Сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысына сапары аясында өңірді ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге маманданған Қызылқоға ауданында болды, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.
Сенатормен кездесуде Мұқыр ауылының тұрғындары мәдениет үйі мен спорт кешенінің құрылысына қатысты мәселелерді көтерді. Бұл құрылыстардың бірі басталмай, екіншісі аяқталмай тұр. Мұқыр – Құлсары автомобиль жолының жағдайы да тұрғындарды алаңдатып отыр. Сенатор бұл мәселе туралы хабардар екенін және бұдан бұрын ол туралы еліміздің Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдағанын айтты.
«Менің депутаттық сауалыма Мұқыр – Құлсары автомобиль жолы Мақат – Қандығаш жолының құрылысынан үнемделген қаражат есебінен салынады деген жауап келді. Бұл жолдың құрылысы 2025 жылға дейінгі автомобиль жолдарының кешенді жоспарында жеке тармақпен белгіленген», деді Ғұмар Дүйсембаев.
Сенатор сондай-ақ шағын ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, елді мекендердің проблемаларымен танысты.
«Осы сапар барысында мен Кенбай, Қоңыраулы, Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ және Былқылдақты ауылдарына баруды жоспарлаған едім. Олардың күрделі мәселелерін шешуге көмектесу маңызды деп санаймын. Бұрын фермерлік орталықтар болған Қызылқоға ауданының осы алты ауылына газ құбырын тарту жұмыстарын бастау үшін жақында 300 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тендер жарияланып, алғашқы жобалық жұмыстар басталады», деді Ғұмар Дүйсембаев.
Сенатор сондай-ақ электр қуатын өшіру проблемасын «Атырау-Жарық» басшылығымен пысықтау қажеттігін, ал газ құбырын тарту жұмыстары аяқталғанға дейін ауыл тұрғындарын көмірмен уақытында қамтамасыз ету қажет екенін атап айтты.
Тасқұдық ауылының тұрғындары таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін айты. Өйткені ауыз суы бар құдық жеке шаруа қожалығының жерінде қалған екен. Сенатор бұл мәселеге назар аударып, әкімдік өкілдеріне мәселені шешу қажеттігін айтты. Олар ауызсу мәселесі жақын арада шешілетін болады, ал малға арналған су «ҚазТрансОйл»компаниясының жергілікті филиалының қолдауымен қамтамасыз етіледі деп жауап берді.
Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы шағын ауылдардың өткір мәселелері үнемі өз назарында екенін айтып, оларды шешу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға уәде етті.
Сенаторлар Бақытжан Жұмағұлов пен Ләззат Сүлеймен Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қапал ауылына барған сапарлары барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, халықпен кездесті.
Депутаттар 1984 жылы салынған емхананың жұмысымен де танысты. Дәрігерлер ұжымымен кездесуде ауылда акушер-гинеколог пен хирург мамандар жетіспейтіндігі және «Жедел жәрдем» көліктерінің ескіргендігі айтылды. Сенаторлар бұл мәселелердің шешімі табылатынын және облыс басшылығымен бірлесіп, «Жедел жәрдем» көліктерін жаңалауды қолға алатындарын атап өтті.
Депутаттар ауылдағы атақты Тамшыбұлақты көріктендіру жоспарымен, тарихи жәдігер – Шаяхмет бай үйіне жүргізілген реставрациялық жұмыстармен танысты. Осы үйде Қапалдың өлкетану музейін ұйымдастыру жоспары туралы айтылды. Сенаторлар оған қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Қапал – құнды тарихи жәдігерлер көп сақталған жер. Сондықтан бұл мекенде болашақта туризмді дамытуға, оны төл тарихымызды танытатын елді мекендердің біріне айналдыруға күш салуымыз қажет», деді Бақытжан Жұмағұлов.
Депутаттар Ғали Орманов атындағы мектеп оқушылардың жазғы лагеріне барды. Онда Бақытжан Жұмағұлов білім саласына қатысты қабылданған заңдар туралы, мемлекет тарапынан ұстаздар мен оқушыларға жасалып жатқан жағдайлар туралы айтты.
Сапар барысында сенаторлар халықпен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Аталған кездесуде Қапал ауылындағы жер қатынастарын реттеу, жайылыммен қамтамасыз ету, ветеринарлық пункт ашу, ауылды абаттандыру және жолдарды жөндеу мәселелері көтерілді. Бұл мәселелердің барлығы сенаторларлардың бақылауына алынды.
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Айгүл Жұмабаева Қарағанды облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттарымен бірге қаладағы және елді мекендердегі құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлады төменгі Палатаның баспасөз қызметі.
Сапар барысында құрылысшылар депутаттарға құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты проблемаларды айтып, шығынға ұшырағандары жайлы баяндады. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар үлкен шығынға ұшыраса да, жұмыс істеуге мәжбүр.
Атап айтқанда, Саран қаласында «Аспап» өндірістік кооперативі спорт залының құрылысын аяқтай алмай отыр. Сонымен қатар ақжолдық депутаттар Саран және Абай қалаларындағы құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендеріне де барды. Олардағы жағдай да құрылыс заттарының күрт өсуімен байланысты.
Іссапар барысында депутаттар Шахтинск қаласындағы автовокзалды қайта жөндеу жұмыстарымен танысты.
Кездесу қорытындысында депутаттар туындап отырған проблемаларды шешуге күш салатындарын айтты.
Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс депутаттары өздерінің депутаттық сауалдары арқылы Үкіметке құрылыс материалдары нарығында тәртіп орнатуды сұраған болатын.