Еуропалық Одақтың (ЕО) Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель Беларусия Олимпиада бітімгершілігін бұзды деп айыптады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Спортшы Кристина Тимановскаяның Польшаға аман-есен келгеніне көзім жеткенде мен тынышталдым. Сонымен бірге, тағы бір намысқой беларусьтік әйел Лукашенко режимінің әрекеті мен Олимпиада бітімгершілігінің бұзылуына байланысты өз елінен кетуге мәжбүр болды», деді Боррель.
Олимпиада бітімгершілігі - біздің заманымыздан бұрынғы 8 ғасырда Олимпиада ойындары дәстүрімен байланысты ескі грек дәстүрі. 1992 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті барлық мемлекетті осы келісімді сақтауға шақырып, дәстүрді жандандырды. Нәтижесінде, тиісті қарар 1993 жылы қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, спортшы Кристина Тимановская беларусь жаттықтырушыларын сынға алғаннан кейін оны еркінен тыс елге әкетуге тырысқан. Алайда, беларусь тарапының әрекетіне жапон полициясы кедергі келтірді. Нәтижесінде спортшы Польшадан пана тапты.