Бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезіне қарасты Тарбағатай тауы теріскейін мекендеген өр мінезді Мұрын елінде XX ғасырдың бас кезінде болған толқулардың ірілері: өңірді дүр сілкінтіп, тарихта өшпес ізі қалған 1916 жылғы «Маусым жарлығына» қарсы М.Бектенов басқарған ұлт-азаттық көтерілісі, кейіннен кеңестік басқару жүйесі орнаған тұстағы мал-мүліктерді тәркілеу мен ұжымдастырудың ауыр зардаптарынан әбден мезі болып қаналған таулықтардың 1930 жылдарғы «Қаражал бандасы» атымен танылған қанды қырғынды бас көтеру.
Ақсуаттағы «Қаражал бандасы» көтерілісінің ұйымдастырушысы, жетекшiсi Тɵлеубай Бейсенбiұлы болды. Тɵлеубай арысы Зайсан, берiсi Аякɵз, Кɵкпектi ɵңiрлерiнiң наразы жұрттарымен байланысып, маңына 3 мыңдай адамды топтастырып, билiкке қарсы қарулы кɵтерiлiс бастайды. 1929 жылдың күзінде көтеріліс шарықтау шегіне жетіп жеңіліске ұшырап, көтерілісшілер Қытай асып кетуге мәжбүр болады. (Тарихқа толы Тарбағатай. Ғ.Іргебаев)
Соңында аңызы да, дерегі де молынан қалған «Қаражал бандасы» көтерілісі болған негізгі ошақ орны «Қисықтың Қаражалы» тау бөктеріндегі қанды қырғын әлі де ғылыми түрде терең зерттеліп, өз бағасын толықтай алмай отырғандығы шындық. Сол оқиғаға қатысты қолға түскен архив құжаты негізінде жылдар қойнауында көнерген тарих беттерінен дерек келтіруді жөн көрдік.
«Көшпелі қазақ халқын жерге отырықшыландыру туралы ереже» – 1924 жылы 17 сәуірдегі Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХК Кеңесінің көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылана бастаған қазақ шаруаларын жерге орналастыру тәртібін дәйектеп көрсеткен құжаты. «Ереже» бойынша қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларын жерге жаппай орналастыру, оларға жайылым, малға қажетті шөп болмай қалған жағдайда пайдаланатын сақтық пішен жер телімдерін беру, отырықшыландыруды мемлекет есебінен жүргізу көзделді. Отырықшыланатын қожалықтар үшін 10 жылдық мерзімге несие беру, оларды бес жылға дейін салықтың барлық түрінен босату, оларға тұқым, құрал-сайман және мал шаруашылығы құрылыстары мен мекенжай салуға қажетті құрылыс материалдарын тегін беру ескерілді. Алайда «Ереже» шарттары бұрмаланып, іс жүзінде дұрыс орындалмады. Керісінше, 1925 жылы ауыл ішіне таптық сына қағу, ауылда «Кіші қазан» төңкерісін жасау науқандарына бағдар алынды. Байларды кәмпескелеу, кедей-кепшікті ұжымдық шаруашылыққа күштеп енгізу жүргізілді. Бұл саяси науқандардың мәжбүр ету сипаты басым еді. Қазақстандағы кеңестік озбырлыққа қарсылық білдірген халық қозғалыстары аяусыз басып-жаншылды. Ел-жұрттың шынайы мүддесіне жауап бермейтін осынау үдерістер қазақ халқының 1931-1933 жылдары алапат ашаршылыққа ұшырауына соқтырды...» (Қазақ көтерілістері. Энциклопедия. Алматы 2014, 302 бет.)
