Бүгінде қоғам алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі – адамдардың кітап оқудан қалып бара жатқаны. Оған түрлі себеп-сылтаулар айтылады. Уақыттың тапшылығы, өмір сүрудің қиындап бара жатқаны, ең соңында қолдағы телефонға, яғни әлеуметтік желілерге деген тәуелділік кітап ұстауға мұрша бермейді-міс. Зиялы қауым өкілдері (оның ішінде мұғалімдер қауымы) газет-журнал көрсе бөжей кездестіргендей тітіркенеді екен. Шындығында солай ма? Адамзат кітаптан жеріп отыр ма?
Жоқ, бірден кесіп айтамыз, бұл кітап оқығанды артық жұмыс санайтындардың, бар болмысымен байлықтың бодауында кеткендердің, рухани жан дүниесі мешел жандардың ғана айла-амалы, ойлап тапқан қорғаны ғана. Шын мәнінде, кітап адамның жан жарасын емдейді, рухани байытады, көзін ашады, өмірге деген құштарлығын арттырады.
Білімсіздік тоғышарлыққа жол ашады. Тоғышарлық – көл-көсір дүниені, яғни материалдық негізді ғана мойындайды. Құлқын мен нәпсінің арбауынан шыға алмайтындар адам жанын керемет нұрға бөлер рухани байлықтың қадыр-қасиетін қайдан ұқсын!
Осы ретте «кітапты қалай оқимыз?» деген сұрақ алдымыздан шығады. Оған логика ғылымдарының профессоры Сергей Поварниннің «Как читать книги?» атты кітабынан жауап табамыз. Ол «кітап оқудың негізі – диалог» деп тұжырымдайды. Міне, іздегенімізді тапқандаймыз. Есіңізде ме, бала күндерімізде кітапханадан кітап алсақ, қайтарып беріп тұрғанда кітапханашы апай: «не оқығаныңды, не түсінгеніңді айтып берші» деп сұраушы еді ғой. Мектепте мұғалім алдында тұрғандай қолымыздағы кітапқа қарағыштап қойып, түсінгендерімізді, оқиғалар желісін, басты кейіпкерлерді, неден жиреніп, неден үйрену керек екенін шама-шарқымызша айтып шығар едік. Апайымыздың көңілінен шықсақ «Ой, жарайсың!» деп кекілімізден сипайтын. Бұл әлемдегі барлық сыйлықтан артық болатын. Бұдан соң көңіліміз кәдімгідей көтеріліп, өзімізді есейіп қалғандай сезінетінбіз. Кітапханашы апайды көрсек, бас киімімізді алып сәлем берер едік. Олардың «пәленшенің баласы кітапты көп оқиды» деген бір ауыз сөзі бізге қанат бітіретін. Сыныптастармен оқыған кітаптарымыз жайлы пікірталас өткізетінбіз. Жоғарыдағы профессордың «диалог» деуінің мәнісі осы.
Тағы бір есте қалған жайт, бала кезімізде кітаптың қысқаша мазмұнын, кейіпкерлерін, оқиғаларын, түсінгенімізді арнайы дәптерге жазып қоятынбыз. Қазір мұны ғылым тілінде «саммари» атап жүр ғой. Сол саммариді оқығанда кітаптың барлық сүзгіден өткен қаймағы, оқиғалары, кейіпкерлері еске сап етіп түсе қалатын. Мен кейде базбір оқушылардың кәдімгі баға қоятын күнделікті толтыруға ерінетінін көріп, ішім ашиды. Өмір күнделігі, көңіл күнделігі бұл жерде басқа әңгіме.
Қазіргі ауыл кітапханаларындағы қызметкерлерде жоғарыда біз айтқандай бедел-құрмет бар ма? Алыс ауылдарды, қаладағы мектептерді қызмет бабымен көп аралаймыз. Сонда байқайтынымыз, кітапхана оқулықтар таратып, күзде жинап алатын орын сияқтанады. Көбіне мектеп кітапханашыларын орындарынан таппай да қаласыз. Оның себебі де бар. Мұғалімдердің жалақысы бүгінде едәуір өсті. Артық айтсақ, тіліміз жазықты, бір мұғалім бір үйді асырайтындай жағдайға жетті. Ал осы мектепте таңертеңнен кешке дейін жүретін кітапханашы еден жуушының айлығынан сәл ғана жоғары айлық алады. Енді кітапханашыларға кінә қоя аламыз ба?
Сондықтан бірінші кезекте барлық саладағы, мейлі ол далада болсын, қалада болсын, кітапханашылардың айлық еңбекақысын көтеру керек. Қазір Қазақстан бойынша жоғары оқу орындарында кітапханашылар даярлайтын арнайы факультет жоқтың қасы. Барының өзіне үш-төрт талапкер ғана құжат тапсыратын көрінеді. Неге? Себеп жоғарыдағыдай. Қазір барлық құндылықтан материалдық құндылық алға шығып кетті. Сондықтан ертеңін ойлаған жастар басқа мамандықтарға бейімделеді. Солай қарай бет бұрады.
