Бүгінгі біраз замандасыма, әсіресе жастарға «азаттық» ұғымы көп сөздің бірі болып көрінетініне қайран қаламын. Тәуелсіздік жылдары Атбасар, Ақмола, Қарағанды, Шахтинск қала-кенттерінде түрлі жауапты қызметтер атқарып жүріп, мынандай ащы шындыққа куә болдым.
Біріншіден, егемендік мұратымен жаңғырған тарих пен ресми ақталған тұлғаларға қызығушылықтың бәсең болуының себебі – тиісті түсіндіру жұмыстарының кемшілігінен екен. Екіншіден, өзге тілді, әсіресе советтік таптаурын танымдағы қауымның скептизмі – атқарушы биліктің тым жалпақшешейлігінен бе дедім. Үшіншіден, тарихты да, тұлғаны да танытатын – білім жүйесі екенін білсек те, орыс және аралас тілді мектептердің, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгермеген ортаның, мекемелердің Тәуелсіздік мұратына қызмет ететін тетіктерін таппай-ақ қойдық.
Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл істеген азамат ретінде бір ұсынысым: түрлі деңгейдегі жауапты басшылардың, әкімдердің рейтингін анықтауда «елдік, мемлекетшілдік іске қосқан үлесі» деген өлшемді енгізу – уақыт талабы.
Осы орайда мемлекеттік қызметте де, мәдени-рухани салада да жауапты қызметкерлер, мамандар білуі міндетті ұлт тарихының бір сапалы кезеңі бар. Ол – Алаш кезеңі.
Бүгін бәріміз де сол Алаш зиялыларының мұрагері, ісін жалғастырушысы бола білуіміз керек. Осыны мектеп жасынан әр бала санасына сіңірсек, қазіргі көкейкесті шынайы отаншылдық мәселесі өзінен-өзі шешілер еді. Біздің бұл ізгі ниетімізді өз ішіміздегі басқа этнос өкілдері де, әлемдік қауымдастық та орайымен түсініп, қолдау білдірері сөзсіз. Себебі Алаш үкіметі мен Алаш автономиясы тарихында адамды, ұлтты алалайтын ештеңе жоқ.
Қазіргі ойлы, намысты, жауапты қазақ және Қазақстан азаматы – Алаштың тікелей мұрагері деген ойымды жалғастыра отырып, өзім де сол сапта екенімді мақтанышпен айтқым келеді. Менің нағашы атам Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбаев (құжаттарда – Болғанбаев, Алаш зиялылары айтуында – Болғанбай) – Ақмола өңірінде туып-өсіп, Орынборда оқып-жетіліп, Ташкентте саясат айдынына көтеріліп, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы советтік қанқасапқа іліккен қайраткер, қаламгер, тұлға.
Әйгілі Мағжан Жұмабайдың замандастарына берген бағасын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Соның ішінде біздің нағашы атамыз туралы: «Бортаң бала, Бүгін қара – Кәрітай, Бір кемі жоқ, Бір теңі жоқ – Болғанбай» депті. Бұл жерде «Бортаң бала», «Кәрітай» – баспасөздегі Х.Ә.Болғанбаевтың псевдонимдері. «Бір теңі жоқ, бір кемі жоқ» – атамыздың қайраткерлікке толы ғұмырының бағасы. Біз бұл мадақтың астарынан оның Мұстафа Шоқай жанындағы өмірін, Түркістан автономиясын (мұхтарият) құрысудағы табандылығын, Алаш атынан басмашылар арасына келіссөзге барған ержүректігін, Ақмоладағы театр мен мәдени шараларды, ағарту ісін қолдаудағы табандылығын, Қорғалжын ауданының қазығын қаққан әлеуметшілдігін, Қараөткелдегі мұсылман көпестеріне араша түскен мәмілегерлігін көреміз.
