет етке­німді қалады. Десе де, мен ат тонымды ала қаштым. Бала күнгі арманым байыз таптырмады. Айттым, әртіс болмасам оқу­­­дың қажеті жоқ деп шорт кестім. Сөй­­тіп бұлар қулыққа көшті. «Мына Тал­ды­­қорғанда заң техникумы ашылыпты. Сонда 1 жыл, 10 ай оқы, әрі қарай теат­ры- ­­ңа тапсырасың», деді. Олардың ойы әй­тіп-бүйтіп мені ауылда алып қалу. Со­ны­мен 1979 жылы Алдабергенов ауы­лын­дағы М.Байысов атындағы орта мек­тепті аяқт­ағаннан кейін, осы жылы заң техникумына оқуға түстім. Қазақы тәрбиеде өскенбіз ғой, ата-анамызды ат­тап өте алмадық. Бірақ бәрібір оқу жұқ­пады.

Демалыс күндері үйге қашып ке­ліп жүрдім. Содан бір жылдан соң тех­никуммен қош айтыстым. Әке-шешем көңі­­ліме қарады ма, ақыры ақ батасын бе­ріп, театр институтына түсуіме рұқсат етті. 1980 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына оқуға тап­сыруға бардым. Қазақтың тұңғыш кә­сіби режиссері Асқар Тоқпанов шәкірт жинап жатыр екен. Әйтсе де бағым жанбады, бірінші емтиханнан ұшып кет­тім. Қалада не істейсің, ауылға қайтуға тура келді. Үйге келген соң анам «әне, көрдің бе, сенен әртіс шықпайды» деп оқуымды қайта жалғастыруымды өтінді. Бой бермедім. «Сендер дұрыстап бата бермедіңдер, сол үшін түсе алмадым» деп өздеріне айып тақтым. Бір жыл босқа кетпесін деген оймен шопырдың оқуын оқыдым. Келесі жылы театр институтына қайта тапсырдым. Алматыда бөлемнің үйінде бір ай жатып дайындалып, ақыры КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның класына қабылдандым. Екінші ұстазым Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрмұхан Жантөрин болды. Одан соң Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешовадан да сабақ алдық. Ол кісінің «Қарагөзді» ойнайтын кезі. Әрі-бері шапқылап, жұмыстан шығуына тура келді. Оның орнына Тұңғышбай Жа­ман­құлов ағам келді. Қызықтың көкесі алда.

1984 жылы 3-курсты бітірген кезде кеш­кі сауық кеште төбелесіп, топтағы қыз­дар атыма арыз жазып, оқудан шығу­дан басқа амал қалмады. Бірақ деканымыз: «Сені қалдыруға болады. Ең басты­сы, адам өлтірген жоқсың ғой. Әйтсе де мына топта оқып береке таппайсың. Сен әскерге барып кел. Келген соң жалғас­тырасың» деп арқамнан қағып шығарып салды. Содан қойшы, жүгімді жинадым да әскерге тарттым. Ол кезде екі жыл. Өмір деген өзі шыжығы мен қызығы қа­­тар жүрмей ме? Менің шопырлық куә­­лі­гімнің көмегі тиді. «Бізге шопыр керек» деп Мәскеуге құрылыс батальонына ал­ды да кетті. Бірақ онда жаман болған жоқ. Жа­сым 22-де, қатардағы сарбаздар «шал» деп атайды. Астымда судай жаңа «ЗиЛ-130». Сөй­тіп Отан алдындағы борышымды өтеп, сүйікті оқуыма қайта оралдым.

Ауылдағыларға тіс жармадым. Бар ойым оқуымды қайта реттеп, туған топы­раққа бірақ барсам деген ниет. Ұшақтан түсе салып, бірден институтқа тарттым. Үстімде әскери киім. Декан қарсы алып, бірден: «Партияға өттің бе?» деп сұрады. Төбелесіп жүрген мені қайдан алсын партияға. «Жоқ» дедім. Сөзбен бір сыбап алды да «ректордың атына арыз жаз да, ертең кел» деп шығарып салды. Ертесіне сағат 10-да келдім. Қазақ КСР халық әртісі Шолпан Жандарбекова­ға хабарласып, жағдайды түсіндірдік. Ол кісі «Қарагөзді қойып жатыр едім, Наршаның рөлін сомдайтын жігіт керек» деп қуанып кетті. Әйтсе де тағы да бір келеңсіздіктер пайда болып, 3-курс­ты қайта оқуыма тура келді. Сонымен өтінішті қайта жаздым. Енді Қазақ КСР халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевтың кур­сына қабылдануым керек. Өтінішке Ыды­рыс ағаның қолы қажет. Қолыма гүл алып, үйіне тарттым. Есікті зайыбы Фарида апай ашты. Амандық-саулық сұраған соң Ыдырыс ағай жағдайды түсініп, қолын қойып берді. Сонымен қойшы, 7 жыл дегенде оқуды бітіріп шық­тым ғой. Бірақ ең ғажабы сол өнердің алынбас қаранарларынан білім алдым. Соны әлі күнге дейін мақтаныш тұтамын.

