Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында тұңғыш рет өткізілген ауыл әкімдерін сайлау қоғамда зор қызығушылық туғызды.
Осыған орай, «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының өкілдері 25 шілдеде өткен саяси іс-шараға тұңғыш рет байқаушы болып, ерекше ынта-ықыласпен қатысты. Ауыл әкімдерін тікелей сайлайтын, қоғамды демократияландыруға бастайтын бұл сайлаудың маңызы үлкен екендігін ескере отырып, біз сайлау басталардан бір ай бұрын жан-жақты дайындық жұмысын бастадық. Сайлауға қатысатын байқаушыларды арнайы курстан өткізіп, заң талаптарын түсіндірдік. Бұл семинарларға бұрынғы тәжірибелі байқаушылар да қатысып, өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар байқаушы кодексі әзірленді, онда байқаудың негізгі қағидаттары қамтылды: ашық пікір білдіру, яғни кандидаттардың немесе саяси партияның ешқайсысына артықшылық бермеу, барлық заң бұзушылықтарды тиянақтау, бұл ретте сайлау комиссиясына және сайлау процесінің басқа да қатысушыларына кедергі жасамау ескертілді.
Алдын ала 278 стационарлық байқаушы мен 100 мобильді байқаушыны даярладық. Оларға «Байқаушы кодексінің» қағидаттары түсіндірілді. Сөйтіп, байқаушылар облыстың әр аймағындағы 79 сайлау бөлімшесінде өз жұмысын адал атқарды.
Айта кетейік, біз бұл саяси науқанға тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысқан облыстық Азаматтық альянс заңды тұлғалар қауымдастығы мүшелерімен бірге атсалыстық. Олар да әкімдер сайлауының заңдылығын бақылау үшін 158 еріктіге жолдама беріп, оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз еткен болатын.
Сайлау барлық ауылда белсенді жүрді. Әр тұрғын өз кандидатурасы үшін дауыс беруге мүмкіндік алды. Сайлаушылардың 81,3 пайызы дауыс беру құқығын пайдаланды, бұл – жоғары көрсеткіш. Сайлау заң бұзушылықтары байқалған жоқ, ашық, шынайы, демократиялы түрде өтті. Ауыл болашағы – елдің болашағы. Сондықтан біз басынан соңына дейін бұл науқанды жіті бақыладық. Ең соңғы санау жұмысына да белсене қатыстық. Бәрі әділ өтті. Өңірдегі, алыс ауылдардағы әрбір байқаушымызбен ақпарат алысып, жұмыс істедік.
Сайлау әділ және бәсекелі күресте өтті және жергілікті халықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Еліміз демократиялық даму жолымен алға тағы бір нық қадам жасағаны анық.
Мұхтар ДӘУЛЕТЖАНОВ,
«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы
Батыс Қазақстан облысы