Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуал, Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жобаны кеңейту мәселелері және бизнесті қолдау жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру барысы қаралды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Халықтың 55,4 пайызы
екпе алды
Халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі жағдай туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан 26 маусымнан бастап «қызыл аймақта» тұр. 3 тамыздағы жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсектік орындардың бос болмауы 56%-ды (29 138 төсектік орын), реанимациялық төсектік орындардың бос болмауы 44%-ды (2 102 төсектік орын) құрады. Бұл ретте министр атап өткендей, инфекциялық төсектік орындардың ең көп қамтылуы Нұр-Сұлтан (67%), Шымкент (77%) қалаларында, реанимациялық төсектік орындардың ең көп қамтылуы Ақмола (67%), Атырау (68%), Маңғыстау (80%) облыстарында (80%) және Нұр-Сұлтан қаласында (80%) байқалады. Коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерді емдеу бойынша әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігі министрліктің жетекші қызметкерлері мен медициналық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының еліміздің 10 өңіріне шығуын қамтамасыз етті. Облыстарда жағдайға егжей-тегжейлі талдау және бағалау жүргізілді, жағдайды тұрақтандыру үшін нақты ұсынымдар берілді. «Тым қызыл» аймақтағы стационарларға жүктемені бағалау матрицасына сәйкес, қауіпті тәуекел аймағында 4 өңір бар: Алматы, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары, оларда төсектік орындардың апталық қамтылу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 200 және одан жоғары.
2 тамыздан бастап өңірлерде іскерлік белсенділік теңгерімін және эпидемиялық ахуалды тұрақтандыруды ескере отырып және Ashyq жобасын іске асыру шеңберінде шектеу шаралары енгізілді. Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. Бірінші компонентпен 5 480 094 адам егілді, бұл вакцина алуы тиіс халықтың 55,4%-ын құрайды. Екінші компонентпен 3 941 941 адам немесе тиіс халықтың 39,8% қамтылған. «Министрлік 4 миллион адамға 8 млн дозаны қосымша жеткізуге келісімшарт жасасты. Жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Осыған байланысты, республикада халықтың вакцина алуға қолжетімділігі жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіледі», деді А.Цой.
Оның айтуынша, Ashyq жобасына кіру талаптарын жеңілдету жобаға қатысушылардың 3 есе өсуіне ықпал етті. Мысалы, осы жылдың 27 шілдесінен бастап 2 тамызына дейін Ashyq жобасына қатысушылардың саны 21 900 адамнан 67 782 адамға дейін өсті. Ashyq жобасы аясында мониторинг топтарымен жобаға қатысушы 50 мың объект қамтылды. Бұзушылықтар 642 нысанда анықталды. Осы жылдың 10 шілдесінен бастаған кезеңде ЦДИАӨМ-нен алынған мәліметтер деректері бойынша 16 663 бұзушы анықталды, олардың 10 305-і – «қызыл» және 6 358-і – «сары» мәртебесі бар келушілер. Осылайша, 16 мыңнан аса нысанда халықтың коронавирус инфекциясын жұқтыруының алдын алу мүмкін болды.
Соңғы аптада жедел медициналық жәрдемді шақыртулар саны 11%-ға азайды. Министрдің айтуынша, тамыз-қыркүйек айларындағы эпидемиялық ахуалдың болжамы негізінде еліміз оптимистік сценарий бойынша жүріп жатыр, онда 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында тіркелген жағдайлардың болжамды саны шамамен 250 мың адамды құрайды (орташа есеппен тәулігіне 7 мың жағдай). «Оптимистік сценарийді одан әрі дамыту карантин шараларын сақтаған және тиісті тұрғындарды вакциналаумен қамтуды арттырған жағдайда ғана мүмкін болады», деді А.Цой.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, Қазақстандағы эпидемиялық жағдай әлі де күрделі. Аурухана төсектері 56%, реанимациялық төсектік орындар 44% толы. Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы «қызыл аймақта» тұр. Бүгінгі таңда шамамен 9,4 млн доза вакцина қолданылды, оның ішінде вакцинаның бірінші компонентін 5,5 миллион адам, екінші компонентін 4 миллион адам алды.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне және Денсаулық сақтау министрлігіне барлық аурухананың, бастапқы пункттердің, мобильді бригадалардың, ПТР-зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының болуын қамтамасыз етуді тапсырды. ІІМ мен Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық-эпидемиялық нормалардың бұзылуын анықтау және бақылау тұрғысынан мониторингтік топтардың жұмысын күшейту тапсырылды.
