Сыр бойындағы қуаңшылық зардабын тартып отырған Арал өңіріне көршілес Түркістан мен Ақтөбе облыстарынан, аймақтың өзге аудандарынан жемшөп жеткізілуде. Өңірде жұмысты үйлестіретін облыстық және аудандық штаб құрылып, мал азығын дайындау және қамтамасыз ету жөнінде облыстық жоспар бекітілді. Соған сәйкес, арнайы шөп дайындау бригадалары, еріктілер, «Жасыл ел» студенттік отряды жастары жұмылдырылды.
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев облысқа жасаған сапарында төтенше жағдай жарияланған Арал ауданындағы Бөген, Аманөткел ауылдық округтері тұрғындарымен, шаруашылық басшыларымен кездесіп, аймақта мал азығын дайындау мәселесіне қанықты.
Министр міндетін атқарушы жұртпен жүздесуде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталды, мал азығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді жылдам үйлестіру үшін министрлік жанынан республикалық жедел штаб құрылғанын айта келіп, Үкімет деңгейінде іске асырылатын шараларды атады.
– Үкімет резервінен Қызылорда облысына заңға сәйкес белгіленген тәртіппен жеткізілетін мал азығының құнын арзандату үшін субсидия негізінде 1,7 млрд теңге бөлінді. Енді осы қаражат шаруа қожалықтарына тамыз айының ішінде кезең-кезеңімен жеткізілуі тиіс. Одан бөлек, биыл фермерлердің жемшөп дайындауына қосымша арзандатылған жанар-жағармай бөлінеді. Алда облыстарға сұратылған лимиттері бойынша жеткізіледі. Қызылорда облысына 3,8 мың тонна лимит бөлінді, – деді Е.Қарашөкеев.
Министрлік тарапынан жақында мал шаруашылығын субсидиялау ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес облыста былтыр мал азығына субсидия ала алмай қалған шаруа қожалықтарының резервтегі өтінімдері қанағаттандырылатын болды. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 390 млн теңге қаражат та бөлінген. Енді ауыл шаруашылығы басқармасы тез арада шешім қабылдауы қажет. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ компаниясы басқа өңірлерден мал азығын тасымалдауға жеңілдік беретін болды.
Министрдің міндетін атқарушы барған Бөген ауылының тұрғындары бұрын-соңды мұндай қуаңшылық болмағанын айтады. Қазір осы ауыл мен іргедегі Аманөткелге шөп пен Б.Өтемұратов қорынан бөлінген қаржыға алынған жем жеткізілуде.
– Дариядан су азайғандықтан айналадағы көлдер тартылып, онсыз да қиындық тартып отыр едік. Қыста да қар түспей, көктемде шыққан көк көп ұзамай күйіп кетті. Қоға мен адыраспанға ауыз салғаннан кейін-ақ қазіргі малдың күйін біле беріңіз. Көктемде сиыр мен жылқы ұйыққа батып өлген. Қазір ішінара ұсақ мал өліп жатыр. Жылда сатып алып жүрген жемшөбіміз ғой. Биыл соны тегін бер демейміз. Тек қуаңшылыққа байланысты бағасы қымбат болып тұр. Соны тұрақтандыру үшін жасалып жатқан мемлекет қолдауына ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны Есқара Едігеев.
Тұрғындар ауыл маңындағы жайылымның тарылып бара жатқанын айтады. Қуаңшылықтың белгісі байқалғаннан малды аман алып қалу үшін төлін сата бастаған. Қазір ол да тоқтап тұр.
Биыл Аманөткел ауылдық округіндегі шабындық алқаптың 95 пайызы күйіп кетті. Біз барғанда ауыл тұрғындарына Б.Өтемұратов қорынан бөлінген қаржыға алынған жем таратылып жатыр екен. Алғашқы лекте жағдайы төмен 40 отбасына 10 қаптан беріледі. Жалпы бұл көмек ауылдық округтегі жүздеген шаңыраққа тиесілі.
Кездесуде Е.Қарашөкеев бүгінде Экология министрлігімен табиғи резерват жерлеріне мал жаю және шөп шабу жөнінде келісім жасалғанын айтып өтті. Сонымен қатар фермерлерге қолдау көрсету үшін мал шаруашылығын дамытуға алған несие төлемдерін кейінге шегеру жөнінде шаралар қабылданады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп қосымша мал азығын дайындайтын техника сатып алуды қаржыландыру және суармалы жерді игеруге қажет құрылғыларды сатып алуға несие беруді де қарастырады.
Сапар аясында министрдің міндетін атқарушы «Аспай» су ағытқысындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов мұнда жасалып жатқан жұмыстарды таныстырып өтті. Су ағытқысын қалпына келтіруге Б. Өтемұратов қорынан бөлінген қаржының 4,5 млн теңгесі қаралып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Осыдан кейін «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеледі. Оған облыстық бюджеттен 71 млн теңге бөлініп отыр. Бұл – осы аймақтағы көлдер мен жайылымдық, шабындық жерлерді суландырудың қамы.
Сапар аясында делегация Сарықұдық өңіріндегі «Ықылас» шаруа қожалығына барып, Арал қаласындағы бірқатар нысан жұмысымен танысты. Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралады.
Мемлекеттік қолдаудан бөлек Арал ауданындағы қиналған халыққа көмек көрсетіп жатқандар аз емес. Белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың қоры бөлген қаржы аудандағы мыңнан астам аз қамтылған отбасының малына жем сатып алуға жұмсалса, осы топырақтан шыққан кәсіпкер азаматтар да елге қолұшын созып жатыр. Ақтөбе, Түркістан облыстарынан бөлек жақында ғана Жамбыл облысындағы ағайындар аралдықтарға 400 тонна шөп жіберді. Бұл қуаңшылықтан қиналған жұрттың қамқорлықсыз қалмайтынын көрсетеді.
Қызылорда