Ескерткіш – тұлғаның көшірмесі емес, ғизатты ғұмырының жиынтығы. Онда мінез болмаса, «шынайы өнер» деп бағалағанымыздың шимайдан еш айырмашылығы жоқ. Неге біздің елдегі монументтік өнер құрылыстарының формасы біркелкі. Бұл қоғамның әлі де таптаурын түсініктен ажырамағанын айғақтайды.
Жанрлық мүсіндеме жанданса
Мәселен, ескерткіштің эскиздері арнайы комиссияның алдына барғанымен, шешімді шығаратын – шенеуніктер. Соңғы сөз солардың аузында. Яки өнерге түк қатысы жоқ адамның көзқарасы рөл ойнайды. Бұдан біз ұлттық мүсіннің қай деңгейде екенін екшейміз.
Ескерткіш орнату барысында көз қысты, бармақ басты әрекеттердің жиі болатынын естігенбіз. Әрине, нақты дәлел болмаған соң, алып-қашпа қауесеттерге иек сүйей алмайсың. Десе де жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны кәдік. Бүйір әңгіме болған соң кейде сенгің де келмейді. Бірақ...
Иә, бәрі сол бірақ дегеннен шығады. Сенбесеңіз, ауыл-аймақтан тартып, елдегі ескерткіштердің сапасы мен схемасына қараңызшы. Бабаларымыз өрістен мал күтіп отырған ауылдың шалдарындай, ал қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар жел қуған баладай орналасқан. Кейінгі кезде мүсіншілер Алаш арыстарының дидарласқан сәтін нысанаға алуда. Әдеттегідей классикалық үлгіде. Болды. Шетелдегідей абстрактылы мүсіндер һәм скульптуралар елде жоқтың қасы. Жанрлық тұрғыда дамымағаны көрініп-ақ қалады. Бұл мәселе төңірегінде сұрау салсаңыз, мүсіншілер мемлекетке сілтейді, ал мемлекет авторлардың бар қабілеті сол дегендей айыптан жалтарады. Мүсіндеменің негізгі салалары осылай артта қалып келеді.
Жә, Еуропа мен Американың алдын орап кетпесіміз анық. Әйтсе де соларға қарап бой түзегеннің несі айып. Монументтер мыңжылдықтармен құрдас. Сондықтан оның сыртқы сызбасына аса мән берген абзал. Бұл мәселенің шешімін белгілі мүсінші Бөтагөз Төлеш халықтың өнерді түсіну деңгейі әлі де төмен екендігімен тікелей байланыстырды.
«Сан алуан заманауи мүсіндер сомдауға болады. Оған әлеуметтің шоши қарайтыны анық. Себебі қараша бейнелеу өнерімен жақсы таныс емес. Ескерткіштер классикалық сипатта қатып қалмауы керек. Ол ұлы өнер, онда тіршілік болуы қажет. Астарлы ой мен жан қасиеті бұғынып жатуы шарт. Кеңес өкіметі кезінде оқушыларды театрға, музейге, балетке жиі апаратын. Ондағы мақсат – шынайы өнерді бойына сіңіру. Ал қазір ол үрдіс жоқ. Бізге бәрін мектеп қабырғасынан бастау қажет. Өнер тарихына арналған арнайы пән болса игі еді. Ұлттың санасы оянбай ұлы дүние күту әбестік», дейді Б.Төлеш.
Иә, рап-рас. Елімізде символикалық мүсіндерді, аллегориялық фигураларды, анималистикалық жанрдағы шығармаларды көп кездестірмейсіз, есесіне әдеттегідей портреттік, тарихи һәм тұрмыстық мүсіндер самсап тұр. Оның үстіне, әлемдік техника жетістіктерін ілікке алсақ, қазір 3D мүсіндер де пайда болды. Қара жұмыстың бәрін компьютер істейді. Шебер тек ойындағысын жеткізсе болғаны. Солай.
Мүсіншінің бұл пікірін үстей отырып, біз Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы сауалдарымызды жолдаған болатынбыз. Бірақ... Тағы сол бірақ. Алған жауаптарымыз көңіл көншітпеді. Оларша бәрі ойдағыдай. Ал мүсіншілер байқаудың әділ өтпейтініне наразы.
Былай ғой. Тұлғаның мерейтойына орай, ескерткіш орнатылатынын министрлік алдын ала хабарлайды. Кем дегенде 2 жыл бұрын мүсіншілерге құлаққағыс жасау шарт. Ал олар сәйкесінше бәйгеден топ жару үшін, эскиздерді сызуға ертерек кірісуі керек. Талапқа сай, тапсырманы орындау үшін бір жарым жыл уақыт беріледі. Мұның өзі аздау. Ал бізде бәрі апыл-ғұпыл. Бір жыл не алты ай қалғанда аттандайды. Мүсіншілер қайтсін, тырбандайды да қалады. Бұдан істің оңбасын болжай беріңіз. Оның үстіне, тамыр-таныстық жүретінін ескерсек, жанрлық салада жарытып өнім көрмесіміз анық. Комиссия құрамында өнерді түсінетін, мықты мамандар болуы міндетті. Нүктені шенеуніктер қойғандықтан, мұның да келіспейтін тұстары жетерлік.
Енді министрліктен келген жауапқа мән берейікші. Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабы 9-тармақшасына сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді. Олардың ұсыныстарын орындау үшін заңнамаға сәйкес Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан «Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия» құрылған. Комиссияның құрамында елімізге белгілі мүсіншілер, сәулетшілер, дизайнерлер, өнертанушылар, тарихшылар болады. Ал комиссияның мақсаты – елімізде қойылатын монументті өнер құрылыстарының көркемдік, идеялық, мазмұндық тұрғыдан сапалы болуын қамтамасыз ету. Содан соң әкімдіктер идеялық ұсыныстары қолдау тапқан жағдайда алдағы мерзімде орнатылатын монументтік өнер құрылыстарының жұмыс жобаларын тиісті эскиздері мен ситуациялық схемаларын қоса ілестіріп, белгіленген тәртіпте қарауға ұсынады. Еңбек мақұлданған соң, әрі қарай оларды орнатылатын көлемде орындау, тиісті материалдан құю және тағы басқа тиісті жұмыстар белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады. Бақылауды министрлік жүргізеді.
Жұмыстың көркемдік сапасына әкімшілік жауапты. Бұл ретте, келіп түскен жұмыс жобалары әкімдіктер жанынан құрылған тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияларда қаралады. Сонымен қатар монументтік өнер құрылысының физикалық сапасы ол әзірленетін материалдарға тәуелді болып табылады. Осылай.
Жас мүсіншілерге мектеп керек
Жоғарыдан ұққанымыздай, әкімдіктер өз мүмкіндіктеріне байланысты конкурсты еркін ұйымдастырады. Сөйтіп комиссия алдында әзірлеушінің жеке шығармашылығы сынға түседі. Бұл бап пен бақтың қатар шабатын тұсы. Кейінгі кезде осы комиссиялардың көзі көбіне танымал мүсінші Нұрбол Қалиевке түсіп жүр. Шебердің туындыларын шетелдіктер де мойындап қойған. Содан ба тапсырыс көп, талап жоғары. Өнерпаз елде аспан асты мұражайы болса, жиі-жиі симпозиумдар ұйымдастырылса шетте қалған мүсіншілерде қатарға қосылып, өнердің сапасы артатынына сенеді.
«Елімізде мүсіншілер көп емес, саусақпен санарлық. Әрине, ішінара бәсекелестік болады. Жыл сайын республикалық көрмелер ұйымдастырылса игі болар еді. Онда парктік, камералық мүсіндер көбірек қойылса дейсің. Адам бейнесінен басқа, түрлі-түсті жанрдағы композицияларды ұсынса. Бұл алдымен қарапайым адамдардың танымын өзгертер еді. Тастан, ағаштан жасалған туындыларды да назарға алу қажет. Аталмыш шара шалғай ауылдағы әріптестермен шығармашылық байланыс жасауға да түрткі болар еді. Одан еліміз ұтпаса, ұтылмайды. Мәдени һәм рухани қарым-қатынас осындай көрме, симпозиумдар барысында түзіледі», дейді Н.Қалиев.
