2 миллиард ағаш отырғызу мақсатында жасалып жатқан жұмысты бақылау үшін «интерактивті карта» әзірленуде. Бұл туралы Egemen.kz Экология министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2 млрд ағаш отырғызуды қамтамасыз етуді және осы жұмыстардың орындалу барысын бақылау үшін интерактивті карта әзірлеуді тапсырған еді.
«Жоғарыда көрсетілген тапсырманы іске асыру мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осы мәселені пысықтады. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК тапсырысы бойынша 2 млрд ағаш отырғызу жұмыс барысын мониторингтеу үшін интерактивті картасын әзірлеуде. Жерді қашықтықтан зондтау негізіндегі интерактивті карта халыққа мобильді нұсқада да қолжетімді болады деп жоспарлануда. Барлық мүдделі тұлғалар, қоғамдық ұйымдар және еліміздің әрбір азаматы осы жұмысты қадағалап, өз ұсыныстары мен ескертулерін уәкілетті органға жолдай алады», делінген министрлік хабарламасында.