Бүгінде ғылыми-техникалық жетістіктерін қолдана отырып, экономика саласында дамудың даңғыл жолына түскен елдер көп. «Елімізде ғылыми-техникалық үдеріс қалай дамуда, инновациялық әлеуетіміз қандай?» деген мәселелер уақыт күттірмей шешуді қажет етеді. Ал мамандар бәсекеге лайықты ел болудың негізін сапалы білім, жаңа технологиялар мен инновациямен тығыз байланысты деп түсіндіреді.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Еуразиялық тау ғылымдары академиясының вице-президенті Сейітқали Ғалиев Еліміздегі ұлттық инновациялық жүйенің тиімділігін өте төмен деңгейде екенін айтады. «Ұлттық инновацияның қалыптасқан ережесіне назар аударатын болсақ, тұтынушыға дейінгі инновациялар трансферті мен оның жүзеге асу барысын қамтамасыз ететін институттардың жиынтығы екенін ғана аңғаруға болады. Ресейде ұлттық инновациялық қызметті жүзеге асыруға қолдау көрсететін арнайы нысандар мен институттар жұмысы жолға қойылса, Швеция сияқты дамыған елде бұл жеке және мемлекеттік секторда импорт, модификация және жаңа технологияларды таратуды жүзеге асыратын институттармен, ал ағылшындарда білім беру, тәжірибе әрекеттестігі мен жаңа технологияларды анықтауға ықпал ететін ұйымдар жүйесімен ерекшеленеді», дейді С.Ғалиев. Оның айтуынша, бүгінгі Қазақстан жағдайында ғылым инновацияның қайнар көзі ретінде бұл үрдістен шет қалып отыр. Осыған қарап, салыстырмалы түрде алғанда, аталған елдерде инновацияны дамытудағы құралдардың, тіптен қадамдар мен механизмдердің әртүрлі екенін көруге болады. Осылайша елімізде даму институттары қолданып жатқан міндеттер мен мақсаттарға қарап, аталған жүйенің біздің елде мүлде жоқ екенін көреміз.
Ұлттық инновациялық жүйеміз технологиялар түріндегі импортты инновациялар трансферті мен консультативті құзыреттілікке ғана басымдық берумен шектелген. Даму институттарының отандық инноваторлармен тәуекелдерге баруы да сирек жағдай әрі шығынды өтеу үрдісі жоба сәтті аяқталғаннан кейін ғана жүзеге асып жатады. Бұл – технологиялық жаңғырту тұрғысынан қате ұстаным.
Аталған тақырыпқа байланысты мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады әрі оның барысынан ұлттық инновациямыздың мақсатсыз әрі жүйесіздігі айқын көрініп-ақ тұр.
Осы орайда ғалым отандық ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу мүмкіндіктері жайында сөз қозғап, оның да жағдайы мардымсыз екенін айтып, ғылыми және өндірістік салалар арасындағы алшақтық, ғылымды қаржыландырудың төмендігі, отандық өнеркәсіптік саясаттың әлсіздігі сияқты бірқатар факторды негізге алды. Әрі оның нақты мысалдарын тау өндірісі негізінде қарастырған С.Ғалиев бүгінде еліміздің тау-кен өндірісі саласында ақпараттық өнімдер мен қызметтердің 95 пайызы импортқа тәуелді екеніне назар аударды. Ресми деректер бойынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің импорты 2019-2020 жылдары орташа алғанда жылына жалпы тауарлар импортының 90,5 пайызын құраған. Көлік саласында өнімнің 80 пайызы басқа елдерден әкелінген. Ал отандық нарықтағы импорттық дәрілердің үлесі 90 пайызға жуық. Осы деректерге қарап, елдегі цифрлық трансформация үдерісі өз бетінше жүзеге асып жатқанына көз жеткізуге болады. Ал оның жергілікті әлеуеті бар болғанымен, ол да қанағаттанарлықсыз күйде.
«Елімізде инновациялық дамуды методологиялық тұрғыдан қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Мысалы, дамыған елдер тәжірибесінде ғылым мен инновацияға 20 пайыздан жоғары шығын шығарған кәсіпорындар инновациялық белсенді саналады. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 0,14-0,15-ті құраса, дамыған елдерде 0,6-0,7-ден жоғары деңгейде тұр. Осы көрсеткішке қарап, елімізде аз да болса алға жылжу бар екенін аңғарамыз. Өйткені салыстырмалы түрде қарастыратын болсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш ресми түрде 0,03-0,04 пайызды құраған. Осы тұста айта кететін басты мәселе – импорттық инновацияға шығатын шығынның ғылым мен инновацияға бөлінген шығын ретінде қабылдануы. Мұны да қаперге алған жөн. Егер де елімізді, сондай-ақ ұлттық қоғамдастықты дамытамыз десек, өнеркәсіп кешенінің технологиялық жаңғыруымен айналысуымыз керек. Ол үшін өнеркәсіп саясатында жалпы қабылданған методологиялық жаңғыру қағидаттарын ұстану қажет. Ал индустриялық-инновациялық дамудың тиімділігі ғылыми-өндірістік және ұлттық тепе-теңдікті сақтағанда жүзеге асатыны сөзсіз. Ол үшін ғылыми-инновациялық қызметті бюрократиялық кедергілерден қорғайтын заңнамамен қамтамасыз етіп, бұдан былай мемлекеттік емес, ұлттық өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыру қажет», дейді С.Ғалиев.