Үкімет басшысы шектеу шаралары мен кәсіпкерлік белсенділіктің өсуін сақтау арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажетін атап өтті. «Бүгінде Ashyq жобасы бизнеске карантиндік шаралар жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік береді», деді А.Мамин.
Жамбыл облысы тәжірибесінің
тиімділігі
Үкімет отырысында Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жобаны кеңейту мәселесі қаралды. Бұл мәселе жөнінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі – министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.
Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев хабарлағандай, өңір халқы 1 139 мың адамды құрайды, оның ішінде ауылдық жерлерде 685,1 мың адам (60,1%) тұрады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар 51,1 мың адамның 31,1 мыңы – ауылдықтар (60,8%). 2019 жылы басталған «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» қанатқақты жобаның 5 бағыты бойынша жалпы алғанда 9,2 млрд теңге кредиттік қаражат игерілді. Жобаға облыстың 10 ауданының 11 қанатқақты ауылдық округінің 25 елді мекенінен 2 478 тұрғын және 11 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі қатысып, несие алды. Жоба 5 бағыт бойынша іске асырылды. Бірінші бағыт бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану 95%-ға артты. Екінші бағыт бойынша мал шаруашылығын дамытуға 6,4 млрд теңге қаржыға 45 032 бас мал сатып алынды. Үшінші бағыт бойынша елді мекеннен тыс 10 113 гектар пай жері тиімді пайдаланылды. Төртінші бағыт бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 972,4 млн теңгеге 190 дана техника сатып алынды. Бесінші бағыт бойынша жергілікті тұрғындарға шағын бизнес ашу үшін 56,2 млн теңге бөлініп, 11 жоба қаржыландырылып, шағын цехтар өз жұмыстарын жүргізуде.
Қанатқақты жобаның бірінші кезеңінде қол жеткізілген нәтижелерді атап өтуге болады: жеке кәсіпкерлер саны 2 282-ге артты; жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайды (бір жылда 2,98 млрд теңге); жұмыссыздар саны 194 адамға кеміді (528-ден 334-ке дейін); 589 жаңа жұмыс орны ашылды; АӘК алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65% кеміді, (1 615-тен 557 отбасыға). Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат – 1 039 млн теңге; қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 165% артты.
Вице-министр – Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, өңірлерде жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін зерделеді. Бұл ретте ұсынылып отырған жоба үш фазаға бөлінеді: бастапқы фаза нарықты зерделеуді, қаржыны жеке қосалқы шаруашылықтарға жеткізетін инфрақұрылымды дайындауды, мамандар даярлауды және жобаларды қаржыландыру жұмыстарын бастауды болжайды. Кеңейту фазасы жобаға тартылған жеке қосалқы шаруашылықтар санын одан әрі көбейтуге бағытталады. Дамыту фазасында жеке қосалқы шаруашылықтар жобасына қатысушылар саны ең жоғарғы көрсеткішке жетеді. Осылайша 2022 жылға есептелген қаржыландыруға деген қажеттілік 163 млрд теңгені құрайды (41 мың жеке қосалқы шаруашылықты қаржыландыруға), оның ішінде Жамбыл облысындағы 12 мың жеке қосалқы шаруашылықты қаржыландыруға кезекті кеңейту фазасы бойынша 46 млрд теңгені қаржыландыруға бағыттау жоспарланса, жобаның ауқымын басқа да өңірлерге кеңейту үшін 117 млрд теңге қажет (29 мың жеке қосалқы шаруашылықты қаржыландыруға). «Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін қаржыландыру шарттары жеңілдетіледі: қарыз мөлшерлемелері – жылдығы 2,5%, орташа қарыз сомасы – 4 млн теңгеге дейін, қарыз беру мерзімі – 7 жылға дейін», деді Е.Қарашөкеев.