1928 жылдың тамызында қабылданған «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» атқарушы биліктің қаулысы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!»-ға ұласқан зұлмат заманда, қолдан ұйымдастырылған озбырлықтан халықтың жағдайы күрт ауырлап, қабырғасы қайысқан тұста «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, қызылдар үкіметінің айтағына еріп үре жөнелген санасыз, «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратын, кеңестік идеология шырмауына матасып, өзінің қандас туыстарын қан қақсатып, зар илете көрсетіндіге ұшыратып, қолындағы бар-жоғын тінткізіп тәркілеуге ат салысып, кәмпескелеу үшін арнайы құрылған топтардың қолшоқпарлары болып, туыстарынан ұрпақтық қарғыс алған өзімізден шыққан шолақ белсенділер кезікті. Осы азғындар, жазықсыз жапа шеккендіктен жан сауғалап «арғы бет» аспаққа астыртын дайындалып, кішірек топтарға бірігіп жатқан ағайындарының әрекеттерін астыртын бақылап, жоспарларын асыру жолдарында орналасқан тосқауыл отряд басшыларына жеткізіп, қаншама руластарының оққа ұшып қырылуына себепкер болған-ды.
«Қаражал бойындағы қалың ел сол кездегі үкімет саясатына наразылығын ұйымдастырушылардың басы болып, Семей өңірін дүр сілкінткен «Қаражал бандасы» көтерілісіне шыққан. Шындығында Қаражалда болған оқиғаны үкіметтің кәмпескелеу мен жаппай отырықшыландыру және елді еріксіз колхоздарға ұйымдастыру саясатына қарсы шыққан көтеріліс деуге болады. Өйткені бұл көтеріліске мыңнан аса адам қатысыпты. Тек қана жауапқа тартылған адам 300-ден аса екен. Көтеріліс күшпен басылып-жаншылған соң Өкпеті, Қызылтас, Қаражал аймағында тұратын еркек кіндіктілердің барлығын шетінен ұстап түрмеге тоғытып, тергеуге алған екен». (Тортаев Қабдысіләм (1928–2004), «Өмір белестері» естеліктер жинағынан).
Шындығында, аталған көтеріліс аякөздік және көкпектілік намысты азаматтар бірігіп, бас көтерген ірі қарулы қақтығыс болғандығы белгілі. Бала кезімізден үлкендер аузынан осы оқиғаға қатысты естіп өскен өлең шумақтары бар. Қаражал көтерілісі 1930 жылдың қысында басталып, 1931 жылдың жазында жеңіліс табады. Басшыларының біразы құтылып, ұсталғандардың бәрі атылады. Сол атылғандардың бірі Мәруа деген қыздың ағасы екен. Әлдекімдер осы Мәруаға жазып беріп айттырған жоқтау:
«Төлеубай басшы, Қатыран,
Мақатай залым антұрған.
Момынға тиіп залалың,
Нақақтан ағам атылған.
Отряд кетті тоқтамай,
Жүре ме мылтық оқтамай.
Әкемді ұстап атқызған,
Тілеуің құрғыр Тоқтабай.
Қабдырдың ұлы Жұмажан,
Шықпаймын деген дұғадан
Қызылдар қаптап кеткенде,
Ұшып та кеткен қиядан.
Ақанғали, Серікбай,
Көзім көрді шерікті-ай.
Осыларға өкімет,
Не қылса да ерікті-ай.
Қасымның ұлы Әліпби,
Қаражалға тіккен үй.
Өкіметке оқ атқан,
Осыларда бар ма ми.
Сыбаннан келген Қызылбай,
Қайғымен көңілім бұзылды-ай.
Қолға түспей кетер ме,
Мың жасаған құзғындай.
Ақанғали мұғалім,
Халыққа тиді залалың.
Жазаңды беріп аямай,
Әділ сот айтар адалын.»
Осындағы көтеріліс басшыларының бірі Әліпби – Кенже Көшімбай руының дәулетті адамы. Қасымның сегіз ұлының үлкені... (Туғанов Жолдасжан, «Пенде» өлеңдер жинағы. Семей, 2015 ж., 220 бет.)
Осы жоқтау өлеңде аттары аталатын тұлғалар мен сол көтеріліске қатысып істі болған азаматтар жайлы, аталған көтеріліс құрбандарының бірі Боғас болысы Қаражал тауы тұрғыны руы Кенже – Көшімбай Ажығожаұлы Мұсағұл (1892-1931) немересі Алмас Болсынбекұлы (1958) ізденісі нәтижесінде табылған архив құжаттары деректерінен нақтылана түсті:
«Қазақстан Орталық Мемлекеттік Саяси Басқару Орталығына қарасты (ПП ОГПУ) іс-тергеуші топ «Үштік» отырысы хаттамасының көшірмесі. 1931 жыл, 15 мамыр».
