Алматы облысындағы шөп шабу науқанына 1670 адам тартылып, 295 шөп шабатын бригада, 1576 шөп шабатын машина мен 1401 пішен нығыздап жинайтын техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, өңірде мемлекеттік орман қорының аумағында шаруашылықтар мен тұрғындар шабындыққа 15,2 мың гектар жерді, жайылым үшін 899,9 мың гектар жерді пайдалануда. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан 164 гектар шабындық, 59 мың гектар жайылым ретінде бөлінген.
Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күні 1810 мың тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 64,2%, 285,4 мың тонна пішендеме, 124,9 мың тонна сабан, 55,7 мың тонна мал жемі дайындалды.
Табиғи шабындықтың орташа өнімділігі әр гектарынан 15-25 центнерден айналады, ал жоңышқа мен көп жылдық шөптер 35-40 ц/га өнім беріп отыр.
Ауыспалы жер қорына түгендеу жасалып, өткен жылдан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында 30,2 мың тонна мал азығы бар екені анықталды.
Сонымен қатар облыста жиын-терін мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінген, соның ішінде 1,8 мың тоннасы шөп шабуға қарастырылған. Сондай-ақ шөп дайындау науқаны үшін жанар-жағармайға тиісті ведомствоға қосымша тапсырыс берілген.