• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 27 Шілде, 2021

Интернет жылдамдығы бойынша 15 сатыға көтерілдік

1139 рет
көрсетілді

Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте Ресей мен Малайзияны басып озып, бір айдың ішінде 5 сатыға, ал бір жылда 15 сатыға көтеріліп, 80-орынға табан тіреді.

Бір жылда елдегі мобильді интернет жылдамдығы 42% артқан, деген ақпарат таратты Finprom.kz ресурсы. Мобильді интернеттің жылдамдығы 30,18 Мбит/с-қа жеткен. Былтырғы маусым айында бұл көрсеткіш 21,25 Мбит/с болатын, яғни жылдамдықтың артуы жылына 42%-ды құраған. Осылайша, интернет байланысының жылдамдығы төрт ай қатарынан қарқынды өскен.

Жалпы, ТМД елдерінің ішінде Қа­зақ­станда мобильді интернеттің жыл­дамдығы Ресей, Қырғызстан, Өзбек­стан, Беларусь, Тәжікстанға қарағанда жоғары. Рейтингте Малайзия, Египет, Үндістан, Венесуэла сияқты елдерде де мобильді интернеттің жылдамды­ғы Қазақстаннан төмен болып шыққан.

Жалпы, әлем бойынша мобильді ин­тернеттің орташа жылдамдығы маусым айында 55,34 Мбит/с болған. Ең жылдам интернет БАӘ-да (193,51 Мбит/с), одан кейін Оңтүстік Кореяда (180,48 Мбит/с) және Қатар (171,76 Мбит/с) сияқты елдерде тіркелген. Ал рейтингтің ең төменгі сатысында Ауғанстан тұр, онда мобильді интер­неттің қарқыны 7,37 Мбит/с екен.

Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша Қазақстанда 24,2 млн абонент бар. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 1,2%-ға артық. Оның ішінде 15,8 млн абоненттің интернеті бар. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда бірден 7%-ға көбейген. Ал әлемдік желілерге кіретін мүмкіндігі бар абоненттердің үлесі биылғы маусымда 65,3%-ға дейін артқан, былтыр осы уақытта бұл көрсет­кіш 61,8% болған.

Бүгінде елімізде үш ұялы байланыс операторы бар. Олардың ішінде ең көп абоненті бар Beeline болып шыққан – 9,5 млн. Содан кейінгі орында Kcell/Activ (8,1 млн абонент) және үшінші Теле2/Altel (6,5 млн абонент).

2021 жылдың алғашқы 6 айында Beeline 1350 базалық станса салып, оған 120 елді мекенді қосқан. Сөй­тіп ауылдық жердегі интернет-трафик был­тырғымен салыстырғанда бұрын-соңды бол­маған рекордтық көрсеткішпен өскен. Жалпы алғанда еліміз бойынша тра­фикті тұтыну көлемі 62%-ға артқаны байқалады.