• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Шілде, 2021

Резервтегі әскери қызмет: Кім және қашан шақырылады?

885 рет
көрсетілді

Жақында Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі әскери ведомство халықаралық тәжірибеге сүйеніп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындағанын мәлімдеді.

Еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев: «Қазіргі геосаяси жағ­дайда мемлекеттің ұлттық мүд­десін әскери сипаттағы сын-қа­тер­лерден қорғау мемле­кет сая­саты­ның басым бағыт­тары­ның бірі болып табылады», деп атап айтқан болатын. Қазіргі заманда әлемнің кей елдерінде болған қарулы жанжалдар әскери сипаттағы сын-қатерлерді тек тиімді жұмылдыру ресурстары бар, жетілдірілген армия бол­ған кезде ғана шешу мүмкін еке­нін көрсетіп отыр. Осыған орай, дүниежүзінің көптеген ел­дері­­мен қатар, Қазақстан  үшін де бей­біт уақытта Қарулы Күш­тер­ді адам ресурстарымен қам­та­масыз етудің бір ғана тәсілі бар, ол –  резервтегі әскери қыз­метті енгізу.    

Шетел мемлекеттерінің тә­жірибесі табиғи және тех­но­­гендік сипаттағы төтенше жағ­дай режімін немесе соғыс жағ­дайын енгізу үшін белгілік бір уа­қыт қажет екенін көр­сеткен. Тез өзгеретін жағдайларға бай­ла­­­нысты кешіктірудің әрбір ми­­­ну­ты әскери іс-қимыл ор­нын­­­­да күштерді өрістетуге елеу­­лі түрде теріс әсер етуі, сондай-ақ табиғи немесе техно­ген­дік сипаттағы төтенше жағ­дай­лармен күрес тиімділігін тө­мен­детуі мүмкін. Сондықтан со­ғыс болуын немесе табиғи және техногендік сипаттағы тө­т­ен­­ше жағдайдың енгі­зілуін күт­­пей, ұдайы жауынгерлік әзір­лік­­тегі бөлімдермен қатар, қыс­қар­­тыл­ған құрам бөлімдері мен ре­зерв­ті де лезде өрістете білу қажет.

Сол себепті 2021 жылғы 19 мамырда Елбасының төрағалы­ғы­мен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында резервтегі әскери қызметті енгізу туралы шешім қа­былданған.

Осыған орай Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құра­лым­дардың құрылысы мен даму тұжы­рымдамасына сәйкес 2021-2025 жылдарға арналған резервтегі әскери қызметті енгізу іс-шараларын іске асыру көзделіп отыр.

«Бейбіт уақытта Қарулы Күштерді ұлғайтпай, резервтегі әскери қызметті құру әскери міндеттілердің белгілі бір санын алуға мүмкіндік береді, олар толық немесе ішінара жұмылдыру жүргізгенге дейін соғыс уақытының немесе соғыс жағдайының, не табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың бастапқы кезеңіндегі міндеттерді орындауға кәсіби тұрғыда әзір болады. Бұдан басқа техногендік немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде резервтегі әскери қызметшілер бірінші кезекте қолданылады, ол Қарулы Күштерге өздеріне тән емес функция­ларды орындауға елеңдемей, жауын­герлік әзірлікке зиян келтірмей, жос­парлы түрде жауынгерлік даяр­лықты жал­ғастыруға мүмкіндік бе­реді. Резервте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан әскери міндеттілер  Қорғаныс министрлігі айқындаған тәртіппен бейбіт уақытта жиындардан және бар әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлықтан өту арқылы әскери қызмет өткеретін болады деп болжанады. Резервтегі адамдар үшін даярлық бір айда бір-екі рет, ал жиын 30 күн өткізілетін болады, жалпы алғанда, бір жылда екі айдан көп емес. Заң жобасында резервтегі әскери қызмет ұғымын, қызметтің шарттары мен мерзімін, сондай-ақ резервтен шығару үшін негіздер тізбесін көздеу ұсынылады. Резервтегі қызмет азаматтардың негізгі жұмысын қоса атқарумен, жалақысын сақтаумен, қосымша ақшалай ризық төлеумен және жеңілдіктер берумен аумақ бо­йынша (тұрғылықты жері бойынша) келісімшарт негізіндегі әскери қызметті көздейді. Резервтегі адамдар тиісті мамандықтар бойынша сабақтарда немесе әскери жиындарда болған кезеңде әскери қызметші мәртебесінде болады. Осы санаттағы азаматтарды даярлауды жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес тиісті мамандықтар бойынша бір айда үш күндік сабақты және бөлімшелерді шоғырландыру үшін жиынтық іс-шараларды (оқу-жаттығуларды) (бір жылда бір рет 30 күннен) өткізуді ескере отырып, бір жылда шамамен 60 күн жүргізу ұсынылады», делінген Қорғаныс министрлігінің ресми сай­­тында жарияланған аталған заң жо­басының тұжырымдамасында.