Хайретдин Болғанбаев туралы әр кездері Д.Қамзабекұлы, Д.Қыдырәлі, Б.Омаров, Қ.Нұрмағамбетов, С.Ақтаев, Т.Жұртбай, Т.Боранғалиұлы, Н.Сапуанов, Д.Асауов, т.б. ғалымдар мен журналистер түрлі бағытта мақалалар, еңбектер жариялады. Ұрпағы атынан бұл кісілерге ризашылығымызды білдіре отырып, әкесі туралы тамаша естелік жазып кеткен марқұм анамыз Гүлнар Хайретдинқызының алаштанушы қаламгерлерге берген ақ батасын еске аламыз. Ол кісі: «Айналайындар! Әкем – халықтың ұлы еді. Әкемнің ел алдындағы қызметін тарихын айтқандарың – ел тарихын түгендегендерің. Алла алдарыңнан жарылқасын! Өрістеріңді өрт шалмасын! Жүректеріңді дерт шалмасын!..» деуші еді.
Әркімге өз анасы ардақты. Алайда анамыз Гүлнар Хайретдинқызының бағасын да, қадірін де алаштанушылар жақсы біледі, ол нағашы атамыз туралы деректерді тірнектеп жинап, әкесі М.Дулатұлын қайта тірілткен Гүлнар Міржақыпқызы секілді аянбай еңбек етті. Қаншама жыл Қорғалжынның Сабындысында мұғалім, мектеп директоры болып, «халық жауының қызы» деген нақақ жаланың негізсіздігін дәлелдеп, ағарту саласында алғашқылардың қатарында Ленин орденін алып, «ҚазССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына жетіп, абыройға бөленген еді. Қан майданда от кешіп келіп, қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейін еңбегімен өсіп, ерте бақиға көшкен (1964 жылы) әкеміз Тұяқ Кәмелұлы екеуі жеті баланы бағып-қағып өсірді. Азаматтық жолын айқындап берді.
Біздің отбасы-әулетіміздің алтын шегесі, асыл арқауы – Рахима Әкбарқызы Халфина-Болғанбаева еді. Бұл кісі – жеті атасынан бері бақ-берекесі үзілмеген, қазақпен құдандалы Ақмоланың әйгілі көпесі Әкбар Халфиннің қызы еді. Бүгінгі елорда көпес десе, Кубринді ғана еске алып жатады. Ал 70-жылдары Целиноград орталығы жаңартылғанда және астана көшетін 90-жылдары Халфиндердің зәулім қосқабатты екі үйі «ескі құрылыс» ретінде сүріліп кеткенін біле бермейді. Мұнымен қоса соңғы табылып жатқан архив деректерінде осы көпес Халфиндер әулеті Алаш қозғалысын қаржыландырған санаулы байлардың бірі ретінде көрсетіледі. Әңгіменің реті келгенде айтайын, ескі суреттерде бейнесі қалған Алашқа қызмет еткен Халфиндер құтханасын (особняк) қайта жаңғыртып, «Ақмола тарихы музейін» жасаса, құба-құп болар еді.
«Жігіттің үш жұрты» дегендей, Х.Ә.Болғанбаевтың қайын жұрты, яғни біздің түп нағашыларымыз Шоқан Уәлихановпен де туысады. Аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың бір қызы Бәдіғұл (шын аты – Бәдіғұл-Жамал, бұл кісі Шоқанның туған әпкесі) Ақмола дуанының тұңғыш басшысы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының баласы Абылайға тұрмысқа шығады. Абылай мен Бәдіғұлдан Сұлтан, Нақыш, Мұқыш, Шәкіш атты ұлдар, Мәстура, Мағида атты қыздар дүниеге келеді. Осының ішіндегі Мәстура Абылайқызы – біздің әжеміз Рахима Әкбарқызының, яғни Хайретдин әйелінің туған анасы.
Ал Ақмола қаласында сауда жүргізіп, қаланы өркендетуге қатысқан Халфиндер тарихына келсек, Уәли Халфин Қазан шаһарынан Башихдин, Кашефдин деген екі ұлымен келіпті. Осында Жаратқанның бұйыруымен қазақ Тәуірбала Былқымбайқызына үйленіп, Ғалиәкбар, Ғалиасқар, Сыздық, Әбдірахман, Кәрім, Рахымжан атты перзент сүйеді. Ғалиәкбар (Әкбар) – Рахима әжеміздің әкесі.
