Шетелдерде өткен фестивальдерде бірнеше рет арнайы жүлде иеленген авторлық кинолардың қатарында «Мәриям» фильмі бар. Жуырда фильмнің режиссері Шәрипа Оразбаевамен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
– Шәрипа ханым, Сізді қоғам режиссер ретінде «Мәриям» фильмі арқылы жақсырақ тани бастады. Сұхбаттарыңызда фильмді түсіру туралы идеяның бас кейіпкердің ауыр тағдырын көргенде пайда болғанын айтасыз. Әңгімені осы бас кейіпкерден бастасақ. Мәриям, яғни өмірдегі Меруерт сіздің фильміңізге түсуге қалай келісімін берді?
– Иә, Меруерт фильмде шынымен де өз өмірін сомдайды. «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Қарекет» атты бағдарлама бар. 2019 жылы сол бағдарламаға Меруерт Сейбосынова есімді әйел көмек сұрап келді. Күйеуі екеуі Талдықорғанның ар жағындағы бір ауылда жеті жыл мал баққан екен. 2016 жылы күйеуі жоғалып кетіпті. Жездесі екеуі қалаға барамыз деп жолға шыққан, бірақ сол күйі үйге оралмапты. Іздестіру кезінде бес күннен соң жездесінің өлі денесі табылған да, Меруерттің күйеуі өлі екені де, тірі екені де белгісіз күйінде қалады. Бағдарламаға көмек сұрап келген келіншек сол кезде төрт баласы бар екенін, асыраушысы жоқ болса да, балаларына жәрдемақы ала алмай жүргенін айтты. Сотқа жеке тұлға ретінде арыз жаза алмайды, тек адвокат арқылы ғана өзінің асыраушысы жоқтығын жазып, шағымдануға құқы бар екен. Өзі төрт баласын әрең асырап жүрген, қыстақта тұратын әйел адвокатқа қайдан ақша тауып берсін? Сол үшін «Қарекет» бағдарламасына жүгінеді. Біз сол кезде Меруертке қол ұшымызды бердік. Алдымен сюжет түсіру үшін Меруерттің тұратын жеріне бардық. Сол кездегі көріністер ерекше әсер етті, басқаша айтқанда таң қалдым. Өркениеттен тым жырақ, құлазыған қыстақта екі үй ғана бар екен. Су да жоқ, жарық та жоқ. Тым құрығанда сыртқы әлеммен байланыса да алмайсың. Соған қарамай, төрт баланы дүниеге әкеліп, күйеуіне көмектесіп, мал баққан, сиыр сауған, басқа да шаруаларды дөңгелеткен қазақ әйелінің мықтылығына таңырқадым. Сол жолы Меруерт туралы сюжет жасадық, бірақ жолда қайтып келе жатқанда көз алдыма киноның кадрлары елестей бастады. Арада біраз уақыт өткен соң «осы оқиғаны неге фильм етіп түсірмеске» деп ойландым. Бастапқыда фильмге кәсіби актрисаны алғым келген. Бірақ ойлана келе Меруерттің өзін түсіргім келді. Өйткені мен Меруерттің көзінен от көрдім. Бағдарламаға келгенде «...актриса болсам деп армандаған едім» деп айтқаны да есімде. Ұсынысымды өзіне айттым. Ол бастапқыда қорықты, қалай болар екен деп алаңдады. Кейіннен келісімін берді.
– «Мәриям» фильмін YouTube-тан бір шолып қарап шықтым. Жалғыз әйелдің әкенің де, ананың да рөлін атқара алатынын шебер бейнелепсіз. Дегенмен фильм халықаралық фестивальдерге қатысып, түрлі марапат алғанда, қазылар алқасы ең бірінші қандай критерийлермен бағалады?
– Фильмді реализм бағытында түсірдік. Қазылар алқасы ол жерде бас кейіпкерге ерекше назар аударады. Фильмде бас кейіпкердің ішкі түйсіктері өзгерді, көзқарасы өзгерді. Басқа адамға айналды. Қазылар алқасы меніңше осындай өзгерістерге критерий қойды. Сосын өзіңіз де айтып жатырсыз ғой, ол жерде әйел жалғыз қалса да мойымай, әкенің де, ананың да рөлін атқарады. Фильмде әйелдің бойындағы жігерлілік, қайраттылық, шынайылық қазылар алқасының қолдауына ие болды деп ойлаймын.
– «Мәриям» фильмінің режиссері де, сценарисі де, продюсері де өзіңіз екенсіз. Оған қоса фильмді өз қаражатыңызға түсіріпсіз. Фильмге қаражат салғанда оның қайтарымын ойладыңыз ба? Басқаша сұрасақ, бұл фильм өзін өзі қаншалықты ақтады? Алған марапаттарыңыз шығынды толықтай жапты ма?
