Әлеуметтік желілерде тағы да фейк-аккаунттар пайда болды. Онда қазақстандықтарға 50 мың теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы рәсімдеуге уәде беріледі. Аталған қызметті алу үшін өтініш беруші белгісіз банк шотына 3 120 теңге аударады, деп хабарлайды Egemen.kz Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым атап өткендей, мұндай жарнамалары бар беттер әлеуметтік желілерде жиі кездеседі.
Пайдаланушыларға 50 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төлеуге «100 пайызға кепілдік беріледі». Фейк-парақшаны Telegram-bot жүргізеді, онда өтініш берушіден 3 120 теңгені банктегі карточкалық шотқа аудару сұралады. Бұл қызметке ақы төлеу деп аталады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақы төлемдері туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылатын 50 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі қызметтер үшін 3 120 теңгелік төлемді жүзеге асыру қажеттігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда қандай да бір төлемдерді міндетті түрде аударуға «байланыстырылған» жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер жоқ екенін хабарлайды», делінген министрліктің ресми хабарламасында.