Өз анамыздың (Гүлнар) екі ағасы болды: Ерік және Мұрат Болғанбаевтар. Ерік нағашымыз Д.А.Қонаев жанында, Орталық комитеттің ауылшаруашылық бөлімінде абыройлы қызмет атқарды. Мұрат ағамыз да осы ауылшаруашылық саласының жауапты жұмыстарында болды. Анамыз да, екі бауыры да бақилық...
2020 жыл менің өмірімде ерекше жыл болды. «Хайретдин Болганбаев – свет неугасимой звезды» (Хайретдин Болғанбаев – сөнбес жұлдыздың жарығы) атты тұңғыш кітабым «Дәуір» баспасынан жарық көрді. Әркімнің ішкі жан сыры, аңсары мен арманы болады ғой. Бұл – менің Алаш жолында мерт болған ата-бабаларыма, «халық жауының қызы» деген нақақ атақ қыр соңынан қалмаған асыл анам Гүлнарға, «халық жауының күйеу баласы», «бай-шонжардың тұқымы» (Қорғалжын жерінде бабам Ыбырай Баяндыұлының кесенесі сақталған) деген қаралау жүйкесін жұқартып, жүректен алып тынған әкем Тұяққа орнатқан рухани ескерткішім. Кезінде марқұм анамыз бізді Алаштың ұрпағы ретінде зерттеу жолына салып кетіп еді, біз соның үдесінен шығуға тырыстық.
80-жылдары Жастар одағында істеген тәжірибеміз бар, Кеңес өкіметі құлар алдында Ленинградта Партия мектебінің «саясаттану» мамандығында оқығанымыз және Тәуелсіздік тұсында атқарушы билікте қызмет еткеніміз бар, Хайретдин Болғанбаев өмірі мен қызметін тереңдете зерттеу мақсатында РФ Федералдық қауіпсіздік қызметі орталық архивінде, Ресей мемлекеттік тарих архивінде, Ресей Федерациясы мемлекеттік архивінде, Томск облысы мемлекеттік архивінде, РФ Коми республикасы архивтерінде, Архангельск мемлекеттік тарих архивтерінде, Өзбекстан Республикасы архивтерінде, өз Отанымыздың (Қазақстан) архивтерінде жұмыс істеп немесе олармен электронды жүйеде байланыс орнатып, бұрын белгісіз болып келген деректерді таптым. Сондай-ақ Қазақ АССР бойынша СССР НКВД-сының №10702, №11020, №26411 тергеу істерін өз көзіммен қарап, сондағы Х.Ә.Болғанбаевқа қатысты тың деректер негізінде ой түйдім. Сонымен бірге нағашы атамыздың ісі мен ізі қалған Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстық архивтерін шолудың мүмкіндігі туды. Том-том істерді қарап, санам толықты. Бума-бума деректерді оқып, байыбым мен пайымым артты.
Патшалық Ресей тұсындағы мұсылман қозғалысы, Бүкілресейлік мұсылман съездері, Алаш қозғалысы, Жалпықазақ съездері, Алаш бағдарламасы, Бірінші дүниежүзілік соғыстың бейресми шындығы, Автономия үшін күрес ақиқаты, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Зәки Уәлиди Тоған, Мұстафа Шоқай, т.б. тұлғалар, «Қазақ» газеті, «Бірлік туы» газеті, Ташкенттің Алаш кезеңі, Қоқанда құрылған Түркістан автономиясы, Орталық Азия қайраткерлері арасындағы байланыс, Алаш пен большевизм текетіресі, Азаматтық соғыс шындығы, Кеңес платформасындағы Алаш қайраткерлерінің еңбегі, саяси қуғын-сүргін – бәрін Хайретдин Болғанбаевтың өмір жолы негізінде зерделедім. Оны бүкіл қазақ халқына ортақ тұлға, елі үшін туған қайраткер, қаламгер екенін дәлелдеуге тырыстым.