РКФСР қылмыстық істер кодексінің № 4752 іс, 58/2-бабы бойынша айыпталушылар: Байтайлақов Меделбекпен (руы Кенже – Көшімбай) бірге айыпталған 106 адам тыңдалып, оларға үкімет тарапынан шығарылған қорытынды үкім төмендегідей:
Қозыбаев Қасым. 65 жаста(руы Кенже – Көшімбай)
Сағитов Мақатай. 29 жаста(руы Кенже – Көшімбай)
Әңкежанов Қырықбай(руы Малтүгел)
Ебіжанов Жұмағұл. 39 жаста Тәукебаев Өмірбай. 40 жаста Төлеңгітов Ақанғали. 27 жаста Шалов Сейітқазы. 45 жаста Тойкин Салхан. 45 жаста Назарбеков Дыңғали. 47 жаста Наурызбаев Қабдолла. 35 жаста(руы Кенже – Лепес)
Мекебаев Мұстафа. 41 жаста Көкімов Қарабас Белгин Әділхан. 32 жаста Тұрлыбеков Бекетай немесеШегебаев
Өмірбеков Қали. 61 жаста Бейсенбин Садық Қасенов Жанысбай Майлақов Әбіш Ажығожин Мұсағұл. 39 жаста(руы Кенже – Көшімбай)
(тек Сағитов М, Әңкежанов Қ, Төлеңгітов А, Назарбеков Дыңғалидың дүние-мүліктері тәркіленбесін). Қалғандарынікі толықтай тәркіленіп, барлығы атылсын!»
Төмендегі тізімде көрсетілгендер қылмыстық істің 58/2-тармағы бойынша 10 жылға бас бостандықтарынан айырылып, концлагерьге қамалғандар:
Байтайлақов М., Құсайынов М., Ботарбеков О., Қарамесов О., Текемесов И., Есенғожин С., Ыбыраев А., Әпсейітов М., Сағымов К., Сағымов Р., Исин Г., Күнбосынов К., Мұқамадиев М., Түсіпжанов О., Қаратаев Д., Кездік- баев Д., Отыншинов К., Өтежанов С., Айтолақов У., Майылқанов К., Серішев К., Орысбаев А..
Төмендегі тізімде көрсетілгендер қылмыстық істің 58/2-тармағы бойынша бас бостандықтарынан айырылып, 5 жылға концлагерьге қамалғандар:
Терлікбаев Т., Жұматаев Б., Жексенбаев Ж., Сыдықов А., Назарбеков С., Жаңсабаев М., Дүйсенбаев Ж., Нұрсейітов Н., Қайшанов С., Төлегенов М., Дүйсенбаев Н.
Төмендегі тізімдегілер аталған іс бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылып, концлагерге қамалғандар:
Жолдыбаев Б., Құдайбергенов Б., Ишанов М., Мұқашев М., Жұмаділов К., Жаманаев М., Тоқбаев М., Қабышев Б., Шағылов К., Қасенов Б., Итаяқов А., Рахимов А., Тілебаев М., Қасымқанов Б., Дәменов О., Әлепиев С., Базарбеков М., Жылдасов О., Қумашев Н., Базаров М., Әмрин Б., Жүнісов Б., Тұрсағұлов Т., Әбілханов Қ., Қожамбетов М., Тоқ- баев Ж., Байболов С..
Ал Қомытаев Ш., Әкежанов С., Ақшалов Д., Қаражанов О., Қалбанов А., Әлханов Ш., Белгин М. Қазақстаннан тысқары аймаққа 5 жылға жер аударылсын.
Ебіжанов Д., Жүндібаев, Байболов Қ., Дөртуылбаев Ә., Серкин, Назаров М., Иманбеков К., Нұғыманов К., Әмірқанов, Аманбаевтарды 3 жылға концлагерьге қамауға үкім шығарылған.
