«Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің алдымызда бабаларының игі дәстүрін сақтайтын, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Отаншылдық сезім – ұлт рухы деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған рухани байлығымен өскелең ұрпақты сусындату – басты парызымыз.
Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше. Қазақтың салт-санасын жаңғырту еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу – ұлттық идеяның негізгі бағыты. Ұлттық идея – қазақ халқы тудырған моральдық нормаларда және ұлттық құндылықтарда бекітілген патриоттық тәжірибені меңгеру, ұлттық этномәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарихты құрметтеу арқылы іске асырылады.
Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қалмақ» деп тұжырым жасаған екен. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеу керек. Бүгiнгi дұрыс тәрбие алған жастар – болашақ жақсы азаматтар. Сол себептен де Тұңғыш Президентіміз рухани жаңғыру туралы бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс», деп ой қорытады.
Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың бойына ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру – маңызды мәселелердің бірі. Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрасы мен ұлттық тәрбие саласында жұмыс жасау – басты міндетіміз.
Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз.
Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы санаған. Батырлық, ерлік ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі – тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық», деген екен. Расында, кең байтақ атырапты жауға бермей, қасық қаны қалғанша күрескен, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа қашанда өнеге болмақ.
Отансүйгіштік рух – Тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Осы жерде жас ұрпақ ең бастысы – отбасында асқақ отансүйгіштік сезімде тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», дейді. Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл-аймағының ықпалы зор. Отанды сүю отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінің шешуші факторы – отбасы. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.
Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ маңызды іс. Сондықтан да қоғам бұл жұмысқа парасаттылық танытып, байсалдылықпен жұмылуы керек. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениетін, тарихын, бұрынғы-соңғы ұлы ойшыл педагогтердің еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып, келер буынға дұрыс тәрбие-тағылымын сіңіру мүмкін емес. Жас ұрпаққа ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, оларды мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – қазіргі таңдағы өмір талабы және қоғам қажеттілігі.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады» деген. Сондықтан ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу – басты шаруа. Тәрбие барысында ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз еліміздің әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп сеніммен айта аламын.
Айдархан БИНАЗАРОВ,
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры