• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 27 Шілде, 2021

Ұрпақтар сабақтастығы қалай сақталады?

5537 рет
көрсетілді

Шетелдік ғалымдар ұсынған «ұрпақтар теориясы» деген ұғыммен бұрыннан таныспыз. Түрлі ұрпақ ұстанатын құндылықтар, ұқсастықтар мен ерекшеліктер сол дә­уір­дегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдаймен һәм тех­но­логияның дамуымен байланысты. Өсіп келе жатқан жас буынды түсініп, жылы қарым-қатынас орнату қашанда оңай шаруа емес. Алайда олар ер жетіп, қоғамның бар бөлігіне айналғанда санаспауға болмайтыны анық.

Бумерлер, Х ұрпағы, миллениалдар мен Z ұрпағы. Әр 20 жыл сайын дүниеге келген ұрпақтың өзіне тән атауы мен ерек­шеліктері бар. Оларды бел­гілі бір кезең мен сол кезде қалыптасқан тарихи жағдайлар біріктіреді. Көп жағдайда бұл топтардың құндылықтары, өмірге деген көзқарасы, мінез-құлқы мен дүниетанымы ұқсас келеді.

Осыған дейін екі ғасыр то­ғысында дүниеге келген мил­лениалдар қоғамдағы жаңа­шыл­дықтың белгісі ретінде көп айтылатын еді. Енді 25-40 жасқа жеткен ұрпақты келесісі алмас­тырып жатыр. Оларға Z ұрпағы деген атау берілген. Олар қазір шамамен 9-24 жас аралығында. Технологияның нағыз қарыш­тап дамыған заманында өмірге келді. Дүниетанымы бөлек. Жа­һандану алып келген «шекарасыз әлемнің» ұрпағы.

Жалпы, жас аралықтарын зерттеп, зерделеудің не керегі бар дерсіз? Бұл, ең алдымен, қо­ғам­дағы коммуникацияны дұрыс жолға қою үшін маңызды. Бір тілде сөйлегенімен, бірін-бірі түсінбейтін қоғамның болашағы қандай болатынын көзге елестету қиын. Отбасының өзінде ата-әжесі мен немересі, баласы мен ата-анасының тіл та­бысуы сол шаңырақтың бір­лігіне, жарасымды өмір сүріп, көркеюіне сеп болады. Мемлекет деңгейінде де тура осы секілді. Тек бұл бәсте елдің бо­лашағы мен қоғамның дамуы тұрады. Одан бөлек, ісін дөң­гелеткісі келген кез келген өндіріс не қызмет үшін өз аудиториясын тани білу маңызды. Ал мемлекеттік құрылымның басты аудиториясы – оның халқы.

Кезінде бәріне түсініксіз болған миллениалдардың алды бүгінде ел ағасы болатын жасқа келді. Олардың орнына технологияның қыр-сырын жетік білетін, смартфон мен интернетсіз өмірді елестете алмайтын Z ұрпағы келді. Әлемде күнде болып жатқан ғылыми-технологиялық төңкеріс пен саяси-әлеуметтік шиеленістер қазіргі жастарға қалай әсер ететінін, болашақта тұлға ретінде қалыптасуына нендей үлес қосатынын болжау мүмкін емес. Дегенмен Z ұрпақтың кейбір ерекшеліктерін қазірден байқауға болады.

Америкалық жазушы, білім саласын зерттеп жүрген маман Марк Пренски digital immigrants және digital natives деген екі ұғымды ұсынған. Біріншісі дижитал немесе цифрлы иммигрантар түсінігі технология дамығанға дейін дүниеге келген адамдарға қатысты айтылады. Олар – балалық шағы цифрлы құралдарсыз өтіп, өсе келе технологияны меңгеруге мәжбүр болған жандар. Ал digital natives деп аты айтып тұрғандай, цифр­лы дәуірде туып өскендерді «дижитал дәуірінің тумалары» деуге болады. Олар өмірді басқаша елестете де алмайды. Дамыған елдер ғалымдарының бұл тұжырымдарын кез келген елде қолдана беруге болады, тек технологияның тұр­мысқа қай жылдары ене бас­тағанын ескерсек болғаны. Өйт­кені АҚШ пен Қазақстанда күнделікті қолданыстағы жеке компьютерлер мен интернет бір уақытта келе қойған жоқ. Ал басқа жағынан ғалымдар айтқан әр ұрпаққа тән жалпылама қасиеттер бізде де кездеседі.

Бүкіл әлемде Z ұрпағының қатарында 2 миллиардтан астам адам бар, олар –1997-2009 жылдар аралығында туғандар. Жер тұрғындарының шамамен 30 пайызын құрайды және 2025 жылға қарай Z буынының 27 пайызы басты жұмыс күшіне айналады. Ол буынның медиамен таныстығы ерте басталды. Бұл ұрпақ өкілі өзінің алғашқы ұялы телефонын шамамен 10 жасында алды. Олардың көпшілігі ата-аналарының ұялы телефондарымен немесе планшеттерімен ойнап өскен. Олардың әлемінде байланысқа шектеу жоқ, қарым-қатынас құралы ретінде смартфонды көбірек қолданады. Жекелеген елдердің тұрғындары болмаса, көбісі соғыс көрмеген. Ата-анасының қаржылық қиын­дықтарын көріп өскен олардың өз капиталын дамыту, қаржылық сауаттылыққа деген ұмтылысы жоғары. Тіпті қазіргі пандемияның өзі олардың қалыптасуына үлкен әсер етуі мүмкін.