– Бұл фильмге өте көп мөлшерде қаражат салғанымыз жоқ. Мүлде аз деп те айта алмаймын. Ал оның қайтарымы туралы айтар болсақ, ондай ой менің басыма келген емес. Өйткені авторлық фильмдерде қаражаттың қайтарымы болмайтынын сол салада жүрген біздер жақсы білеміз. Рас, авторлық фильмдер өнердің бір саласы ретінде жоғары бағаланады. Ол жерде айтар ойыңды бүкпесіз айтуға, көрсеткің келген нәрселерді көрсетуге жақсы мүмкіндік бар. Бірақ қаржы түседі деп үміттену бекершілік. Фестивальдерден алған сыйақылар да ірі мөлшерде болған жоқ. Қазір пандемия жағдайында кинофестивальдер қаржыларын қысқартып жатыр, кейбіреулері мүлде тоқтатып тастады. Сондықтан фильмнің шығынын ақтайтындай мол көлемдегі гонорар бар деп айта алмаймын. Фильм қаржылық тұрғыда өзін өзі ақтаған жоқ. Ал бас кейіпкер Меруерттің екі бөлмелі үйге қол жеткізгені үлкен жетістік. Маған да біраз мүмкіндіктер туғызды. Қысқасы, мен үшін «Мәриям» фильмі трамплин болды деп айтар едім.
– Авторлық фильмдердің көбі отандық телеарналардан да, кинотеатрлардан да көрсетіле бермейді. Қазір пандемия жағдайында кинотеатр туралы айтудың өзі артық. Бұл орайда «Мәриямның» жайы қалай болмақ? YouTube-тегі бес мыңның айналасындағы көрілімді қанағат қыласыздар ма? Әлде қазақстандық көрермендерге көрсетудің басқа да жолын іздестіріп жатырсыздар ма?
– Телеарналарға бірнеше рет ұсынғанбыз. Олар бұндай фильмді көрсетуге құлықсыз. Өйткені авторлық фильм болған соң шынайы әрі сюжеттік тұрғыдан ауырлау. Соңғы кезде бұл фильмді іздеушілер көбейіп кетті. Сол үшін YouTube-ке салдым. Оның үстіне басқа сайттарда фильм шығып қойыпты. Тіпті «КиноГо» деген сайтта пираттық нұсқасы шығып, оған орысша дубляж да жасалып үлгеріпті. Көріп қайран қалдым. Сапасыз нұсқасын ондай белгісіз сайттардан көргенше, өзімнің YouTube арнамнан көрсін деген ниетпен сол жерге салып қойдым. Бұл фильм көп мемлекеттерде көрсетілді. Енді қазақстандық көрермендер менің YouTube арнамнан көре алады. Әзірше басқа жолдарын қарастырып жатқан жоқпын. Өйткені қазір интернет қол жетімді. Кез келген адам интернеттен іздеп, тауып көре алады.
– Өзіңіз жуырда Лондонда өткен RainbowFilmFestival халықаралық кинофестивалінде «Мәриям» фильмімен «Үздік әйел режиссер» атағын алдыңыз. Бұл марапат сіздің карьераңызға әсер етуі мүмкін бе? Мысалы, бірлескен жобалар жасауға немесе сіздің төл жобаларыңызды қаржыландыруға ұсыныстар түсуі мүмкін бе?
– «Үздік әйел режиссер» атағы мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл пандемияға байланысты онлайн өткізілген іс-шара еді. Біз қазір екінші толықметражды фильмді түсіріп, аяқтап жатырмыз. Соның жұмыстарымен жүріп, фестивальге қатысып жатқанымды ұмытып та кетіппін. Естіген кезде қуанып қалдым. Әрине, марапат менің карьерама әсер етеді. Мысалы, ресейлік продюсерлерден ұсыныс алып жатырмын. Бұйырса осы жылы Ресей нарығына шықсақ деген ойым бар. Соған қоса, әлгінде айттым ғой, «Мәриям» фильмі туралы жергілікті газетке шыққан материалды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оқып, «көмектесіңіздер» деп қол қойып беріпті. Соның арқасында осы жылы ақпан айында Меруерт екі бөлмелі үй алды. Ол қазір жап-жаңа, таза да әдемі үйде тұрып жатыр. Бұл – фильмнің жетістігі. Мен ғана емес, бас кейіпкердің де жетістігі.
– Болашақта қандай бағыттағы фильмдер түсіргіңіз келеді. Қандай оқиғаларды не қандай кейіпкерлерді үлкен экраннан көрсеткіңіз келеді?
– Қазақ тарихынан ойып орын алған бейнелерді үлкен экранға шығарғым келеді. Оның ішінде әдеби шығармаларға арқау болған Ұлпан, Ақбілек, Ақжүніс тағдырына арналған көркем фильмдер түсіргім келеді. Қазақ тарихында із қалдырған, салиқалы адам ретінде Зере бейнесін шығарсам деймін. Бізде Абай, Құнанбай жайлы фильмдер бар, Зере туралы жоқ. Айта берсе, қазақ тарихында ақыл-парасатымен де, ажар-көркімен де үлгі болған, бір рулы елге ұстын болған әйелдер жетерлік қой. Ол фильмдер тек авторлық емес, сонымен қатар көрермендерге арналған фильмдер болса деймін. Ол енді уақыттың еншісіндегі нәрсе. Оған көп қаржы керек, қолдау керек. Сондықтан болашақта қолдау болып жатса, қазақ әйелдерінің бейнелерін жасасам деген мақсатым бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»