Еуропа елдеріне кіру талаптары өзгертілді. Сондықтан осы бағытта саяхаттайтын жолаушыларға барар елге кіру талаптарымен алдын ала танысуға және жағдайды бақылып отыруға кеңес беріледі.
Германия жексенбіден бастап екпені толығымен алмаған туристерден коронавирусқа тестілеудің теріс нәтижесі мен жақында ауырғаны туралы анықтама талап ете бастады. Бұл он екі жастан асқан барлық адамға, сонымен қатар елге автокөлікпен келушілерге де қатысты. Берлинде тамыздың алғашқы күндері жүздеген демонстрант санитарлық шектеулер мен вакциналауға қарсы наразылық акциясына қатысты. Оны өткізуге үкімет рұқсат бермеген.
Кейбір адамдардың қолында «Еркіндік!», «Корона-диктатураға жол жоқ!» деген жазулар бар плакаттар болды. Демонстранттар тобы полициямен қақтығысты. Соған орай тәртіп сақшылары бірнеше адамды ұстады.
Дания шектеу шараларын жеңілдетіп жатыр. 500-ден жоғары орны бар театрлар мен кинотеатрларға бару үшін енді «денсаулық паспорты» талап етілмейді.
Португалияда бірінші тамыздан бастап эпидемиялық ахуалдың нашарлауына байланысты кейбір аудандарда енгізілген комендант сағаты алынып тасталды. Дүкендерге, мейрамханалар мен барларға түнгі екіге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Францияның Марсель қаласында «Орандж Велодром» стадионына отыз мыңға жуық көрермен қайта оралды. Мұнда «Олимпик Марсель – Вильярреал» жолдастық матчы өтті.