Хайретдиннің әкесі Әбіш (Әбдірахман) – Меккеге барып, қажылық парызын өтеген діндар. Сонымен бірге Хайрекеңді ауыл молдасына беріп, Ақмола қазірет-қалпелерінің тәлімін көрсеткен. Сөйтіп, солтүстіктің жасөспірімін сонау Қазақ елінің батысындағы (Орынбор) «Хусаиния» медресесіне оқуға береді. Сұрақ туады: Әбдірахман қажы неге мына жақынырақ жердегі Омбыға оқуға бермеді? Бұл – діндар азаматтың бағытымен, түсінік-талғамымен байланысты дүние. Біріншіден, нағашы бабамыз, сірә, түрікшіл болған. Исмайыл Гаспринскийдің «Тәржіманын», Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналын оқып тұрған. Сол арқылы татар зиялыларын жақын тұтып, тілі, ділі, түсінігі бір жәдитшіл «Хусаиния» медресесін таңдаған. Екіншіден, баласының жер көріп, ел танығанын қалаған. Бұл – «ұлттың тұтастығына қызмет етсін!» деген арман. Расында, солай болды. Хайрекең Орынбор медресесінде оқып жүріп, жаз айларында Ақмешіттегі Қоңыратбай әулетінің қос жеткіншегі – Әлібек пен Әуелбекті (кейінгі атақты ғалым, қаламгерлер) оқытты. Үшіншіден, діндар әкенің «балам жақсыға жақын жүрсін!» деген тілегін Алла оңғарып, Хайретдин шәкірт күнінен Орынбордағы «Қазақ» газетімен байланыс орнатты. Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың батасын алды. Төртіншіден, осы үш таным, үш баспалдақ Түркі дүниесіне қызмет еткен Мұстафа Шоқайдың қасына алып келді. Бірлесіп шығарған газет аты «Бірлік туы» еді. Хайретдин ұлттың да, түркі халықтарының да бірлік туына адал болып қалды.
Хайретдин Болғанбаев – Алаш ұранды Жалпықазақ Бірінші съезіне де, Екінші съезіне де делегат болып қатысқан аз тұлғаның бірі. Бұл кезде ол жасы 21-дегі жігіт екен.
Иә, Х.Ә.Болғанбаев Түркістан тұтастығына қызмет етті. Ол «Қазақ» газетіне 1917 жылы 2 желтоқсанда жолдап, 18 желтоқсанда жариялаған «Телеграм. Түркістан автономиясы» атты хабарламасында: «27 нойабырда Қоқантта уалаят мұсылман сиезі болды. Жерлі «Түркістан автономиясы» жарияланды. Халық шаттықпен қарсы алып тұр. Уақытша ұлт мәжілісі – жаңа үкімет сайланды. Ғинуарда Түркістанның ушередителни сабраниасы шақырылады. Үкіметтің уақытша тұратын орны – Қоқант» деп жазды.
«Бірлік туы» газетіне 1918 жылы 30 наурызда «Бортаң» деген псевдонимімен жазған «Өзгерістің бір тәулігі» атты мақаласын оқиық: «Әктәбірден кейін мемлекет ішінде талан-тараж бұрынғыдан да жаман күшейді. Жалпы халық пен байлар арасындағы өшпенділік шектен асты. Русияның көп шахарлары олардың хүкіметі танымаған соң бәрін бәлшеуиктер ішінде бір уақыттың өзінде әлде неше жерлерде соғыстар болып жатты. Бәлшеуик бүліншілігі басталысымен-ақ Русиядағы тегі бөтен жұрттардың бәрі іргелерін бөлек салып, өз бастарының қамын қарастыруға кірісті. Соның үшін олардың бәрі өз алдына афтономиялар алған етіп, өз тізгіндерін өздері ұстамақ болды. Баста бәлшеуиктердің өздері де әр жұрт өз тізгінін өзі алсын деген жарлық шашқан еді. Соңынан ол жарлықты екінші мағынаға бұрып, афтономия алған жұрттардың да істеріне қол сұқпақ болды. Сонымен бәлшеуиктер оларға да қарсы соғыс ашты. Ақырында қару күшімен жұрттың бәрін қамыстай жапырып, жаңа жасалған афтономиялардың күлін көкке ұшырды...»