Бастапқы фазада жеке қосалқы шаруашылықтар жобасына қатысуға жоспарланғандардың 15% қамтылады, кеңейту фазасында жеке қосалқы шаруашылықтар саны 55%-ға артады, дамыту фазасында жалпы жобаға қатысатын 195 мың жеке қосалқы шаруашылықтар 100% қаржыландырылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов соңғы 10 жылда халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды табысы 39 мың теңгеден 115 мың теңгеге дейін – 3 есе өскенін айтты. Дегенмен 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауылдардағы үй шаруашылықтарының табысы 52,4 мың теңгені құрады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 15%-ға (61,4 мың теңге), қалалардағы табыс деңгейінен 23%-ға кем (67,6 мың теңге).
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. 2019 жылғы қыркүйекте Үкімет отырысында «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» қанатқақты жоба мақұлданған болатын, оны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 7,2 млрд теңге бөлінді. Ақшалай қаражат 2,5% мөлшерлемемен берілді. Бағдарлама 5 бағыт бойынша жүзеге асырылады: үй жанындағы жерлерді тиімді пайдалану, үй малдары мен құстарының өнімділігін арттыру, жем-шөп және жайылым проблемаларын шешу үшін үлестік жер телімдерін ұтымды пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жарақтандыру, ауылдағы бизнес-жобаларды қаржыландыру.
Қанатқақты жоба Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде іске асырылып жатыр, 8 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық, оның ішінде 51 мыңнан аса тұрғын қамтылған. Бағдарламаны іске асыру аясында кәсіпкерлер саны 3 есеге артты, АӘК алушылар саны 3 есеге азайды, бағдарламаға қатысушылардың табысы 2 есеге дейін өсті.
Премьер-Министр ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі облыстың тәжірибесі өз тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшысының қолдауына ие болғанын атап өтті. «Бұл жобаны еліміздің барлық өңірінде қолдану керек, тиісті оқытуды ұйымдастыру қажет», деп атап өтті А. Мамин.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бір ай ішінде жобаны басқа өңірлерде де кеңінен қолдану жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Бизнесті қолдаудың
жаңа іс-шаралар
топтамасы
Үкімет отырысында дағдарыс жағдайында бизнесті қолдау шараларының іске асыру барысы қаралды. Атқарылған жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков, «Атамекен»ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарының әкімдері Өмірзақ Шөкеев пен Амандық Баталов баяндады.
Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев өз баяндамасында атап өткендей, пандемия және кәсіпкерлердің қызметіне енгізілген шектеулер жағдайында шағын және орта бизнесті қолдау ерекше өзектілікке ие болып отыр. Осыған байланысты биыл Ұлттық банктің айналым капиталын толықтыруға жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу бойынша жұмыс жалғасуда. Кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6 пайызды құрады. Айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру едәуір кеңейтіліп, кредиттер сомасы ұлғайтылды. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 1 трлн теңгеден аса сомаға 31 мыңнан аса жоба жеңілдікпен қаржыландыруға қол жеткізді. «Осы жылдың қорытындысы бойынша жеңілдетілген несие берумен жалпы несие қоржыны 2,5 трлн теңге болатын 47 мыңнан аса жобаны қамту жоспарлануда», деді Ә.Ерғалиев.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин түйіндеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 142 млрд теңге сомасына 334 жоба қаржыландырылды. Осы жылдың соңына дейін 424 млрд теңге сомасына 724 жобаға қолдау көрсету жоспарланып отыр. Қазіргі кезеңде БЖК-2025 бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 492 млрд теңгеге 23 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін шамамен 1,2 трлн теңге сомасына 32 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетіледі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша аталған бағдарламалармен 90 мыңнан аса жұмыс орны қамтылады. Бизнесті қолдаудың барынша сұранысқа ие бағыттары – сауда (47%), қызмет көрсету саласы (15%), өңдеу өнеркәсібі (13%), көлік және қоймалау (9%), сондай-ақ құрылыс саласы. Бүгінгі таңда бағдарламалар аясында кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 1 теңге субсидия бюджетке алты еседен аса салықтық түсімдер түрінде қайтарылады. «Пандемия жағдайында Үкіметтің «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қабылдап жатқан бизнесті қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары өз тиімділігін көрсетті. Аталған бағдарламалар аясында жоспарланған шаралар осы жылдың соңына дейін толық көлемде жүзеге асырылуы тиіс», деп атап өтті А.Мамин.