Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ обасынан біздің заманымызға дейінгі VI-V ғғ. жататын ерте темір дәуірінің құнды жәдігерлері табылды.
Осыдан бір ай бұрын Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мамандары Мұғалжар тауының қойнауындағы Жағабұлақ өзенінің бойынан қазба жұмыстары кезінде тастан жасалған құрбан шалатын орын мен алтынмен қапталған семсер тапқан еді. Ескі қорымның етегіндегі тағы бір обадан қола айналар, алтын тоға мен ілмектер шықты. Соған қарағанда Жағабұлақ бойындағы түйдектелген обалар тізбегінен табылған олжалар – түрлі дәуір адамдары тұтынған дүниелер. Алтынмен қапталған қанжардың ежелгі сармат тайпасындағы ықпалды адамның дүниесі екендігі анық. Соған қарағанда ежелгі Темір, Жем өзендерінің алқабы ежелгі адамдардың көш жолы болғаны даусыз. Жағабұлақ обалары алдыңғы жылы табылған сармат тайпасы көсемдерінің бірі жерленген Темір ауданы Тасқопа елді мекені жанындағы обадан қашық емес. Бүгінде әбден шөгіп кеткен кәрі Мұғалжар тауының төңірегі есте жоқ ескі заманда алтын кеніне бай, шөбі шүйгін, сулы да нулы жер болған. Қоныс таласы үшін қырқыстар да сол заманды айналып өтпеген.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бас директорының міндетін атқарушы Талғат Мамыров пен тарих ғылымдарының докторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғалиев Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуінде Жем бойынан табылған жәдігерлер туралы құнды деректер бөлісіп, экспедицияның жұмыстары туралы есеп берді. Кездесу барысында Ақтөбе облысындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында қолға алынған басқа да ғылыми-зерттеу жобалары талқыланды. Осы жоба бойынша өткен жылдың басында құрамына сәулетшілер, этнографтар мен археологтер, ежелгі құлпытастарды оқитын мамандар кірген экспедиция жасақталған еді. Топты тарихшы ғалым, профессор Серік Әжіғалиев басқарады. Зерттеушілер былтырдан бері Қарғалы ауданындағы қола дәуірі адамдарының қоныс мекендерін, Мұғалжар ауданындағы Төлеубұлақ үңгіріндегі ежелгі адамдардың қоныстарын тапты. Төлеубұлақ өзенінің бойындағы үңгірде жартасқа салынған суреттер – тас ғасырының ескерткіш петроглифтері таңбалануда. Түрлі жануарлар, өсімдіктер дүниесі кескінделген тас дәуірінің таңбаларын ғылыми айналымға енгізу жұмысы іске асырылуда. Осы жұмыстарға қоса, Исатай Тайманұлының жерленген орнын анықтау да тарихшы ғалымдардың мойнындағы жүк. Өйткені Гекке отрядымен соңғы шайқас Ақтөбе облысының бұрынғы Исатай, қазіргі Қобда ауданының аумағындағы шағын Ақбұлақ өзенінің бойында өткен еді.
Өңірдегі киелі орындарды зерттеумен айналысып жүрген экспедиция мүшелерімен кездесуде облыс әкімі Оңдасын Оразалин ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығын айтып, жергілікті атқарушы органдардың өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.
Ақтөбе облысы