Міне, шындық! Төңкерістің бүкіл ақиқаты, Алаштың амалсыз тығырыққа тірелген бүкіл трагедиясы осы дәйексөзде тұнып тұр.
Ал Түркістан автономиясының немесе мұхтариятының шындығы бұдан да ауыр еді. Большевиктер бүкіл әскери күшті Қоқанға төгеді. Бала-шаға, қария, әйел заты демей, барлық жан баласын он бір күн, он бір түн қынадай қырады. Мұны Хайретдин Болғанбаев («Бортаң») «Бірлік туына» (15.03.1918) «Тұла бойлары қан сасиды» деп жазады. Әрине, большевиктерді сипаттап отыр. Қайраткер ә дегеннен: «31-ші ғинуардан 10-шы феуралға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті. Ол күндер Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер!» деп трагедиядан ақпар беруден бастайды.
Қаламгер жазбасының мына жолдарын бейжай оқу мүмкін емес: «Сорлы Түркістан! Сен кеше бостандық болды, теңдік күн туды деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Ресейдің үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырыңды еске алдың ғой. Жоқ, босқа алданғансың! Шеттен келген буменен өлген теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын! Сырттан – Ресейден, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды. Сен әлі тоңсың, күнің ыстық болса да саған әлі бостандық қызуы кірген жоқ. Енді мына көз алдында судай аққан кінәсіз қан сенің бойына жылу жүгіртсе, сонда ғана жылынасың. Сонда ғана Темірлер мен Бабырларды көресің... Аһ, айнала қан сасиды!.. Енді мен бұл қанды көріп бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын. Бұл қан мені ұйықтатпайды. Бұл қан көз алдымда тұрғанда, калың мақталы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады ...түсіме енеді».
Дәл осылай ақиқатты намысты жанып айту, бейнемен де, тура суретпен де жеткізу – әрі өжеттік, әрі «ар ісінің» жөні. Ақын Мағжанның «бір кемі жоқ, бір теңі жоқ» деуінің астары да, сыры да осында болса керек.
Хайретдин Болғанбаевтың қаламгерлік аясы, қайраткерлігі қазақ ауданынан асқанын дәлелдейтін дерек бір бұл емес. 1934 жылы Түркия астанасы Ыстанбұлда Жафер Сейдахметтің ыждағатымен «Гаспаралы Исмаил бей» атты жинақ шығады. Бұл – түркі дүниесінің жұлдызы биік тұлғасы И.Гаспринский қазасының 20 жылдығына арналған естелік кітап еді. Осы жинаққа большевиктік қуғын-сүргіндегі Х.Ә.Болғанбаевтың «Исмағилбек Гаспринскийдің жылы» («Қазақ» газеті, 15.04.1915) атты мақаласының түрікше нұсқасы енеді. Автор қазақ зиялылары атынан: «Жылдар түгіл, ғасырлар өтсе де ұлт баласының жүрегінен жойылмайтын бір қазаға біздің Русиядағы түрік тұқымы душар болды. Сол күні ұлтымыздың кемеңгер атасы, көсемі, ардақты Исмағилбек біздің арамыздан мәңгілік жайына қайтты. Неше миллиондаған түрік балаларын артына жетім қалдырды. Бұл хабардың Русиядағы бүкіл түрік-татар жұртына қаншалық батқаны уақытында матбуғат жүзінде жазылған қайғылы мақалалардан көруге болады. Русияның һәр тарапына газета басқармаларына келген сансыз телегірәм бұл қазаның жалпы болғанын көрсетті. Мызғымас атамыздан айырылдық, қайыспас қорғанымыз құлады деп, көздің жасын көл қылып жазған мақалалармен матбуғат жүзі толды. Біздің қазақ жұртында бір рәсім бар: ардақты жұрт адамының опатына бір жыл толғанда, бүкіл ел ол адамды жоқтайды. Оның жақсы мінездері, үлгілі істері кейінгі нәсілге ұмытылмай қалуы үшін оның ғұмырында қылған қызметтерін санап жоқтау айтады. Біз де бүгін сол рәсімді істеп ұлұғ бабамыздың ұлұғ істерін, түзу бағытын жұрттың есіне саламыз» деп жазды. Ал осы еңбектегі түйін сөз әлі көкейкестілігін жойған жоқ. Ол мынау: «Рахметті бабамыздың көздеген арманы ұлтын ілгері бастыру еді. Түскен жолы ұлтын сүю еді. Біз, шәкірттеріне де, бұлар – парыз. Бұл істерін ұмытпау – біздің борышымыз».