Қолданыстағы заңнамаға енгі­зілетін өзгерістер жайлы Қорғаныс министрлігі Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің офицері, подполковник Берік Сүлейменов заң жобасы қазіргі кезде заң жобалау жұмыстары жөніндегі ведом­ство­аралық комитетте қарау үшін әзір­ленуде екендігін айтты. Ведом­ство­аралық комитет мақұл­данғаннан кейін ол мүдделі  мем­лекеттік органдар мен ұйымдарға келісу үшін жолданады. Содан кейін жоба Үкімет және Парламентке таныстыру үшін ұсынылады. Ол 2022 жылдың екінші жартысына жоспар­ланған. Берік Кеңесұлынан көп­шілікті қызықтырып отырған мәсе­лелер туралы айтып беруін сұрадық.

– Резервтегілерді алғашқы ша­қыру қашан басталады?

– Тиісті заң қабылданған жағдайда резервшілердің бірінші шақыруы 2024 жылдың екінші жартысында немесе 2025 жылдың басына жоспарланған. Шақыру ерікті түрде болатындығын айта кеткен жөн.

– Азаматтардың қандай санат­тарына артықшылық берілуі мүм­кін?

– Артықшылық әскери дайын­дығы бар азаматтарға беріледі. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызмет­тен және әскери-техникалық мектеп­терде, әскери кафедраларда дайын­дықтан өткендерге, сондай-ақ тағайын­дала­тын лауазымдарға азаматтық ма­ман­­дықтары жақын азаматтарға артық­шылық беріледі. Сонымен қатар атқыш­тық пен пулеметшілікке әскери дайындығы жоқ азаматтарды қабыл­дауға мүмкіндік болады.

– Резервшілер қай бөлімдерде қызмет атқаратын болады?

– Республиканың барлық аумақ­­та­рында орналасқан әскери бөлімдерде  резервтегі қызметті енгізу жоспарланып отыр.

– Резервтегі қызметтің ұтым­дылығы неде?

– Резервтегі қызмет Қарулы Күш­терге де, азаматтарға да ұтым­ды. Қарулы Күштерді алсақ, резервшілер­дің әскери бөлімге жету уақыты қыс­қарады. Екіншіден, әскери бөлім­дер жинақталатын резервші­лердің даярлығының сапасын жетілдіреді. Және резерв­­­шілердің денсаулық жағдайын үнемі бақылап отыруға мүм­кіндік туады. Ал азаматтар үшін қосым­ша ақшалай табыс алуға мүмкін­дік беріледі. Олар­ға ең төменгі айлық төленеді және  жиын­нан өту кезінде жұмысы бар азамат­тар­дың орташа айлығы сақталады, ал жұмыс­сыз аза­мат­тарға ең төменгі айлық төленеді. Бұған қоса оларға әлеуметтік пакет қарастырылған.

– Резервшілер үшін жас шектеу­лері бар ма? Және резервтегі қыз­метке әйелдер шақырыла ма?

– Резервшілердің шектеулі жастары офицерлік құрам үшін 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар үшін 50 жасқа дейін құрайды. Әйел адамдар резервтегі қызметке жалпы-негізгі ережелер бойынша қабылданады. Олардың шектеулі жасы – 45 жас.

Біз резервтегі әскери қызмет туралы заң жобасы жайлы Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік   ко­ми­тетінің мүшесі, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының тө­ра­ға­­сы Бақытбек Смағұлдың пікір біл­діруін сұраған едік.

– Резервтегі әскери қызметті енгізу қазіргі алмағайып заман талабынан туындаған орынды шешім деп ойлаймын. Мұндай тәжірибе бұрынғы Кеңес Одағы кезінде болғанын біле­міз.

Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу кезінде резервтегі әскери қызметті құқықтық реттеудің ха­лықара­лық практикасы, атап айт­қан­да, Америка Құрама Штаттары, Ұлы­британия, Германия, Ресей, Беларусь сияқты алыс-жақын шетелдердің тәжірибесі зерделенген.

Солардың ішінде, әрине АҚШ-тың нұсқасы анағұрлым тартымды деуге болады. Себебі онда резерв­­тегі адамға Қарулы Күштердің әс­кери қызметшілеріне берілетін жеңіл­діктердің бәрін беруге кепілдік бе­рілген екен. Ал біздің елдің Қор­ғаныс ми­нистрлігі әзірлеген заң жобасында көршілес Ресейдің жұ­мыл­дыру ре­зервіндегі қызметінің тә­жірибесі не­гізге алынған.

Нақтырақ айтсам, 2015 жылы Ресей Президенті «РФ Қарулы Күш­терінің жұмылдыру адам резервін құру туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкес ресейлік ре­зерв­тегі әскери қызметшінің ай сайын 2-3 күн оқуы және жыл сайын 20-дан 30 күнге дейін созылатын жиындардан өтуі қарастырылған.

Әрине әркім «көрпесіне қарай кө­сілетін» кез ғой қазір. Дегенмен, заң жобасы Мәжіліске келіп түскен соң оны жан-жақты талқылап, резерв­тегі әскери қызметтің азаматтарымыз үшін барынша тартымды болуына күш саламыз. Оған дейін ел болып екпе алып, санитарлық-эпи­демиялық тәртіпті сақтап, коро­на­вирус індетін ауыздықтасақ, сөйтіп экономикамызды көтеріп, ел қазы­насындағы қаржыны молайтсақ, құба-құп. Айналып келгенде, қай өзекті мәселенің болсын шешімі бюджетке тірелетіні анық қой, деді белгілі қо­ғам қайраткері.