Қызылордада тергеу изоляторына келген сәлемдеме арасынан телефон шықты, деп жазады Egemen.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЗК-169/1 мекемесінде сәлем-сауқаттарды қабылдау бөлмесіндегі бақылаушы қызметкерлер тағы да тыйым салынған затты тауып, тәркіледі. Мекеме қамауындағы сотты болған азаматқа сәлемдеме алып келген әйел «IRBIS» маркалы телефонды, оның қуаттағыш құрылғысын және Sim-картаны политэлин пакетке орап, палау мен салат ішіне жасырып өткізбек болған. Алайда, тағамға жасырылған «тосын сыйды» бақылаушы қызметкерлер бірден аңғарып, тәркілеп, ішке өтіп кетпеудің алдын алды.
Қамаудағы сотталған «Ұрлық» бабымен 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481 бабына сәйкес іс-құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданды.