• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Шілде, 2021

Ырыздық кемімесін десек...

452 рет
көрсетілді

Жалпақ әлемді жаман тұмаудың шеңгелі уысына қысып, босатпай тұрған шақта елдің азық-түліктен тарықпауы – маңызды мәселенің бірі. Өңір Нұр-Сұлтан қаласын қаумалай орналасқандықтан, аумақтық жағынан қолайлы болғандықтан астаналықтардың дастарқанының ырыздығы үшін құрылған азық-түлік белдеуі облысты да түгел қамтып отыр.

Соңғы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы көтеріліп, қымбат­шылық қос бүйірден қысып келеді. Азық-түлік бағасының қолжетімді, тұтыну­шылар сұранысынан көп болуы бәсекелестік тудырып, нарықтағы қымбат­шылыққа жол бермейді. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлік­пен қамтамасыз етуде өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнді­ріп жатқан өнімдері жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айта кетуге болады. Тек біздің көзқарасымызда бар мүм­кіндік толайым пайдаланылмай отыр. Әлі де кәдеге аспай, бос жатқан жер көп. Ел ішіндегі шаруаны үйлестіреді деген коопе­ративтердің жұмысы тоқырап қалды.

Бүгінгі таңда өңірдің 128 кәсіпорны ауыл шаруашылығы өнімдерін астана­ның сауда сөрелеріне жеткізуде. Оның 68-і ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін тұтынушыларға ұсынады. Осы арада екпін түсіріп айта кететін бір жай – ет өнімдерінің бағасының өсуі. Өңірде мал басы баршылық. Мал­сақ қауым 446,3 мың бас мал бағып отыр. Оның 227,1 мың басы – сауын сиыр. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, сауын сиырдың басы 105,5 пайызға көбейген. Қой-ешкінің де басы кеміген жоқ. Жылқы да – өт­кен жылғы деңгейде. Міне, осыншама малдан 98,5 мың тонна ет өнімдері өндіріліп, өткен жылдың сәйкес мерзімі­мен салыстырғанда өнім көлемі 109,4 пайызға артқан. Сүт өндіру көлемі де ауыз толтырып айтуға лайықты. Мәсе­лен, былтыр 402,7 мың тонна сүт және сүт өнімдері өндіріліп, ел игілігіне жаратылды. Бұл орайдағы өсім 101,7 пайызға ұлғайды. Жұмыртқа өндіруде аздаған іркіліс бар. 804,4 млн дана жұ­мыртқа өндіріліпті. Өткен жылмен салыс­тырғанда 6,5 пайызға кеміген. Оның негізгі себебі «Целиноград құс фабрикасы» серіктестігіне тиесілі құс фермасы жұмысын тоқтатты.

Енді халық көп тұтынатын сүт жайын сараптап көрелік. Өңірдегі сүт өңдейтін кәсіпорындарды 14 мың бас сауын сиыр бағып отырған 56 мамандандырылған тауарлы сүт фермасы сүтпен қамтамасыз етеді. 2020 жылы сүт молшылығын жасау үшін жаңадан 18 тауарлы сүт фермасы ұйымдастырылып, бағымдағы мал саны 1,6 мыңға көбейді. Бұл орайда ырыздықтың еселене түсуіне мол үлес қосып отырған 4 қуатты тауарлы сүт фермасын бөле-жара айта кетуге болады. Бұлар – 1 200 бас сауын сиыр бағып отырған Ақкөл ауданындағы «Еңбек», 1 200 бас сиыр сауып отырған Астрахан ауданындағы «Камышенка», Атбасар ауданындағы 1 500 бас сауын малы бар «Бастау», Целиноград ауданындағы мыңға жуық сауын сиырдың игілігін көріп отыр­ған «Мәншүк» серіктестіктері. Осы ұжым­дардың арқасында жылына 40 мың тонна сүт және сүт өнімдері өндіріледі.

Шынтуайтында, сүттің игілігін ұйым­дасқан шаруашылықтар көруде. Бұл арада мал сүмесімен күн көретін ауыл тұрғындарының үлес салмағының аз екенін айтуға тиіспіз. Бір кезде елдегі сүтті жинап, сүт зауыттарына өткізетін коопера­тивтер ұйымдастыру туралы бағалы бастама көтерілді. Қазір облыс­та небәрі 21 кооператив жұмыс істейді. Жер ауқымы ұлан-ғайыр әрі мыңдап мал бағып отырған аймақ үшін өте аз. Мұндай кооперативтер астана маңын­дағы аудандарда ғана бар. Егер кезінде шаруаны тыңғылықты атқа­рып, коопе­ративтерді көбейткенде, мал сүме­сімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары сау­ған сүттерін өткізіп, аз да болса табыс табар еді. Екіншіден, ішкі резервтің мүм­кіндіктері сарқа пайдаланылып, сүт молшылығы бүгінгі деңгейден де аса түсер еді. Қазір өңір Нұр-Сұлтан қала­сының сүтке деген сұранысының 32 па­йызын ғана жауып отыр.

– Бұл арада тұтынушы талғамын да ескеру керек. Алдағы уақытта сүт зауыттары ұйымдасқан шаруашылықтардың сүтін ғана алады. Жекеменшіктің қолын­дағы мал сүтінің сапасы кү­мәнді, – дей­­ді облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.

Әрине, азық-түліктің таза болғаны дұрыс. Күмән келмес үшін мал дәрігер­лері дұрыс жұмыс істеу керек. Мал шаруа­шылығының өнімдеріне деген күмән қайдан туындайтындығы белгілі жай. Басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, ауылдағы малсақ қауымның сүті сиыр суала бастаған күз­де 130 теңгеден, жазда сүттің мол уақы­тында 90 теңгеден қабылданады екен. Малсақ қауым бесбатпан бейнетін көрген соң етінен де, сүтінен де тиісінше табыс тапса ғана оңалады. Ауылды көтерудің бір жолы осында жатыр-ау.

Өткен жылы 23,5 мың тонна ет өн­дірілсе, биыл бұл көлемді 25 мың тоннаға жеткіземіз деген үміт бар. 36,5 мың бас малды бордақылап отырған 8 ірі бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Олардың арасынан Ерейментаудағы «Жаңа-Береке», Есілдегі «Заречное», Жақсыдағы «Новокиенка» тәрізді серік­тестіктерді бөле-жара атай кетуге болады. Өткен жылы облыста 8 мыңға жуық мал бағуға қауқары жететін 97 ферма құрылды. Аз дүние емес. Тұтас мүмкіндікті көз алдымызға елестету үшін 2018-2020 жылдар аралығында 17 мың бас етті бағыттағы аналық мал сатып алған 277 етті бағыттағы фер­маның құрылғанын айтсақ, бұл орайдағы іс ауқымы бірден көзге түсер еді. Өнім толымды болуы үшін мал тұқымын асылдандырған ләзім. Былтыр 70,9 мың бас аналық мал алынып, бұл орайдағы жоспар 94,6 пайызға орындалды. Жоспардың орындалмауына Астрахан, Егіндікөл, Есіл, Жарқайың, Қор­ғалжын, Сандықтау, Целиноград аудандары себепші болып отырғанын жасыруға болмас. Алдағы уақытта бұл аудандарда ет өнімдерін молынан өндіру жұмысын ширату қажет.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өзі мал шаруашылығын дамытудың бас жоспарын жасамай отыр. Аудандардың да ішкі мүмкіндігі толық қуатында пайдаланылмауда. Мәселен, Ерейментау ауданында 2 млн гектар алқап болса, кең көсілген даланың 100 мың гектар жері ғана – егістік. Ауданда небәрі 5 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді, құс шаруашылығы атымен жоқ. Таяуда облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында аудан ша­руашылықтары мүлдем субсидия алмайтыны айтылды. Ал істің көзін тауып, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білгенде Нұр-Сұлтан қаласының тап іргесіндегі мал жайылымына аса қолайлы ауданның төскейін төрт түлікке толтыруға әбден болар еді.

Өңірде өткен жылы 32,1 мың тон­на картоп өсірілді. Биыл ескінің тау­сылған, жаңаның жетіліп үлгермеген уақытында картоп құнының шарықтап кеткені белгілі. Ендігі арада мұндай қым­батшылықтың орын алмауы үшін көкөніс сақтайтын орындарды мейлінше көбейту мәселесі туындап тұр және ондай қоймалар астанаға жақын аудандарда салыну керек. Бұл аудандардың үстін Есіл, Нұра тәрізді бірнеше өзен басып өтеді. Су көзі мол суармалы егістік көлемін де ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ішкі қажеттілікті өтей алмай тұрып, сұранысқа ие азық-түлікті шетке сату қателік екенін ұғынатын уақыт жетті.

Былтыр 10,3 мың тонна кө­көніс өндірілді. Бұл орайда 0,1 пайыз­ ғана өсім бар. Облыс Нұр-Сұлтан қа­ласы тұтынушылары сұранысын 29 пайыз­ ғана өтеп отыр. Жоғарыда айт­қа­ны­­мыздай, өзге аудандарды былай қой­ғанда астананың дәл түбінде сулы, ну­лы, топырағы құнарлы жер жетерлік. Жаңа жобаларға мемлекет тарапынан қам­қорлық та көрсетіліп жатыр. Ауылда екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер де аз емес. Жетпей жатқаны ырысты молайтуға деген ұмтылыс қана. Әйтпесе жылыжайларды көбейту соншалықты қиын шаруа емес қой.