Премьер-Министр Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Өңірге сапары барысында Үкімет басшысы облыс әкімі Серікбай Трұмовтың өңірде мал шаруашылығы саласында қалыптасқан жағдай және құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарды жемшөппен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамасын тыңдады.
Облыс әкімінің дерегінше, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай секілді көршілес облыстардан шөп жеткізу және өткізу жолға қойылған. 1200 тоннадан астам арпа әкелінді, олар фермерлерге нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды. Үкімет Маңғыстау облысында малдың аналық басына арналған азыққа жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге бөлді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша фермерлік шаруашылықтарға қолжетімді бағамен көлемі 114,7 мың тонна дайындалған шөпті сатып алу және жеткізу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 56,3 мың тонна жемшөп (кебек) сатып алуға қосымша қажетті қаражат бөлінеді.
Бұдан кейін Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстандағы алғашқы TETYSBLU тақырыптық паркінің ашылу рәсіміне қатысты. Объект Ақтау қаласының туристік аймағында орналасқан, онда BluPower, Watermania, Snorri сынды Орталық Азияда теңдесі жоқ аттракциондар және 30-дан астам бірегей аттракцион бар.
Үкімет басшысы Ақтау қаласының туристік аймағын дамыту жобалары қалай жүзеге асырылып жатқанын тексерді. Атап айтсақ, гольф клубы, сауда қатарлары, виллалары мен апартаменттері бар Hilton және Fairmont брендтерінің қонақ үйлері, Aqualina Resort. Қыркүйек айында гольф клубының, сауда қатарларының, виллалар мен Fairmont қонақүйінің құрылысы аяқталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ А.Мамин осы жылдың қазан айында аяқталуға тиіс туристік аймақтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған, ұзындығы 49 км қосымша су таратқыштың және ұзындығы 33 км КТҚ-1-ден КТҚ-2-ге дейінгі қысымды кәріз коллекторының құрылысымен танысты.
Премьер-Министр жоспарланған нысандардың және көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырды.
Премьер-Министрге өңірдегі балық шаруашылығын дамыту, оның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру зауыты құрылысының перспективалық жобалары, Каспий теңізінде балық аулауды ұйымдастыру туралы баяндалды. Сонымен қатар А.Мамин балық жемін өндіру және отырғызу материалын өндіруге арналған инкубациялық цехты құруды қоса алғанда, жылына 30 мың тоннаға дейін балық өсіру және қайта өңдеу бойынша заманауи технологияларды енгізе отырып, «Інжу Маржан» шығанағында балық өсіру кешенін құру жобасымен танысты. «Ақтау теңіз порты» АЭА-да Үкімет басшысына жұмсақ қаптама ыдыс, полимерлік қаптама, сорғы штангалары мен муфталар, каустикалық сода және құрамында хлоры бар өнімдер және т. б. өндіру жөніндегі инвестициялық жобалар таныстырылды.
Премьер-Министр «Құрық» паром кешенін және «Ақтау» теңіз портын да аралап көрді. Мұнда Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселелері сөз болды. Атап айтқанда, жүктерді ауыстырып тиеу қуаты жылына 6 млн тоннаны құрайды.
Үкімет басшысы ұзындығы 24 шақырым болатын Ақтау-Әуежай бірінші санаттағы автомобиль жолының салыну барысын, сондай-ақ ұзындығы 4,5 шақырым болатын «Хонда» орталығынан Өмірзақ ауылының Т-тәрізді қиылысына дейінгі қалалық автомобиль жолын реконструкциялау барысын тексерді. Аталған учаскелердегі барлық жұмыс түрін толық аяқтау биылғы жылдың бірінші қыркүйегіне жоспарланған.
А.Мамин «Транстелеком» АҚ Деректерді өңдеу орталығының жұмысымен де танысты. Жоба құны – 6,8 млрд теңге. Орталық Tier III деңгейінің қауіпсіздік және сенімділік стандарттарына сәйкес келеді. Осындай орталықтар Қазақстанның 9 қаласында: Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Нұр-Сұлтан және Алматы шаһарында бар. Деректерді өңдеу орталықтары клиенттік серверлердің үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге, цифрландыруды енгізуге технологиялық негіз бола алады.