Жә, негізгі тақырыпқа оралайық. Кітапты қалай оқуымыз керек? Бұл жердегі ең өзекті мәселе – кітапты дұрыс таңдай білуде. Осы орайда біздің кейбір ғалымдарымыз, әдебиет сыншылары кітаптың тілі, стилі, оқиғаларының шиеленісіп жатуы үлкен рөл атқарады дейді. Келісеміз. Бүгінде балалар ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» кітабының желісі бойынша түсірілген фильмдерді көп тамашалайды. Осы кітапты да жиі қолға алады. Жеткіншектер негізінен ғылыми-фантастикалық кітаптар мен саяхатшылар жайында және шытырман оқиғалар желісіне құрылған кітаптарды оқуға құмартады екен. Өкініштісі сол, бүгінде елімізде жеткіншектерге арналған фантастикалық әдебиеттер аз. Бары шет тілдерінен аударылғандары ғана. Бізде балалар әдебиетіне біржола бойлап, солардың ойлау жүйесімен, тілімен кітап жазатын жазушыларымыз саусақпен санарлық қана.
Осы жерде «Ана тілі» газетінің 2020 жылғы 10-23 желтоқсанындағы №50 санында жарияланған белгілі қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Балалық бейнеміздің белгісі» атты мақаласы еске түседі. Автор осы кітап жайлы айта келіп, бүгінгі балалар бойына кітап кейіпкері Қожаға тән адалдықты, қайрат-жігерді, қайырымдылық пен қамқоршыл қасиеттерді көргісі келетінін, сондықтан өркениетті елдердегідей кішкентай Қожаға символдық образ ретінде ескерткіш орнату жайлы ой қозғаған болатын. Осы мақаладағы көтерілген мәселе Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа дейін жетіп, Мемлекет басшысынан қолдау тапты. Құдай қаласа, таяу күндері Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінің бірінен бала Қожаны кездестіріп қалсаңыз, таңырқамаңыз.
Иә біздің не айтпақ болғанымызды оқырман жақсы түсінді. Кішкентай бала кішкентай кейіпкердің ескерткішін көрген соң, оның тағдырына құмартады. Кішкентай кейіпкердің өмір жолын білу үшін талпынады, ізденеді. Ол сонда кітапқа жүгінбегенде, кімге жүгінбек? Сондықтан ағылшын жазушысы Джоан Роулинг сияқты қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев, тағы басқа да балалар тақырыбына жазған, жазып жүрген қаламгерлер бізге ауадай қажет. Сіз балаңызды кітап оқуға осы шығармалар арқылы ынталандыра аласыз. Балаңыздың алдына кітап қойған соң оны бірден оқып тауысуға мәжбүрлемеңіз. Ол мұндайда кітапты парақтап қана шығады. Сондықтан ұлыңыз не қызыңыз кітапты ашпас бұрын «Мұнда мынадай қызық оқиға бар. Бұл сені мынадай қасиеттерге баулиды» деп көріңіз. Әдепкі күні балаңыз бес бет қана оқысын. Ертеңіне тағы бес бет. Одан әрі оқиға желісімен өзі-ақ алып кетеді. Кітапты оқып болғаннан соң міндетті түрде қандай әсер алғанын сұрап біліңіз. Екеулеп кітапты талдап көріңіз. Міне, осыдан соң балаңыз тағы қандай кітап оқу керектігін сізден өзі-ақ сұрайды. Ал мұнан кейінгі нәтиже тіптен керемет! Ұрпағыңыз руханият ордасы – кітапханаға өзі кетіп бара жатады. Мұны баланы шабыттандыру деп біліңіз.
Ал баланы шабыттандыру үшін не істеу керек? Ең әуелі ата-аналардың өзі кітап оқып үйренулері тиіс. Күні бойы компьютерде отыру, телефонға телміру ми қатпарларын талқандап, көздің көру қабілетін нашарлатады дегенді бізсіз де оқып жүрсіз. Балаңызға қастығыңыз болмаса, оны әлеуметтік желілерден ажыратыңыз. Ой-өрісі кең, сұлу сөйлем құрай алатын, ойын анық та тұжырымды жеткізе білетін қай баладан да ертең лидер шығады. Осыны ұмытпайық.
Түгесілмейтін телесерияларға телміру, көк тиындық пайдасы жоқ интернет ойындарына шұқшию, әлеуметтік желілерге тәуелділік үлкендердің де саналарына салмақ түсіреді, ойларын тежейді. Олай болса сіздің өмірлік сұрақтарыңызға жауап беретін кітаптарды оқыңыз. Ой түйіңіз.
Сонымен сізге сұрақ: балаңыз кітап оқи ма? «Оқиды». Ендеше, сіз – ұлағатты ұстаз, жақсы ата-анасыз.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