Саяси қуғын-сүргіннің құпиясы толық ашыла қойған жоқ. Архив деректері талай сырды бүгіп жатыр. «Жаптым – жала, жақтым – күйе» дегендей, Атырау өңірінде солақай саясаттың сойылын соққан әпербақандардың асыра сілтеуімен 4 460 адам репрессияға ұшырағаны белгілі болып отыр.
Жақында бұл дерек саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында мәлім болды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, ел Президентінің Жарлығына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөнінде өңірлік комиссия құрылып, арнайы жоспары жасақталыпты. Жоспарланған іс-шараларды үйлестіруге жұмылған 8 жұмыс тобы бар. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау арқылы төл тарихымызды түгендеуге берілген мүмкіндік.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұқановтың мәліметіне сүйенсек, өңірлік комиссия құрамында 27 мүше бар. Оған ғалымдар, өлкетанушылар, жоғары оқу орындарының ректорлары, депутаттар, архив саласының мамандары мен өзге салалардың өкілдері енген. Ал облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылбек Жауымбаевтың айтуынша, ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік архивінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы материалдар сақталған.
– Қуғын-сүргінге ұшырағандар мен ақтауға жататын адамдардың қылмыстық істерінің саны – 2 869. Бұрынғы әскери тұтқындар мен КСРО-ның Германиядан қайта оралған азаматтарына арналған фильтрациялық, трофейлік 1 250 материал бар, – деді Асылбек Жауымбаев.
Мемлекеттік архивтерде сақталған материалдарда саяси репрессияға ұшырағандар мемлекеттік, лауазымдық, мүліктік және әскери қылмыс бабымен сотталған. Бұған қоса, сондай адамдарға антикеңестік үгіт-насихат жүргізу, қастандық жасау, ұйымдастырушылық, контрреволюциялық, жаппай тәртіпсіздіктерге, бандылар көтерілісіне қатысу, социалистік мүлікті ұрлау баптарымен үкім шығарылған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі кеңестік тұтқындар, Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында орналасқан үшінші құрылыс колоннасының жұмыскерлері ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары категориясына жататындығы анықталып отыр.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры Шахман Нағимовтың пікірінше, өткен ғасырдың 20-30-жылдары Кеңес өкіметінің пәрменімен сайлау құқығынан айырылған азаматтардың саны Атырау облысында 3 мыңнан асады. Сайлау құқығынан айырылған адамдардың тізімінде Кеңес өкіметіне қарсы адамдар, қанаушылар, ескіге сенушілер, кулактар, саудагерлер болған. Бұлардан өзге, ежелден халыққа пайдалы мамандық иелері болып саналатын малшылар, қасапшылар, шығар- машылық кәсіп өкілдері де қудалауға ұшырады. Ал 1923 жылдан бастап дауыс беру құқығынан айырылғандарды коммуналдық пәтерлерден шығару, сондай-ақ балаларын мектептерден қуу әрекеттері болған.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – жауапты іс. Бүгінгі ел тарихы, өскелең ұрпақ үшін тарихи құндылықтарымызды жаңғыртатын жаңа зерттеу жинақтары аса қажет. Осы орайда құқық қорғау органдары қажетті ақпаратпен дер кезінде қамтып, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеуге тиіс, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Атырау облысы