• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Тамыз, 2021

Соқыр сенімнің салдары 19 мың адам «қаржы пирамидаларынан» зардап шекті

233 рет
көрсетілді

«Астра консалтинг» деп аталатын компания 120-дан астам адамды жалпы сомасы 650 миллион теңгеге алдап соғып, тақырға отырғызып кеткен. Бұл жөнінде ІІМ-нің апталық брифингінде Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов хабарлады.

Қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істерді тергеу мәселесі бойынша кеңінен мағ­лұмат берген департамент басшысы аталған компания өкіл­дерінің арам істерін Алматы қала­сында жүзеге асырып кел­генін айтты.   

«Компания қызметкерлері қарапайым халыққа өздерін қаржы нарығының кәсіби мамандары ретінде көрсетіп, салынған ақшадан жоғары табыс табатындарын айтып, уәдені үйіп-төккен», дейді С.Әділов. Ал шын мәнінде «Астра консалтинг»-тің қаржы нарығына ешқан­дай қатысы жоқ болып шық­қан. Аңқау елдің сенімінен ақша жасауды бизнеске айналдырып алған әккілер қаржы төлемдерін жаңа клиенттердің ағыны аяқ­талғанға дейін жүзеге асырып келген. ІІМ өкілінің айтуын­ша, қазіргі уақытта бұл қаржы пи­ра­­мидасына қатысты тергеу аяқ­талып, 6 адам қылмыстық жауап­кершілікке тартылып, барлығы қамауға алынған.

«Болашағы жарқын бизнес», «Жоғары технологиялық компания», «Инновациялық жоба», «Астра консалтинг» секілді компаниялар осындай танымал әрі тартымды атауларды жамылып, жарқ-жұрқ еткен жарнаманың күшіне сүйенеді. Көздегендері арамдықпен ақша табу ғана болып шығатын мұндай қаржы ұйымдарының жұмыс істеу тәсілі де біркелкі – олар адамдарды өте тиімді жобаларға, қор биржа­ларына немесе перспективасы керемет өндіріске ақша салу­ға алдап көндіреді. С.Әділов елі­мізде тамырын тереңге жая бас­таған қаржы пирамидаларына тән басты «қасиеттің» де осы еке­нін айтады. Яғни олардың өздерін табысы мол инвестиция­лар саласындағы кәсіби білікті ком­паниялар ретінде көрсете білуі. Ең өкініштісі, тез байып кетуге талпынып, уәдеге то­лы жарнамаға қарсы тұра алмай, соқыр сенімнің жетегіне еріп, қар­жы пирамидалардың құр­ба­нына айналып жүрген жұрттың қарасы азаяр емес.

«Қаржы пирамидаларының кең таралған тағы бір түрі – халық көп қолданатын мессенджерлерде құрылған кассалар түріндегі жобалар», деген спикер мысал ретінде өткен жылдың соңын­­да әшкереленген бір қылмыс­тық іске тоқталды. Бүгінде сотқа жі­берілген бұл іс материалдары бойынша Қарағанды қаласының 44 жастағы тұрғыны WhatsApp арқылы «Ақшалай жаңбыр» деп аталатын топтық чат ашқан. Чатқа қосылғандарға екі есе мөл­шерде пайда табуға уәде берген алаяқ оларға міндетті түрде карточкалық шотына ақша сал­дырып отырған. Тергеу бары­сында чатқа еліміздің әр өңірі­нен қосылған 800-ден астам жәбір­ленушінің 50 миллион теңгеден астам қаржыдан қағылғаны анық­талып отыр.

Сенімге кіру арқылы халық­тың қалтасына қол сұғып жүр­ген қаржы пирамидаларын қалай әшкерелеуге болады? Бұл сұ­рақ­қа жауап бергенде депар­та­мент басшысы мұндай ұйым­дар­дың басты белгісі – көп та­быс­қа кепілдік беретіндігі еке­нін ес­кер­тіп өтті. Ал қаржы пи­ра­ми­да­лары уәде еткен бұл та­быс­ты на­рықтағы мықты деген ком­па­ния­лардың өздері де ұсына алмайды.

«Компания қызметінде ашық­тықтың болмауы, тіпті нақты бір қызметпен айналыспауы, өзге адамдарды тарту арқылы пайда мен бонустар алуға уәде беру, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі беретін де­по­­зит­терді немесе ақша қара­жа­тын қабылдауға лицензиясы жо­қ­тығымен қоса, ең басты сезік тудыратын тұсы – мұндай ком­па­ниялардың ешқайсысы талап бойынша ақша қаражатын қайтаруға міндеттеме алмайды», дейді спикер.

Брифинг барысында қар­жы пирамидаларының кең тарал­ған түрлері мен басты ерекше­лік­теріне жеке-жеке тоқталған ІІМ өкілі елімізде «Астекс», «Вы­год­ный депозит», «Астра Консал­тинг», «Бизнес лайн», «Хоум авто инвест» секілді ірі қаржы пи­ра­мидаларының белсенді жұ­мыс істегенін айтып өтті. 

«Осындай компаниялардың құрығына көбіне Ақтөбе, Маң­ғыстау, Түркістан облыстары мен Шымкент және Алматы қа­ла­ларының тұрғындары түсіп, зардап шеккен. Жалпы, қар­жы пирамидалары туралы қыл­мыстық істер бойынша жәбір­лену­шілердің саны бүгінде 19 мың­нан асып жығылады. Ал кел­тірілген залал 21 млрд теңгеден астам», деді ол.

Ал биылғы жыл басынан бері Тергеу департаменті қаржы пира­мидаларына қатысты 330 қыл­мыстық істі тергеп, оның 177-сін сотқа жолдаған. Қазіргі таңда тергеуде 62 адам болса, оның 55-і қамауға алынған.