Қитұрқылықтың сан алуан түрін меңгергендер қаржыны қашықтан ұрлауға көшті. Соның бір дәлелі – Атыраудағы №1 емхананың есепшотынан 70 млн теңгенің жымқырылуы. Күдіктілер мұнайлы өңірден емес, Жетісу төріндегі Талдықорған қаласынан тамыр тартқаны анықталды.
Басынан бастап баяндасақ, ел-жұрттың коронавирус пандемиясының қаупінен шайлығып, кейбірі туыстарынан айырылып жатқан былтырғы қазанда емхананың есепшотынан 70 млн теңгенің ұрланғаны белгілі болды. Сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалған Асхан Байдуәлиев емхананың есепшотындағы 70 млн теңгенің электронды түрде ұрланғанын айтқан еді.
«Бақсақ бақа екен» демекші, 2019 жылғы 25 желтоқсанда Д.Т. деген азамат кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін Алматы облысының Талдықорған қаласында «Lab service plus 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркетіпті. Содан кейін А.А. есімді азаматпен және сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде анықталмаған белгісіз тұлғалармен алдын ала сөз байласады. Сөйтіп былтырғы 13 шілдеде Алматы қаласындағы банктен шот ашып, банкоматтық карточка мен онлайн банкинг кілтін алған.
Сол жылғы 3 тамызда белгісіз тұлғалар сағат 16:00-17:00 аралығында Атыраудағы №1 қалалық емхананың қаржы-шаруашылық қызметінің ақпаратына заңсыз қол жеткізеді. Емхананың қаржылық есеп-қисабын аударып-төңкеріп қана қоймай, бухгалтерияның қашықтықтан ақпараттық қол жеткізу жүйесіне рұқсатсыз кіреді. Осылайша, емхана үшін жалған төлемдер жасап, №1 Атырау қалалық емханасының есепшотынан «Lab service plus 1» ЖШС-нің есепшотына және Д.Т.-ның жеке шотына коронавирус індетіне қарсы күреске бөлінген қаражат есебінен 70 млн теңгені аударған. Ал А.А. өңі түгіл, үш ұйықтаса түсіне кірмеген қомақты қаржыны қолма-қол шешіп алып, емханаға мүліктік зор зиян келтірген.
Жақында осы қылмыстық іс қаралып, Атырау қаласының №2 сотының үкімімен Д.Т. мен А.А. Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі, 3) тармағымен (Ұрлық, яғни алдын ала адамдар тобымен сөз байласу арқылы, аса ірі мөлшерде, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру жолымен, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) кінәлі деп танылды. Алайда сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде А.А.-ның бұрын сотталмағанын, асырауында төрт жас баласының барын, айыбын мойындап, шын ниетпен өкінгенін, қылмыстық құқық бұзушылықты әшкерелеуге белсенді түрде ықпал етіп, қылмыспен келтірілген мүліктік зиянды ішінара өтегенін ескерді. Сондай-ақ Д.Т.-ның да бұрын сотталмағаны, асырауында жас баласының бары қаперге алынды.
Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігімен Д.Т-ға 6 жыл 6 ай, ал А.А-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Атырау облысы