105) Байболов Сүлеймен 36 жаста. Көкпекті ауданына қарасты №3 ауыл тұрғыны, надан, үйленген, сотталмаған, кедей, партияға өтпеген. Ағасы көтеріліс басшысы Қатыран Байболовтың соңынан ерікті түрде еріп, Көкпекті бандыларымен аякөздіктер арасындағы байланыстарды жеткізіп тұруды ұйымдастырған. Өзіне тағылған айыпты толықтай мойындады.
106) Ажығожин Мұсағұл 39 жаста. №6 ауыл тұрғыны, сауатты, үйленген, әлеуметтік жағдайы бай қатарына жатады.
Ол төмендегі істер бойынша кінәлі болып табылады.
Ауылдарды аралап үгіт-насихат жүргізіп, банды құрамына қосылуға елді жұмылдырған. Қарулы қақтығыс басталған тұста бандыларға әскери кеңес беріп, басшылық рөлін атқарған.Өзіне тағылған айыппен келісіп, кінәсін мойындады».
Жоқтауда есімі айтылған Қатыран Байболұлы басында ауылдық учаскелік ішкі істер бөлімі сақшысы қызметін атқарған. Бандылар құрамына енген тұста қуғыннан қашып Қаражал тауы іргесіндегі Боғас өзенінің оң жағындағы «Қос қызыл» аталатын қабақтың бір сайындағы үңгірдің қабырғасын жартылай таспен қалап, бекініс жасап жасырынып, ұзақ уақыт қолға түспеген. Қапыда ел арасындағы қызылдардың жансызы қолға түсіріп, орталыққа тапсырған. Інісі Сүлеймен екеуінің 3 жылға сотталғандықтары жоғарыдағы тізімде көрсетілген.
Жоқтаудағы «Мақатай залым» – Мақатай Сағитұлы 29 жасында атылғандығы жоғарыдағы тізімде көрсетілген.
«Ақанғали мұғалім» Ақанғали Төлеңгітов. 27 жасында атылғандығы жоғарыдағы тізімде көрсетілген.
«Қасымның ұлы Әліпби, Қаражалға тіккен үй». Негізгі қарулы қарсылық көрсетушілердің бірі. Қолға түспей, Қытайға өтіп кету себепті 65 жастағы әкесі Қасым Қозыбайұлы атылғандығы жоғарыдағы тізімде көрсетілген.
«Сыбаннан келген Қызылбай» – Аякөз аймағынан келген топ басшысы.
А.Мұсағұлов жеке архив қорындағы «Қаражал бандасына» қатысып, істі болған 106 көтерілісшіге қатысты деректі сараптағанда ұрыс даласында оққа ұшып өлгендерден бөлек, тұтқынға түсіп, қатаң тергеулерден кейін ату жазасына кесіліп, жер аударылып, концлагерьге қамалғандардың көпшілігі Зайсан уезіне қарасты Боғас, Өкпеті болыстары тұрғындары мен Аякөз ауданынан келген көтерілісшілер екендігі нақтыланды. Оның ішінде істі болғандардың басым бөлігі Қаражал тауы сай-саласымен Базар өзенін бойлай қоныстанған Боғас болысына қарасты Кенже атасы ұрпақтары екендігі байқалады. Аталған рудың көнекөз қариялары Қаражал көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Төлебай Мықауұлы (1901-1969) көтеріліс құрықталған тұста ебін тауып, Үржар өлкесіне ізін жасырып үлгеруі себепті аман қалғандығын айтады.
Алдағы уақытта аталған көтеріліске қатысты жан-жақты этнографиялық және ғылыми зерттеулер жүргізіліп, «Қаражал бандасы» көтерілісі тарихи оқиға ретінде өлке тарихынан өзіндік орнын табары сөзсіз.
Серікбосын САДЫҚОВ,
Ә.Х.Марғұлан атындағы
археология институтының
ғылыми ізденушісі
Алматы
Суретте: «Қатыран банды» бекінісінің қазіргі көрінісі. Үңгірдің ұзындығы 4 метр; биіктігі 1,7 м; үңгір қуысы 2 метр шамасында.