Астана халықаралық қаржы орталығы Үздіксіз кәсіби даму бюросы «IPO: Трансформациялық оқыту» сессиясын ұйымдастырды. Онда компаниялар мен олардың қызметкерлерін IPO-ға дайындау мәселелері және қазақстандық ірі кәсіпорындардың әзірлігі жайы талқыланды.
IPO – қандай да бір компанияның өз акцияларын жалпыға ұсынуы. Жария орналастырудың негізгі себептері – жобаларды қаржыландыру және компанияның одан әрі өсуін қамтамасыз ету, міндеттемелерді әртараптандыру. Соның ішінде ең бастысы – сол мекемеге капитал тарту үшін өткізіледі.
Сессияны ұйымдастырушылар Астана халықаралық қаржы орталығы биржасында акция орналастыру жайын қатысушыларға түсіндірді. Мамандардың айтуынша, Astana International Exchange биржасында акцияны ашық орналастыру үшін компанияларда ең алдымен аудиттелген қаржылық есебі болуы керек. Сондай-ақ аудит жүргізген компаниялардың AIX талаптарына сәйкес келетіндігіне, акциялардың ең аз көлемі еркін айналымында бар екендігіне көз жеткізіп алғаны жөн және ұсыныстың көлемі кем дегенде 1 млн АҚШ долларын құрауы қажет. «Кез келген компания алға ұмтылуды, өркендеуді қалайды. IPO да – компанияны алға сүйрейтін тетіктің бірі. Егер компания басшылығы өздерінің нарықтағы болашағына сенімді болса, онда IPO басқа компанияларға сатудан гөрі акционерлер үшін тиімді болуы мүмкін. Жеке инвесторлаға қарағанда IPO менеджментке көп қаражат жинауға мүмкіндік береді. Дегенмен бизнестің жалпы бағасы жоғары, өйткені кез келген адам акцияларды сатып ала алады», дейді Astana International Exchange нарықты дамыту департаментінің директоры Әсел Мұқажанова.
Акцияларын жарияға ұсынбас бұрын сол компанияның басшылығы да, қызметкерлері де оған дайын болуы қажет. «IPO-ны тиімді жүргізудің маңызды шарттары көп. Оған дайындық және өткізу үдерісі жоғары жауапкершілік жүктейді. Компаниялар оған үлкен дайындықпен келуі керек. Компанияның тәжірибелі басқару тобы, оң қаржылық нәтижесі, өзгелерден ерекшеленіп тұратыны сапалы өнімі мен қызметі, нақты бизнес-жоспары, сенімді қаржылық, операциялық бақылауы болуы қажет. Жоғары білікті қызметкерлері мен жоғары сапалы адами капиталдың болуы да – акция сатылымында жоғары нәтижеге жетудің басты кепілі», дейді АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының Даму бағытының жетекшісі Элеонора Кусембаева.
Қызметкерлерді оқыту мен біліктілікті арттыру стратегиясын құру кезінде АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы кәсіби сертификаттау тәсілін – білім мен дағдыларды халықаралық деңгейде растауды ұсынды. Ал арнайы сертификаттаудан өткен мамандар компанияға ең жақсы халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізуге және нарықтағы компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
ІРО өткізудің бір мақсаты компанияға инвестор тарту деп жоғарыда айттық. Өзіне инвесторлардың көңілін аударғысы келетін компанияның аудиттік қаржы есебі де мінсіз болуы қажет. «Көпшілікке акцияларын ұсынғысы келетін компания қаржылық есептілігіне мұқият болған жөн. Бұл бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік мәселелерімен шектелмейді. Оның ең күрделісі – негізгі функцияларды талдау және компанияны жариялылыққа дайындау үшін қандай салаларды құру керек, қай саланы кеңейту қажет – осыны анықтап алған абзал», дейді АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының, Develop бағытының жетекшісі Әсел Мұсағұл.
Сарапшылардың пікірінше, компаниялар мүдделі тараптардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін ішкі бағалау жүргізуі керек. Бұл талаптарға деректердің ашықтығы, бюджеттер мен болжамдарды қатаң талдауы кіреді, яғни ішкі аудит қызметін күшейту – IPO сәтті өтуінің тағы бір алғышарты. «Инвестицияларды басқару процесін жетілдіру кезінде қаржыландырудың жалпы стратегиясын, оның ішінде мақсатты капитал құрылымын және әлеуетті акционерлер төлемдері стратегиясын, дивидендтік саясат пен акцияларды сатып алу бағдарламаларын ескеру маңызды. Негізінен табысты компаниялар тәуекелдерді басқарудың құндылығын жақсы түсінеді. Соңғы онжылдықтағы әлемдік қаржылық күйзелістер инвесторларды, реттеушілерді, басқа да мүдделі тараптарды тәуекелдерге басқаша қарауға үйретті, олар мемлекеттік компаниялардың тәжірибесіне де мұқият қарауға машықтанды», деп сөзін қорытты Ә.Мұсағүл.
Ал Стратегиялық мәселелер жөніндегі директор, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ғылыми кеңесінің төрағасы және корпоративті басқарудың төрағасы, профессор Александр Ван де Пут IPO жоспарлап отырған компаниялар дайындықты кемі бір жыл бұрын бастауы керектігін ескертті. Өйткені бұл адам ресурстарын басқару және жобаларды басқару компанияларды трансформациялау мен IPO-ға ғана тіреліп отырған жоқ. Бұл – корпоративтік басқаруды жетілдірудің, одан әрі тұрақты дамудың маңызды тетігі.
Сессия соңында ұйымдастырушылар Үздіксіз біліктілікті арттыру бюросының «Болашақ университеті» атты жаңа жобасын ұсынып, онда әртүрлі бағыттар бойынша офлайн, онлайн және виртуалды курстар мен тренингтер, дайындық бағдарламалары, біліктілікті арттыруға арналған IPO-ға трансформациялық дайындық бағдарламасы бойынша сертификаттау өткізілетінін жеткізді.