Z ұрпақты «зумерлер» деп те атап жүргендер бар. Са­рап­шылар оларды алдыңғы ұрпақтарға қарағанда нәсілдік және этностық жағынан да әртүрлі деп санайды. Дегенмен бұл ерекшелік АҚШ секілді көптеген этностардың басын қосқан елдерде басымырақ көрінеді. Сондай-ақ басты ерекшеліктерінің бірі – олар тарихтағы ең білімді ұрпақ атануға жақын. Дәстүрлі медиа­дан алыстап бара жатқандар да – осы зумерлер. Оның себебі де түсінікті. Айналасын тани бастағанда интернеттің не еке­нін үйренген бала үшін теледидар мен радио ескіліктің қалдығы секілді көрінеді.

Қазір әркімнің үйінде ке­мінде бір зумер бар. Олардың қандай ортада дүниеге келгенін білгенімізбен, олардың күнде немен айналысатынын, не ойлайтынын, қалай әрекет ете­ті­нінен бейхабармыз. Отба­сындағы, қоғамдағы түсін­беушілік көбіне осы ұрпақтар арасындағы ал­шақтықтан туын­дап жатады. Алайда оны на­зарға алатындар аз. Әзір­ге аудиторияға сай стратегия құру дамыған елдер мен бизнес саласында кеңінен қол­данылады. Саудаға келгенде мамандар әр ұрпақтың өзіне тән ерекшеліктерін зерттеп, соларға сай байланыс ор­­натып, өнімін ұсынады. Сонда ғана бизнестің саудасы артады. Одан бөлек, ел бас­қару ісінде, саяси нау­қан­дар кезінде электоратқа жас бо­йынша әсер етуді шебер қол­данатындар бар. Сонда ғана сая­саткерлердің сайлау нау­қаны сәтті болып, діттеген мақ­сатына оңай қол жеткізеді.

Мәселен, АҚШ президенті Джо Байденнің бағ­дар­ламасында қоршаған ортаны қорғау, климат, энергетика сала­сына қатысты бастамалар кеңінен қамтылған. Оның бір себебі – президенттікке сайлау кезінде жақтастарының қатарына миллениалдар мен ересек зумерлерді қосу болды. Ал жастарды саясатқа тікелей қызықтыру қиын еке­ні белгілі. Оның орнына таби­ғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау мәселесі әлдеқайда жақын. Осы мәселеде ойын биік мінберлерден еркін айтып жүрген швед белсендісі Грета Тунберг көптің есінде болар. Бұл, бәлкім, өзде­рі өмір сүретін ортаның бо­лашағына алаңдауынан немесе технологияның ортасында өсіп, табиғатқа деген ерекше ықыласынан туындаған қы­зығушылық болуы мүмкін.

Осы секілді қарапайым мы­­салдан кез келген істе ұр­пақтар ерекшелігін ескерудің маңызына көз жеткізуге болады. Қазақстандағы көптеген ұйымдардың жастармен байланыс орната алмауының себебі осыдан шықса керек. Бас­шылықта отырған жасы үлкен басшы өзінен кейінгі ұрпақтың сұранысын түсінбейді немесе мүлдем елемей жатады. Технологияда өзін суда жүз­ген балықтай сезінетін жас ұрпақ өзіне бағытталған хабарламаны қабылдай алмайды. Өйткені хабар таратушы оның тілінде сөйлеп тұрған жоқ. Оған ең қарапайым мысал ретінде әлеуметтік желідегі коммуникацияны алуға болады. Жаңадан мектеп бітірген жас түлекті оқуға шақырған университеттердің тарататын кітапшалары мен әлеуметтік желідегі баннерлерінің дизайны сын көтермейді. Компьютердің құлағында ойнайтын ұрпақ айқыш-ұйқыш жасалған суретке мән берсін бе? Миығынан күліп қоятын болар. Міне, осылай бүкіл бір ұрпақпен байланыс жоғалады. Осы алшақтық одан сайын еселенбей тұрғанда Z ұрпақтың «тілін» қазірден табу керек. Ертең олар оқу бітіріп, жұмысқа орналасып, қоғамның басты қозғалтқышына айнал­ғанда алдыңғы ұрпақпен сабақ­тастығы үзілмейтініне кім ке­піл? Алда әлі 2010 жылдан бері дүниеге келген альфа буын барын ұмытпайық. Өмір за­ңымен бір буын екіншісін алмастыра береді, ал ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру – басты мәселе.