Вакцина алған студенттер мен оқытушылар арасында акциялар өткізетін жоғары оқу орындарының тізімі кеңейтіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов студенттер мен оқытушылардың денсаулығын қорғау үшін вакцинациялауға ынталандыру жөніндегі тапсырмасы туралы хабарлаған болатын.
«Осыған орай, елдегі 20 жоғары оқу орны жедел шаралар қабылдап, бүгінгі таңда тізім тағы 10 университетпен толықтырылды. Осылайша, жоғары оқу орындарының ректорлары әлемде жүргізіліп жатқан жаппай вакцинация қарқынын күшейту жөніндегі жұмысты қолдайтынын білдіруде», делінген хабарламада.
Студенттер мен оқытушыларды вакцинациялауға ынталандыру үшін қолданылған нақты шаралар мен жоғары оқу орындарының тізімі:
Satbayev University
Вакцинацияланған студенттер үшін:
- жеке стартап ашуға 5 млн теңге грант;
- жоо жатақханаларында тұру үшін 20 орын;
- елдегі немесе шетелдегі жетекші компанияларда өндірістік тәжірибеден өтуге жұмсалған шығындарды толық өтеу;
- Qoldau бизнеске арналған цифрлық платформамен бірлесіп кәсіпкерлік дағдыларды дамыту курстарына 100 сертификат;
- сессияны уақытында тапсырмаған студенттерге курстардан екінші мәрте тегін өту және 3 кредитті қайта тегін тапсыру мүмкіндігі;
- офлайн-қызықты шығармашылық, ғылыми, спорттық іс-шараларға (мейкатондар, хакатондар, турнирлер, концерттер және т. б.) қатысу мүмкіндігі.
Вакцинацияланған қызметкерлер мен педагогикалық оқытушылар құрамы үшін:
- орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыстан 2 күнге босату;
-10 қызметкерге осы жылдың соңына дейін жоо жатақханаларында тұруына 50% жеңілдік.
Қарағанды техникалық университеті
- 2022 жылдың жазына студенттер арасында «Политехник» спорттық-сауықтыру лагеріне тегін жолдамалар ұтыс ойыны;
- 2022 жылдың жазына «Политехник» спорттық-сауықтыру лагеріне оқытушылар мен қызметкерлер арасында тегін жолдамалар ұтыс ойыны;
- күзгі семестрде студенттерге ағылшын тілі курстарына тегін қатысу;
- басқарма төрағасы жоо ректорының стипендияларын тағайындау кезіндегі басымдық.
Толық тізім ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында жарияланған.