Қайраткер Х.Ә.Болғанбаев большевизм орнағаннан кейін білім және баспасөз саласында қызмет етті. Ташкентте, Қызылжарда оқу ісінің меңгерушісі болды. Ол – іргетасы 1918 жылы Ташкентте қаланған ұлтымыздың ең алғашқы жоғары оқу орны Абай атындағы ҚазПИ-дің негізінде тұрған оқытушылардың бірі. Бұл – кезінде А.Байтұрсынұлы аялдаған «Киринпрос» (Қазақ ағарту институты). Сондай-ақ Архангельск, Сыктывкарға айдалып келген соң, Келес (кейін Сарыағаш) ауданындағы Қапыланбек зооветтехникумында сабақ берді.
1929 жылы 12 қаңтарда НКВД тергеушісіне берген жауабында Хайрекең: «Мен совет құрылысының өміршеңдігіне және оның ұзақ тұратынына сенген жоқпын. Оны уақытша деп ойладым. Совет өкіметінің көп шарасы (мысалы, разверстка, т.б.) халықтың ашу-ызасын тудырғаны белгілі еді. Сондай-ақ мемлекет тағдырын шешуге қазақ халқы қатыспайтыны да мәлім болды. Ол орыс халқының қолындағы нәрсе еді. Сондықтан халықты билікке қарсы қоюды, үгіттеуді ойлаған емеспін» дейді (ҚР Қауіпсіздік комитеті архиві, 6-қор. № 011494-іс. Т. 1. 167–181-беттер).
НКВД хаттаған құжаттарда, сұрақ-жауаптар қорытындысында Хайретдин Болғанбаевты «Совет өкіметіне қарсы шпиондық-диверсиялық, террорлық ұйымның мүшесі» деп көрсетеді... Мұндай анықтаманың бәрі қолдан құрастырылған екені мәлім. Алаш зиялыларының отаншылдығын, позициясын осылай бағалаған өкімет оларға не жаза беретіні түсінікті еді. Бірінші Сібірге айдады. Екінші Алматы НКВД-сы абақтысында атып, Талғар ауданы жеріне (Жаңалық ауылы) түнделетіп жасырын көме салды. Бұл 1937 жылдың 23 қарашасы еді... Арада 20 жыл өткен соң, «Аққа Құдай жақтың» кері келіп, атамыз 1957 жылы 24 тамызда ақталды. Азапты күндердің әрбір сәті, күні, аптасы, жылы анамыз Гүлнар Болғанбаеваның «Әкем Хайретдин және тағдыр тағылымы туралы ақиқат» естелігінде жазылған.
ҚР Қауіпсіздік комитеті архивін қарап жүріп, СССР НКВД-сының №10702, №26411 істері қосымшасынан Хайретдин Болғанбаевтың фотосуретін, паспортын, қызметі мен жеке ісіне, тергеу амалдарына байланысты анықтамалардың, құжаттардың түпнұсқасын таптым. Бұлар – хайретдинтанудың елеулі олжасы. Оқырманға ұсынған кітабымда осының әрбіріне тоқталдым.
Қазақ «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол!» деп өсиет айтады. Ұлы Абай да осы ойды жаңғырта отырып, өлеңінде әкесі Құнанбайдың тарихтағы орнын айқындап берген. Біз де Алаштың кемел тұлғасы Хайретдин Болғанбаевтың Қазақ елінің лайықты мақтанышы екенін дәлелдеп, тарихи орнын жаңа деректер негізінде бағаладық.
Достық КӘМЕЛОВ,
саясаттанушы