Сенатор Дәурен Әділбеков Ақмола облысында сапарда болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Сенат депутаты «Раздольное – Свободное – Есіл» автожолындағы көпір құрылысының барысын қарап, Бұзылық ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімімен кездесті. Дәурен Әділбеков жергілікті маңызы бар мәселелерді уақтылы шешу қажеттігіне әкімнің назарын аударды.
Сенатор егер қазіргі күрделі мәселелер жергілікті деңгейде шешілмейтін болса, онда оларды шешуге атсалысуға әзір екенін атап өтті. Өңірдегі сондай проблемалардың бірі – жол құрылысының сапасы. Осыған орай, сенатор «Бұзылық – Алматы» автомобиль жолын жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
«Өңір тұрғындары маған осы автомобиль жолы учаскесін жөндеу қажеттігі туралы айтқан болатын. Сондықтан қазір автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер ұйымдар осы жұмыстардың бәрін уақытында аяқтауы маңызды деп санаймын. Екінші жағынан, қоғамдық бақылаудың да маңызы зор», деді сенатор.
Дәурен Әділбеков Жарқайың ауданында Крупская атындағы мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты және жергілікті шаруа қожалықтарының бірінде болды. Сенатор мал азығын уақтылы дайындаудың және ауыл шаруашылығы техникасын алдағы егін жинау науқанына әзірлеудің маңызды екенін атап өтті.
Сенатор сапар барысында құрылыс алаңдарында болды және Жақсы ауданының қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысты.