Алматыдағы эпидемиялық ахуал ушығып барады. Бұл жағдайды екпе алмағандар мен бұрын ауырмағандардың «Дельта» штамын жұқтыруымен байланыстыруға болады. Айналып келгенде, КВИ-дің одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штаб отырысы ахуалды тұрақтандыру шараларын қайта-қайта қарауға мәжбүр. Өйткені тамыз айында Алматыда індет әбден өршуі мүмкін. Мұндай сәуегейлікке не себеп? Мәселен, соңғы күндері Алматыда қоғамдық орындарға баруға тырысқан «қызыл» мәртебесі бар 65 адамға айыппұл салынды.
Қаланың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда 65 878 адам індет жұқтырған. Өткен 2 аптада бұрынғы 2 аптамен салыстырғанда КВИ дерті 2,6 есеге артып, тәуліктік өсім 1%-дан асты. Тек 1-18 шілде аралығында КВИ-дің 10 093 жағдайы тіркелді. Өкінішке қарай, шамамен шілдеде 10 700-дей адам індетке шалдығуы мүмкін деген пессимистік болжамға сәйкес келіп отыр.
Дерттің өсу себебі белгілі – 18 маусымнан бастап қалада «Дельта» нұсқасы тарала бастады, мамандар оның өте жұқпалы әрі тез тарайтынын, клиникалық көріністері тым ауыр екенін алға тартып отыр.
Соңғы 7 күнде «симптомды» пациенттердің үлес салмағы бұрынғы 7 күндегі 88%-дан 90%-ға дейін өсті. Бұл өткен жылы эпидемияның бірінші толқыны кезіндегі COVID-19-дың «Ухань» нұсқасының 50%-на қарсы дерек.
Осыларды қаперге ала отырып, Алматы қалалық СЭБД мамандары КВИ жағдайы бойынша алдағы 3 айға, яғни 30 қыркүйекке дейін санитарлық-эпидемиялық ахуалдың дамуына болжам жасады. Базалық болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 3-4 тамызға тура келеді әрі тәулігіне 1 600-ге жуық жаңа жағдай тіркелуі мүмкін. Пессимистік болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 10-11 тамызға тура келеді, 1 900 жаңа жағдай тіркелуі мүмкін. Базалық болжамға сәйкес 5-5,5 мың төсектік орын пайдаланылады, ал пессимистік болжамның шарықтау шегі бойынша 6-6,5 мың төсектік орынға артуы мүмкін. Демек базалық сценарий бойынша шілдеде – 27,5 мың, тамызда – 34,5 мың, қыркүйекте – 4,5 мың КВИ жағдайы, ал пессимистік болжамға сәйкес шілдеде – 29 мың, тамызда – 49,5 мың, қыркүйекте 13,5 мың КВИ жағдайы тіркелуі мүмкін.
Осындай жағдайда мектеп оқушыларының офлайн оқуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жұмыстары жүргізіліп, мұғалімдер вакциналанып жатқанын білеміз. Бүгінде мұғалімдердің 97%-ы бірінші компонентпен, 67,9%-ы екінші компонентпен вакциналанды. Бұған қоса медициналық қызметкерлердің 97,3%-ы бірінші компонентпен, 67,3%-ы екінші компонентпен вакциналанды.
Соңғы 2 аптадағы жас құрамын талдау балалар мен жасөспірімдерде вирустың «Дельта» нұсқасының тез жұғатынын дәлелдеп отыр. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 1%-ға өскен және жоғары болып қалуда – 14%. 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтардың дерт жұқтыруы төмендеді, 39%-дан 37,5%-ға дейін. 40-59 жастағы науқастардың үлес салмағы жоғары – 25%. Ал 60 жастағы адамдар арасында жұқтырғандардың үлесі 1,1%-ға өскен.
Жұмыспен қамту бойынша соңғы 14 күнде КВИ жұқтыру көрсеткіші өзін өзі жұмыспен қамтығандар арасында жоғары – 41%, түрлі ЖШС, ЖК, АҚ жұмысшылары арасында – 17%, зейнеткерлер арасында – 16,4%, мектеп оқушылары арасында – 9,2%, мектеп жасына дейінгі балалар арасында – 6,4%.
Соңғы 7 күнде КВИ жиі жұғатын жерлер тағы да сараланып, сауда нысандары – 40%, қоғамдық көлік – 20%, отбасылық байланыс – 19%, базарлар 16% екені анықталды.
Соңғы мәлеметтерге сәйкес, Алматыда 2 282 қатысушы Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейді. 9-14 шілде аралығында нысандарда QR-кодын (тіркеу) пайдаланып келушілерді тіркеудің минималды санын жүргізбеген фактілер анықталмады. 100 шақты қатысушы Ashyq жобасына белсенділікпен қатысып отыр. 26 сәуір мен 14 шілде аралығында 211 жауапсыз қатысушы жобадан шығарылды.
Ал 9-14 шілде аралығында Ashyq-та сканерлеу кезінде «қызыл» мәртебесі бар 31 адамға өзін өзі оқшаулау режімін бұзғаны үшін 30 АЕК айыппұл салынды. Жалпы алғанда, 28 сәуір мен 14 шілде аралығында өзін өзі оқшаулау режімін бұзғаны үшін «қызыл» мәртебеге ие 65 адамға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Тәртіп бұзушылар көбінесе қоғамдық тамақтану орындарына кіруге тырысады, мұнда 58 адамнан «қызыл» және 13 адамнан «сары» мәртебе анықталған. СОО кіреберісінде 28 адамның «қызыл» және 110 адамның «сары» мәртебесі белгілі болды. «Қызыл» мәртебесі бар 9 адам Алматы әуежайына өтпекші болды.
Сондықтан КВИ-дің одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штаб амбулаториялық емделіп жатқан қала тұрғындарын өзін өзі оқшаулау режімін бұзбауға және қоғам алдында азаматтық жауапкершілік танытуға шақырады.
АЛМАТЫ