Қарағанды фармацевтикалық кешені «Спутник В» препаратының екінші компонентінің 100 мыңнан астам дозасын астанаға жөнелтті, деп хабарлайды Egemen.kz фармацевтикалық кешеннің телеграмм арнасына сілтеме жасап.
«Қазақстанда иммундау жоспарланған қарқынмен жүруде, өйткені вакциналар тапшы емес. Бүгінде Қарағанды фармацевтикалық кешені астанаға жүз мыңнан астам дозадан «Спутник В» препаратын ревакцинацияға жөнелтті. Ресейлік вакцинаның екінші компонентінің 103 085 дозасы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі», деп жазылған хабарламада.
Бүгінгі күні елорданың 326699 тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алды. 219488 адам вакцинацияның толық курсын аяқтады.
Қазақстанда жаппай вакцинация науқаны басталғалы бері 5145055 адам вирусқа қарсы препараттың бірінші компонентін алды. Екінші дозасын 3264705 азамат салдырды.