Жалпы ғылымды қаржыландыру мен басқару механизмдері жүйелі талқылауды қажет ететіні сөзсіз. Бұл ретте С.Ғалиев тәуелсіздік жылдарындағы және қазіргі ғылымның даму барысын сараптай келе, жаппай конкурстық қаржыландыру ғылыми әлеуетті бірте-бірте жоюдың тиімді механизмі екенін атап өтті. Жыл сайын ғылыми мазмұнның құндылығы кетіп, бүтіндей мектептер мен бағыттар жойылып барады. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша соңғы конкурстар формальды белгілері бойынша жобаларды қабылдамауға бейілділікті көрсетті. Бұл стейкхолдерлерге ғылымнан ғылыми жобалардың мазмұны, олардың ел үшін өзектілігі және индустриялық-инновациялық дамуға жәрдемдесу тұрғысынан тиімділігі мүлдем бейжай қарамайтынын көрсетеді. Мұның өзі – нонсенс. Ғылым дамуына нақты мүдделі жүйе, керісінше, формальды сәйкессіздіктерді жоюға көмектеседі, өйткені онда басты міндет пен мақсат – перспективалық жобаларды іздестіру және оларды ілгерілету үшін жағдай жасау және мүмкіндігінше толық іске асыру.
Ғалымның бұл пікірімен келіскен профессор, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Серікбол Тоқмолдин ғылым мен инновацияның иісі де шықпайтын гранттар қандай да бір әлеуметтік көмекке айналып барады деген уәжін білдірді. Бұдан бұрын мәлім болғанындай, академик С.Тоқмолдин мен физика-математика ғылымдарының кандидаты Эльдар Кнар «Ғылым доктринасын» жазып, онда отандық ғылым саласындағы өзекті жайттар мен олардың шешу жолдарына қатысты мәселе көтерген болатын.
«Бүгінде ғылыми шығармашылықты есеп беру мен тапсырыс беруге, ғылыми идеяларды гранттық фантазияларға, ғылыми трендтерді космостық қиялға, таланттарымызды ғылымға, технологияға, инновацияға еш қатысы жоқ жастармен алмастырып жатқандаймыз. Қазақстан квазиғылыми, жалған ғылыми фантомдар мен фантазиялар мен елестің еліне айналып кете ме деп алаңдаймын. Бюрократиялық кедергілер сапалы ғылыми өнімді жасайтын тиімді технологиялық циклды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан да еліміздегі бизнес саласы қазақстандық эрзац-өнімді емес, сапалы шетелдік өнімді қажет етеді. Бюрократиялық қадамдар ғылымның да, экономиканың да дамуына теріс ықпал етіп отыр. Ғылыми-техникалық даму бағдарламасын жоспарлау мен жүзеге асырудың басты құралы – іргелі және қолданбалы ғылымның бюджеттен қаржыландырылуы. Осылайша үш тармақтан тұратын қаржыландыру құрылымы – базалық жоғары деңгейдегі конкурстық және базалық жүйеқұраушы қаржыландыру ғылым саласын қаржыландырудың басты құралына айналуы тиіс. Сонымен бірге конкурс жариялаған кезде гранттардың көлемін нақты белгілеп әрі санын шектей отырып, қосымша гранттық қаржыландыру мен жекелеген ғалымдардың ізденістегі жобаларына көңіл бөлінуі қажет. Бүгінде еліміздегі ғылымның пайдасын қоғам көруі тиіс», дейді С.Тоқмолдин.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде технологиялар трансфертінің үздік үлгілері бар. Бірақ көңіл қуантарлық мысалдарға скептиктердің көзі жетпей отыр. Себебі барлық инновациялық бизнестің барысы шикі әрі нарық талаптарына сай емес. Сонымен бірге шетелдік компаниялардың бірлескен кәсіпорындар негізінде өзіндік ноу-хоуларымен бөлісетініне сене қою да қиын мәселе. Өйткені шетелдік компанияларға Қазақстан индустриясына жаңа технологияларды енгізгеннен гөрі, шикізатты тасып, өңдеуден өткізген тиімді. Сондықтан да қазақстандық ғалымдардың жобалары бүгінгі күн талаптарына сай және пайдаға асатындай болуы тиіс. Біздің батыс ғалымдарынан ұтылып отырған тұсымыз – осы.
АЛМАТЫ