Оның айтуынша, дәл қазір мүсін өнеріне жастарды тәрбиелейтін орын ауадай қажет. Онсыз келешектен жақсы дүние күту бекершілік. Әрі ұстаздыққа көңіл бөлінуі тиіс.
Бүгінде жеке кәсіпкерлердің немесе қоғамдық ұйымдар мен қорлардың қаражаты есебінен ескерткіштер орнату дәстүрге айналып келе жатыр. Өйткені бір мүсіннің құны бірнеше миллионды ауыздықтайды. Оның сметалық құжатын реттеу бірнеше жылға жалғасады. Министрлік оны әбден жіті қадағалайды. Мақұлдай ма, мақұлдамай ма ол өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан ауыл азаматтары һәм тұлғаның ұрпақтары өздері қам жасайды. Ал оны мемлекет қалай қадағалайды дейсіз ғой. Ол былай:
Кәсіпкер міндетті түрде әкімдіктермен өзара ықпалдасып қимылдайды. Комиссияның қарауына кәсіпкерлердің қаржысына орнатылатын жобалар әкімдіктер арқылы ұсынылады. Себебі ескерткіштерді орнату үшін жер учаскесін бөлу әкімдікпен жүргізіледі және ұсыныстар әкімдіктердің жанынан құрылған тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияларда қаралады. Бақылауды тиісінше Мәдениет және спорт министрлігі жүргізеді. Егер ол монументтік өнер құрылысы тарих және мәдениет ескерткіші болып табылатын болса әкімдіктер де әбден тексеруге құқылы.
Ережеге бағынбасаңыз заңмен жауап бересіз. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 145-бабына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу, яғни монументті өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бұзушылықтар кездессе жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтатады. Сосын жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Заң бәріне ортақ.
Егер де монументтік өнердің құрылысы мемлекеттік тізімге енген болса (мәселен, Алматы қаласындағы Абай Құнанбаев, Тараз қаласындағы Жамбыл Жабаев, Нұр-Сұлтан қаласындағы Кенесары ескерткіштері және басқалар), оларды жаңғырту һәм жаңарту тарихи-мәдени мұра саласындағы ғылыми реставрациялау жұмыстары арнайы лицензиясы бар ұйымдармен жүргізіледі.
Алайда олар мемлекеттік тізімде болмаса, әкімдіктер мүліктік меншігі ретінде жалпы жөндеу жұмыстары арқылы жаңартады. Сондай-ақ жергілікті коммуналдық шаруашылық ұйымдарының күтімінде және қарауында болады. Мысал ретінде келтіретін болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Жамбыл Жабаев, Панфилов ескерткіштері және өңірлердегі өзге де ескерткіштер мемлекеттік тізім объектілері болып табылмайды. Сондықтан оларға көп көңіл бөле бермейді.
Мүсін өнері – қастерлі қара жұмыс. Оны тұғырға қондыру оңай шаруа емес. Бірнеше тонна тартатын қола ескерткіштен сәл ақау табылса, бояп келтіре сала алмайсыз. Әрбір шығарма үшін авторға үлкен жауапкершілік артылады. Жұмыс жылдан астам уақытқа жалғасатындықтан, істің барысын сырттағы адамға бақылау қиын. Қоламен бірге қан мен тері қатар құйылады. Біз тек классикалық бағыттағы мүсіндермен қатар, примитивизм, кубизм, конструктивизм, сюрреализм, абстракционизм бағытындағы мүсіндер өмірге келсе дейміз. Балбал тастардан басталған түркі мүсін өнерінің тарихы мыңжылдықтармен шектеседі. Демек Еуропаны екі орап алатындай қауқарымыз бар. Бізде негіз бар. Тек соған мемлекет жол ашса дейсің.