Міне, бүгінде облыс әкімі Амандық Ба­таловтың қолдауымен зәулім жаңа ғи­­ма­ратқа ие болдық. Аймақтағы театр тар­­ландары киноға түсіп, елдің алдында таны­­лып жүр. Мұның бәрі – үлкен жетістік. Шү­­кір, ізімізді басып жастар өсіп келе жатыр.

Бұл – кейіпкеріміздің айтқан әңгіме­сі­нің алғашқы парасы ғана. Қазақы тәр­биеден ошақ басында ауызданған аға­мыздың еліне деген сүйіспеншілігі қай­ран қалдырады. Мұны біз тарихи кино­ларда билер мен батырлардың рөлін сом­­дап жүргенінен-ақ байқағанбыз. Тіп­ті Ресейдің киноиндустриясында да өзін­дік қолтаңбасы қалды. Жақында «Төле би» тарихи телехикасында Төле бидің қартайған шағын ойнады. Режиссерлер Сағындық ағаны сол рөлге бірден лайық деп тапқан. Себебі ағамыздың түр-тұл­ғасы, сөйлеу мәдениеті көз алдымызға кешегі бабаларымыздың бейнесін әке­леді. Өзі: «театр әртісі тек қана талантты ғана болмауы керек», деген пікірде. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сұхбат барысында екі арудың әкесінен қыз бала тәрбиесі хақында да сұрадық:

– Олардың жаны нәзік қой, інім, қат­ты сөйлеп, батырып айта алмайсың, ақыл­мен, ишаратпен жөн сілтегеннен басқа амалың бар ма? Және әке екеніңді де қыз баланың алдында жақсы сезінесің. Бұл жағынан келгенде, олар өзіңе тәрбиеші де. Неге десеңіз, жөні түзу әке қыз бала­ның алдында оғаш сөйлеп, оқыс мі­нез көрсете ме?.. Біз жарым Сәуле екеу­міз Аяулым, Арайлым атты екі қыз тәр­бие­леп өсірген отбасымыз. Шүкір, бү­гінге дейін бірі алдымыздан кесе-көл­денең өткен емес, қашанда қас-қаба­ғы­мызға қарап тұрады. Сондықтан да ашығын айтсам, қыз баланы ерекше жақсы көре­мін. Мен қыз балаларымды түгел қазақ­ша оқыттым. Бұл – ұлттық мінездерін жоғалтпаса дегенім, – деп сөзін түйді Сағындық Айтмұхамбетұлы.

P.S: Сонау жылдары облыс орталығы Алматыға ауыстырылып, Талдықорған қаласы қаңырап қалғандай болған аумалы-төкпелі кезде театрға басшылық етіп, қайта шырағын жаққан Сағындық Жұмәділдің өмір айнасы – өнер. Сол өнерді өшірмеуге тырысқан жанкешті актердің өмірдерегін біз бүгін өзімізше бағдарладық. Ақсақалдар әлі күнге сол өтпелі кезеңнің өтінде қалып қалмай, ел игілігі үшін қақаған қыста шана сүйреп жүріп әр ауылда қойылым қойған театр ұжымына айтар алғысы шексіз. Сонымен бірге Желтоқсан оқиғасында да ұлт намысы үшін ұрандағаны ұрпақ жадында тұр. Осының бәрі Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атануының алғышарты болды. Аяулы жары Сәуле Мәуленқызына деген махаббаты бәз-баяғы қалпында. Ұялы телефонның бетіне сүйгенінің суретін қойып қойғанына қарап солай болжадық, іштей. Әне, біз айтқанша телефоны да шырылдай жөнелді. Театр теңізінде еркін жүзген өнер дарабозын сеніміне қазық болған отбасы күтіп отыр. Одан артық қандай бақыт болсын!