Сыртқы істер министрлігі «Пусан қаласында (Корея Республикасы) Қазақстан Республикасының Бас консулдығын ашу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құжатта «Пусан қаласында (Корея Республикасы) Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылуы, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасының консулдық қызметінің осы саладағы қызметін күшейтеді, сонымен қатар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық (қазақстандық экспортты жылжыту, инвестицияларды тарту және бірлескен кәсіпорындар құру) саласындағы жұмыстарды жүйелі түрде құруға мүмкіндік береді», деп жазылған.
Консулдық мекемені ашуға байланысты іс-шаралар «Сыртқы саяси қызметті үйлестіру жөніндегі қызметтер» бюджеттік бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне бөлінген ақша қаражаты шегінде жүзеге асырылатын болады.
Жарлық жобасы «Ашық НҚА» веб-сайтында 12 тамызға дейін қоғамдық талқылауға орналастырылды.