Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жасалған үкіметаралық келісімдер шеңберінде қазақстандықтар тегін оқи алатын елдер саны артты. Енді қазақстандықтарға Словакия, Әзербайжан және Вьетнам елдері де гранттар бөледі.
Осылайша, 2021 жылы білім беру саласындағы келісімдер аясында мемлекеттер саны 10-ға дейін артты. 2019 жылы мұндай тізімде 7 ел болған еді. Біздің талапкерге грант ұсынатын мемлекеттер қатарында Мажарстан, Польша, ҚХР, Украина, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар.
Өткен екі жылда мыңға жуық қазақстандық осы елдердің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алды. Биыл қазақстандықтарға 500-ге жуық грант бөлінді. Үкіметаралық гранттар аясында қазақстандықтар бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша оқи алады.
«Жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық кадрлық әлеуетке оң әсерін тигізді. Отандық жоғары оқу орындарында білім беру процесінің сапасын күшейтумен қатар, азаматтарымыздың әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болуы үшін жағдай жасау қажет. Біз «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғана емес, үкіметаралық келісімдер шеңберінде де қазақстандықтарды тегін оқыту үшін елдер географиясын кеңейтіп жатырмыз. Қазақстанға оралғаннан кейін мамандар алған білімдерін өздері еңбек ететін саланы дамыту үшін қолданады деп үміттенеміз», деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
2019 жылмен салыстырғанда конкурстық іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер саны 15%-ға өсті. Үміткерлерді іріктеуді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының ғалым-докторларынан тұратын Тәуелсіз комиссия жүргізеді.
Үкіметаралық келісімдердің операторы – Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық бағдарламалар орталығы.
Бұл ретте осыған дейін Қазақстанның Білім және ғылым министрі мен Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісінің қатысуымен өткен форумда тараптар білім беру саласындағы бірлескен ынтымақтастық мәселелерін талқылағанын айта кеткен жөн.