Коронадағдарысқа қарамастан, еліміздің өзге мемлекеттермен тауар айналымы өскені байқалды. Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен осы саладағы көрсеткіші жылына 35%-ға артқан, экспорт көлемі де үш есе ұлғайған.
2021 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 2,3 млрд долларды құрап, былтырмен салыстырғанда бірден 34,7%-ға өскен, деп хабарлайды finprom.kz ресурсы. Ал осы елдердің сыртқы саудадағы үлесі 4,7%-дан 6,3%-ға артқан.
Қазақтардың әсіресе, өзбектермен саудасы қызып тұр. Деректерді сөйлетсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2019 жылғы қаңтар-шілде айларында 11,1% ұлғайған және 1,6 млрд долларды құрапты. Ал биылғы алғашқы жартыжылдықта екі елдің тауар айналымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 46%-ға өсіп, 1,5 млрд долларға жеткен. Өзбекстанның еліміздегі жалпы тауар айналымындағы үлесі бүгінде 4,1% пайызды құрайды.
Одан кейін Қазақстанның тауар айналымына Тәжікстан үлес қосып отыр: 426,1 млн доллар, бір жылда 22,9%-ға артқан, содан кейінгі кезекте – Қырғызстан (328,7 млн доллар, бір жылда +8,2%).
Ал еліміздің Түрікменстанмен тауар айналымы 74,6 млн долларды құраған, бұл да бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 49%-ға артық. Еліміздің тұрғындары түрікмендердің маталарын, көрпе-жастығын көбірек тасымалдай бастаған. Бұл сол елдегі бағаның арзандығынан болса керек.
Енді Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттеріне экспортын сараласақ, бұл көрсеткіш 2021 жылдың қаңтар-мамыр айында 1,7 млрд доллардан асқан. Мұны да былтырғыға қарағанда, жоғары көрсеткіш деп бағалауға болады. Бұл салада да басқалардан қарағанда қазақ пен өзбектің алыс-берісі көбірек екені байқалды. Сыртқа жіберілген тауардың 65,9%-ы Өзбекстанға жөнелтілген. Ақшамен есептесек, осы елге экспорт көлемі 1,1 млрд долларды құраған. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 58,4%-ға артық.
Тәжікстанға жалпы сомасы 297,1 млн доллардың тауарын жіберіппіз. Ал Қырғызстанға – 227,2 млн доллар, Түрікменстанға 48,6 млн доллар көлеміндегі тауар тасымалданған.
Жалпы алғанда, Қазақстаннан Орталық Азия мемлекеттеріне жөнелткен тауарлары сыртқы нарыққа шығатын жалпы экспорттың 7,7%-ын құрайды екен. Ал Орталық Азия мемлекеттерінен елімізге келетін тауар көлемі жалпы импорттың 4,2%-на жеткен. Айталық, жыл басынан бері Орталық Азиядан Қазақстанға 624,2 млн долларды құрайтын тауар әкелініпті. Бұл – былтырғыдан 33%-ға көп. Соның ішінде Өзбекстаннан келетін импорт 367,7 млн долларды құраса, Тәжікстандікі бірден 2,4 есе ұлғайып, 129 млн долларға жеткен.
Биылғы алғашқы бес айдағы Қазақстанның экспорт көлемі Орталық Азия мемлекеттеріне жіберілетін импорттан 2,7 есе асып түскен.